Павлодар облысында карантин режимі біршама жеңілдетілді

Жарияланды
Алайда коронавирус жұқтырғандар күн сайын көбейіп келеді

Павлодар облысында 13 сәуірде енгізілген карантин режимі жеңілдетілді. Мәселен, бүгіннен бастап саяжайға баруға рұқсат берілді. Ол үшін 8 автобус пен 3 трамвай жолға шығады. Қоғамдық көлікпен 7:00-10:00 аралығында саяжайға баруға, 16:00-19:00 аралығында қалаға қайтуға болады. Бірақ, жолаушының міндетті түрде бау-бақша кітапшасы болуы тиіс. Әйтпегенде, әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Саяжайға жеке көліктерімен баратындарда да тиісті анықтамалар болуы міндетті. 

Сонымен қатар,  28 сәуірден бастап екінші деңгейлі банктер, «Қазпошта»  бөлімшелері, тіс емханалары, көлікке техникалық қызмет көрсету, дөңгелек жөндеу орталықтары, автосалондар, тағы бірқатар қызмет көрсету мекемелері мен кәсіпорындар жұмыстарын жандандырды. Олардың барлығы 9:00-ден 16:00-ге дейін ғана жұмыс істейді. 
Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкеновтің айтуынша, карантин режимі жақын уақытта тағы жеңілдетіледі. Балабақша, балаларды оңалту орталықтары, сұлулық салондарының есігі ашылуы мүмкін. 

«Павлодар қаласы әлі де коронавирустың шарықтау шегінен өткен жоқ. Күн сайын вирус жұқтырған жағдайлар саны 3-4 оқиғаға көбейіп келеді. Егер алдағы уақытта сырқат өршіп, науқастар қатары күрт артса, тыйым, шектеу шараларын қайта қолға алуға тура келеді», – деді Қайрат Нүкенов. 

Айта кетелік, соңғы деректер бойынша Павлодар облысында 116 адам вирус жұқтырған. Олардың үшеуі емделіп, біреуі қайтыс болды. 
 

Сондай-ақ оқыңыз