Шетелдегі қазақтардың карантиндегі күнделігі

Жарияланды
Америка, Чехия, Түркиядағы отандастардың оқиғасын оқыңыз

Пандемияға байланысты жарияланған карантинді әркім әртүрлі өткізіп жатыр. Бірінің аяқталғанша тағаты таусылса, енді бірі мұндай «демалыстың» жағымды тұстары мол екенін айтады. Шетелдегі қазақтармен байланысып, карантиндегі күнделігі жайлы сұрастырдық. Сөйтсек олар шаян аулап, көбірек кітап оқумен уақыт өткізіп, ең бастысы ағайын-туыспен тығыз қарым-қатынас орнатып жатыр екен. Чехия, Түркия, Америкадағы қазақтардың тыныс-тіршілігімен Kursiv.kz тілшісі мессенджер арқылы танысты.   

«Жақындарыммен жиі сөйлесетін болдым»

Ruslan.jpg

Руслан Меделбектің Чехияда тұрып жатқанына — екі жыл. Жұмыс бабымен сонда ауысқан журналистің табан тіреген жері— Прага қаласы. Мұнда карантин наурыздың онынан кейін жарияланды. Содан бері халық үйде отыр.

«Мұнда да Қазақстандағыдай банкке, дәріханаға, дүкенге баруға рұқсат. Кафе сынды тамақтанатын жерлер ашық, бірақ ішіне кіруге болмайды, сырттан сатып алуға болады, не болмаса үйге тапсырыс береміз. Бірақ курьерлер пәтерге кірмейді. Алдымен қоңырау шалады, одан соң тапсырысты бірнеше метр жерде тұрып ала аласыз. Көшеге мүлдем жүруге болмайды дегендей аса шектеу жоқ. Жүгіруге рұқсат, басты талап  — екі метрдей қашықтық сақтау», дейді Руслан. 

Чехияда төтенше жағдай жарияланған күннен бастап көшеге маскасыз жүруге тыйым салынған. Медициналық не қолдан жасалғаны да бола береді. Тіпті фут-болкадан жасап алуға болады. Бастысы мұрын мен ауыз жабық тұруы керек. Маска болмаса, айыппұл салады. Таңертеңгі сағат тоғыз бен он арасында дүкенге тек 65 жастан жоғары қарт кісілер ғана кіре алады. Бұл жақта вирус жұқтырғандар саны күн сайын азайып келе жатыр. Осыған дейін күніне 8 мыңға жуық адамнан тест алып, оның ішінде 300-інен вирус табылатын. Қазір бір күнде 800 адам анализ тапсырса, 150 шақты адам вирус жұқтырған болып шығады. Сәуірдің 20-нан кейбір дүкендер ашылады. Ал үлкен сауда орталықтары, мейрамханалар 8 маусымда ашылады деп жоспарланып отыр. Әрине, егер оған дейін жағдай түзелсе. Ушыққан жағдайда карантин талаптарын қатаңдатады. Бір отбасының мүшесі болмаса, екі адамнан артық жиналауға болмайды. Бір айта кететіні, Чехия — жаппай маска тағуды алғаш міндеттеген ел. Мысалы басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы масканы тек ауырып жүргендер тақсын деген болатын. Бірақ жұрттың көбі вирус жұқтырғанын өзі де білмей, таратып жүрді. Сондықтан Чехия міндеттеген еді. 

Русланның айтуынша, карантиннің жағымды тұсы жетерлік. Үйде жалғыз тұратын ол бұрын ас пісіруге баса мән бермеген екен. Қазір уақыт жеткілікті болғасын әрі күні бойы үйде отыратындықтан тамақтың түр-түрін әзірлеуді үйреніпті. Картоп пен жұмыртқа қуырумен шектелетін ол қазір французша ет пісірудің шебері болып алған.

«Карантиннің пайдасына келсек, біріншіден, тамақ істеп үйрендім. Бұрын түскі асты жұмыстан ішетінмін, кешірек үйге келгенде жеңіл-желпі тамақ жей салатынмын. Ал қазір неше түрлі ас әзірлеп көріп жатырмын. Интернеттен видеосын қосып қоямын не құрбы қыздардың кеңесіне жүгінемін. Екіншіден, кітап оқуға мүмкіндік молайды. Карантиннің басталғанына екі айдай боп қалды. Осы уақыт ішінде көлемі үлкен екі-үш кітапты оқып бітірдім. Үшінші пайдасы, ағылшын тіліне бұрынғыдан жақсырақ көңіл бөле бастадым. Ең маңыздысы, жақындарыммен жиі тілдесіп жүрмін» дейді ол. 

