Рамазан айында мешіттерде тарауық намазы оқылмайды

Жарияланды
Биыл қасиетті ораза айы 24 сәуірден басталады

Елдегі төтенше жағдайға және аурудың таралуының алдын алу мақсатында мешіттерде тарауық намазы оқылмайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарауых намазын үйде оқуды ұсынады. Орталық коммуникациялар қызметінде  өткен брифингте Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы карантин кезіндегі діни жоралғылардың мән-жайын түсіндіріп өтті.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айының басталатын күнін белгіледі. Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, мұсылмандар асыға күтетін Рамазан айы биыл елімізде 24 cәуір күні басталатын болды»,– деді Бас муфти.

Осы орайда  ҚМДБ төрағасы жұқпалы індеттің таралуына жол бермеу үшін мешіт, дәмхана, қоғамдық орын мен тағы басқа мекемелерде ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырды.

Бас мүфти шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау парыз екенін айта келе, кімдерге ораза ұстамауға рұқсат берілетінін түсіндіріп өтті. 

«Шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе және сенімді дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген шешім қабылдаса, сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат береді», – деді Наурызбай қажы.

Сонымен қатар ҚР АҚДМ дін істері жөніндегі комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов енгізілген шектеулер – мәжбүрлік және уақытша екеніне мән берді. 

«Карантин мен төтенше жағдай алыған соң, бәрі өз қалпына келеді. Сондықтан қайталап айта кеткім келеді, біз әр азаматтың ар-ожданы, діни  сеніміне үлкен құрметпен қараймыз. Бұл  – біздің басты ұстанымымыз. Бірақ қазіргі қалаптасқан жағдайда азаматтардың денсаулығы, амандыңы бірінші орында»,  – деді комитет төрағасы. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы карантин күндері әркім өз шаңырағында, отбасымене бірге ауыз ашуға, көпшілік орындарда (дәмхана, мейрамхана т.б.) жиналмауға үндейді. Сондай-ақ, мейрамханаларға тапсырыс беріп, ауызы берік адамдарға тамақ тарату, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру, ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру сынды қайырлы амалдарды жүзеге асыруға шақырады. 

 

 

Сондай-ақ оқыңыз