Полицияға тіл тигізген жігіт жауапкершілікке тартылды

Жарияланды
Оны 40 тәулікке қамауға алуы мүмкін

Қызылорда қаласында  полиция қызметкеріне тіл тигізген облыс тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты. 

Қазіргі уақытта, полицейлер төтенше жағдай режимі бойынша түсіндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. 
Арнайы режимде жүргізіліп жатқан бұл шаралардың мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Алайда, бүгінгі таңда карантин режимінің талаптарын сақтамай, тәртіпке бағынбайтын  тұрғындар азаяр емес. Мұндай тәртіп бұзушыларға қатысты әкімшілік істерді сот органдары онлайн-режимде қаралады. 

Қызылорда қалалық Полиция басқармасының ғимаратында соттың қаралуын күтіп отырған азаматтардың бірі қызметтік міндетін атқарып тұрған полиция қызметкерінің ескертуін елемей, балағаттаған. Полиция қызметкері 23 жастағы жас жігітті сабырлық сақтауын сұрағанымен, ол полицейдің талабын орындаудан бас тартып, билік өкілін өз қызметтерін атқару кезінде әдепсіз сөздермен тіл тигізген.

 Бүгінгі таңда, бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабының 2-бөлігімен (билік өкілін қорлау) сотқа дейінгі тергеп – тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе 160 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға немесе 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынады.  
 

Сондай-ақ оқыңыз