1 наурызда Чехияда алғашқы адамнан вирус табылды. Мектептер де сол кезде дереу жабылған. Әйтсе де, қоғамдық көлік кедергісіз жүріп жатыр. Мұнда Еуропаның Испания, Италия, Германия, Аустрия сияқты елдерімен салыстырғанда вирус жұқтырғандар саны әлдеқайда аз. Қазіргі таңда 6500 адамнан табылса, оның 1180-і жазылып шықты, 176 адам қайтыс болды. Бұл — өте аз көрсеткіш. Сәуірдің соңына дейін жұқтырғандар саны 11 мыңдай болуы мүмкін деген болжам бар. Қазір елде «ақылды карантин» жүйесі енгізіліп жатыр. Алдағы уақытта бір адамнан вирус табылған жағдайда, оның смартфоны мен банк картасы арқылы қай жерде болғаны тексеріледі. Сөйтіп байланысқан адамдарынан анализ алып, қажет болса карантинге жатқызады. Шекара жабық. Бірақ шұғыл шығуы керек болып, үлкен себебі болса, 14 сәуірден бастап елден шығуға рұқсат берілген. Қайтып келген соң екі апта карантинде болады екен.  

«Маска сатып алмаймыз»

Markhabat.jpg

Мархабат Ілияс Түркияның астанасы — Анкарада тұрады. Бүгінде сол қаладағы Хажы Байрам Вели университетінде оқып жатыр. Түркияда коронавирус жұқтырған адам алғаш рет 14 наурызда белгілі болды. Сол күні Білім және ден-саулық министрі телеарна арқылы үш апта демалыс жарияланатынын айтқан. Карантин Қазақстанмен шамалас уақытта енгізілді. Десек те, бастапқыда үш апта демалыс деп айтқанға студенттердің дені мұның соңы айға созылып кетеді деп ойламаған екен.

«Вирусқа байланысты жағдай ушығып, үйде отырғанымызға бір айдан асып кетті. Түрік студенттері бірден үйіне қайтып кетті.  Біз болсақ, шетелдік студенттерге арналған жатақханадамыз. Бір бөлмеде бір адам ғана тұрады. Оқудың бәрі — қашықтан. Мектеп оқушыларының бәрі ТРТ арнасы арқылы сабақ оқиды. Кесте бекітілген. Егер бір сабақты өткізіп алса, қайталаудан қарай алады. Интернет қажет емес. Отыз минут теледидар алдында отырса жеткілікті» деп бастады әңгімесін Мархабат.  

Елде бүгінде вирус жұқтырғандар саны 95 мыңнан асты. Карантин жария-ланғалы 65 жастан асқандарға және жиырмаға толмағандарға көшеге шығуға тыйым салынған. Туристер қаптап келетін Стамбул, Анкара, Измир қалаларының көшелері қазір тым-тырыс деседі. Ел ішінде вирустың барына әлі де сенбейтіндер бар екен. Бастапқыда қарттарды үйде отырғызу қиын болыпты. Теңіз жағасында қыдыруды әбден әдетке айналдырғандарға оңай емес, әрине. Тексеріп, ескертіп жүрген әкімдік қызметкерлері мен полицияға «өлсек, барар жеріміз — қара топырақ, вирус болса қайтеміз енді» деп қарсы шығып, тіпті таяқтаған кездері де болған. Мұны жаңалықтардан көрсеткен еді.

«Қазір дүкендер мен дәріханалар ғана ашық. Жеткізу қызметі бар. Кейбір мемлекеттік меке-мелер жұмысын жалғастырып жатыр. Бұрын бір автобусқа 20 адамдай мінсе, қазір он шақты жолаушы ғана міне алады. Көшеде мүлдем жүруге болмайды демейді. Тек апта соңында, сенбі-жексенбіде жүруге тыйым салынған. Талапты бұзған болса, 200 мың теңгедей айыппұл төлетеді. Өйткені жергілікті халық бұл күндері серуендеп, табиғат аясында отырыс жасауға құмар. Маскасыз жүруге болмайды. Алдағы уақытта Түркия азаматтарына мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі деп естідік. Сонымен бірге осы үш ай ішінде ешкім жұмысынан айырылмайды деп бекітілді. Бұрынғыдай айлығын алып отырады. Жалақысы-ның жартысын — мемлекет, жартысын жұмыс беруші төлейді» дейді ол. 

Бір күннің ішінде 40 мыңға жуық адам анализ тапсырады екен. Күн өткен сайын сынама тапсыратындардың санын көбейтіп, жұқтырғандарды дереу анықтауды мақсат етіп отырған көрінеді. Айтпақшы, маска сатылмайды. Арнайы сайт ашылған. Сол жерге құжаттағы нөмірді көрсетіп, өтінім қалдыру керек. Әкімдік адамдары үйіңізге жеткізіп береді екен. 

Карантин кезінде Мархабат түрік режиссердің курсын оқып жатыр. Ол жерде киноға сценарий жазуды үйретеді екен. Өзінің айтуынша, айналасындағылардың құр жатпай, уақытты тиімді өткізіп жатқанын көріп, өзін қамшылапты. «Кешке видео арқылы сабақ оқимыз, тапсырма орындаймыз. Одан қалса, еліміздегі жағдайды білу үшін қазақстандық достарыммен күнделікті хабар алысып тұрамын» дейді. 

«1200 доллар жәрдемақы берді»

Temir Khan.jpg

Американың Флорида штатында тұратын Тимур Ханды Instagram желісінен таптық. Нью-Йоркте білім алған. Калифорния, Массачусетс штаттарында тұрып көрген. Қазір — Ки-Уэст аралында. Мұндағы жағажай мен ойын-сауық орталықтары жабық. Аралға ешкімнің кіріп-шығуына рұқсат жоқ. Тәртіп бұзғандарға айыппұл салынады. Бұл жақта бар-жоғы жетпіс шақты адам вирус жұқтырған.

«Тұрғындар тәртіпті барынша сақтауға тырысады. Бір-бірінен екі метрдей қашық жүреді. Маскасыз жүруге болмайды. Супермаркетте бір кіргенде елуге жуық адамға ғана рұқсат етеді. Бір айта кететіні, дүкен сөрелерінен дәретхана қағазын таппай қалуыңыз мүмкін. Санитайзер, С дәрумені де тапшы. Тіпті кей супермаркетке кіре қалсаңыз, жұмыртқа жоқ. Өйткені жұрт үрейленіп, әу баста үйіп-төгіп алған. Бірақ ахуал қазір ақырындап жақсарып келеді» дейді Тимур Хан.

Бір қызығы, оған күтпеген жерден 1200 доллар көлемінде мемлекеттен көмек аударылған. Ол туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазған еді. Сөйтсек, төтенше жағдайға байланысты Америка салық төлеуші азаматтарына жәрде-мақы тағайындаған екен.

«Маған мемлекеттен жәрдемақы түскенде қуандым. Біріншіден, аспаннан түскендей, ойламаған жерден алдым. Еш өтініш тол-тырмадым. Екіншіден, салық төлейтін, заңға бағынатын адам ретінде мемлекет мені бағалап отыр. Әрі Дональд Трамп төлемнің берілетіні туралы 15 сәуірде мәлімдеді. Ақша сол күні-ақ есепшотыма аударылды. Өз елімде жәрдемақы тағайындау, аудару жағынан мәселе туындап жатқанын естіп, біліп отырғам. Бұл жағынан АҚШ-та проблема болмады» дейді.

Өзінің айтуынша, бір танысына тіпті 3400 доллар түсіпті. Ол — Америка азаматы емес, бірақ салық төлеуші. Өзіне, әйеліне — 1200 доллардан, екі баласына 500 доллардан аударған екен.  

Тимур Хан карантинді жақсы өткізіп жатқанын айтады. Мұхит дәл үйінің жанында. Шаян аулайды, акулаларды қызықтайды. Әдеттегідей кептеліс те, топ-топ адам да жоқ екен. Дегенмен жаттығу залында, түнгі клубта уақыт өткізетін кездерді сағынғанын мойындайды. 

 
 

Сондай-ақ оқыңыз