Оқшауланған онлайн-ораза

Жарияланды
Теңге құлдырап, елде төтенше жағдай жарияланғанда кәсіпкерлердің жай-күйі қалай боп жатыр?

 Жұмада мұсылмандардың қасиетті айы — Рамазан басталды. Биылғы ораза бұрынғылардан өзгерек. Өйткені мұсылман елдерінің барлығында дерлік карантин енгізілген. Онлайн ораза қалай болады? Ауызашардан табыс тауып үйренген кәсіпкерлер қазір қандай амал қолданып жатыр? Қиын күннің өзінде бизнес берекелі жүріп жатыр ма? Бүгінгі тақырып — осы. 

Кәсіпкерлер қандай күй кешіп жатыр?

Рамазанды кәсіпкерлер де асыға күтеді. Өйткені ауыз бекітетіндер үйіне азық-түліктің түр-түрін толтырып әкеліп қояды. Одан қала берді, үйіне ауызашарға шақыру үрдісі де кең тараған. Тіпті өзі ораза ұстамаса да, сауабын алып қалайын деп бір топ адамды жинап, ауызашар жасайтын. Биыл енді топ болып жиналуға рұқсат жоқ. Үлкен базарлардың да бірен-сараны болмаса, басым бөлігі жабық. Табысы азайғандардың дүкен сөрелерін босатып, аста-төк дастархан жаюы да екіталай. Бұл жолғы рамазан оразаның тамақтан тыйылу ғана емес, ауызашарға небір ас әзірлеу емес екенін ұғындыратындай. Жай күні жұмыс деп ораза ұстамайтын мұсылман қауым биыл үйде. Демек шынайы құлшылықтың нағыз кезі бұл. 

Осы ретте онлайн ораза қалай өтіп жатқанын білуге тырыстық. Ауызашар кезінде ине шаншыр орын болмайтын кафелерді сұраныс қандай? Тығырықтан шығу үшін не істеп жатыр? Елордадағы Dami халал кафесі ауызашарға тапсырыс қабылдайды екен. Коронавируспен күреске де қауқары жетіп жатса керек. Өйткені төтенше жағдайға арналған жоспарларын сәтті жүзеге асырып жатыр.

«Карантин жарияланғалы үйге дейін жеткізу және кафеден алып кету қызметін ұсынып жатырмыз. Аспаздарымызды баспанамен қамтамасыз еттік. Отбасылы адамдарға бөлек, басы бос жігіт-қыздар бөлек тұрады. Жалпы саны жеті пәтеріміз бар. Мұның бір жақсы тұсы — қызметкерлеріміз өзге адамдармен байланыспайды. Әрі таңертең және кешке арнайы қызметтік көлік үйге дейін жеткізіп тастайды. Тамақты үйге жеткізу қызметінің бірнеше түрі бар. Бірінші кезекте, өзіміздің қызмет. Бұрын жеті көлік болса, ораза басталғалы он көлік бөлдік. Call-орталық арқылы 4 желі бойынша тапсырыс қабылданады. Сол жағалауға жеткізу тегін, оң жағалауға — 500 теңге. Тапсырыс түскеннен бастап жарты сағат ішінде ас әзірленеді, жарты сағатта жеткізіледі. Пандемияға дейін бір жыл бұрын осы жеткізу қызметіне көңіл бөле бастағанбыз. Тапсырыстың көбі Glovo арқылы түседі. Одан кейін — Wolt, Chocofood және Яндекс.Еда. Рамазанға байланысты түске дейін берілген әр тапсырысқа Зәм-Зәм су мен құрма салынады. Әдетте ораза кезінде ауызашарға бір ай бұрын брондалып, 70 пайызға орын толып қалатын. Ал осы жолы үйге жеткізу қызметі ғана бары белгілі. Бірінші күннен бастап сұраныс жақсы болды. Тек бастапқыда көпшілік алдын-ала тапсырыс бермей, сағат кешкі алтыдан асқанда жанығып, ауызашар сұратып жатты. Аспаздар пісіріп үлгергенімен, жеткізушілердің маршрутын сызатынымызды ескеру керек. Бір курьер үш тапсырыс алып кете алады. Сол себепті дер кезінде жеткізу үшін барынша дұрыс ұйымдастыруға тырысып отырмыз», – дейді дәмхана директоры Дастан Қилыбасов.  

Теңге құлдырағаны бірінші кезекте бизнеске әсер етеді. Жығылғанға жұдырық секілді бұл да кәсіпкерлерге сынақ сәті болып отыр. Dami басшылығы бағаны өзгеріссіз ұстап тұру үшін отандық өнімдерді көбірек қолданатын болыпты. Жеке кәсіпкерлік болған соң, шығыстан кіріс көп болуы шарт. Егер шығын көбейсе, жұмыс жүрмейді. Доллар өскеннен кейін шетелден келетін азық-түлік 20-30 пайызға қымбаттады. Содан командамен ақылдаса келе, сапасы жағынан кем түспейтін отандық баламасын табуға тырысқан. Онсыз да қазір дағдарыс болғандықтан баға көтермеген. Әрі қонақтары да менюдегі бағаларға әбден үйренген екен.

Карантин кезінде кафелер қонақ қабылдамайтындықтан, шығынға ұшырауы мүмкін. Өйткені бос ғимаратты жалға алып отырғандарға оңай тимейді. Оған қоса, қызметкерлердің жалақысын төлеу тағы бар.

«Бізде 250 шаршы метр аумақ бар. Карантин болса да, жеткізу қызметінің өзімен күнделікті сатылымға қол жеткізіп отырмыз. Енді ораза кезінде алдағы апталарда демалыс күнгі сатылымға жетеміз деп ойлаймыз. Ал арендаға келер болсақ, бұл — біздің жеке ғимаратымыз, жалға алып отырған жоқпыз. Қандай кәсіпті бастасақ та, бірінші ғимаратты сатып аламыз. Мұндай амал әсіресе осындай форс-мажор жағдайда жақсы. Қазір жұмыс істеп жатқан қызметкердің бәріне толықтай жалақы төленіп жатыр. Карантин басталғанда персоналдың 60 пайызын қайтардық. Олар үкімет тарапынан жәрдемақы алды. Мұндай төтенше жағдайда маркетологтар жақсы жұмыс істеуі керек. Өйткені сатылымның басым бөлігі әлеуметтік желілер арқылы келеді. Бізде Іnstagram парақшадан түсіп отырады. Сондықтан маркетингке мән беру керек»,- дейді кәсіпкер. 

Төтенше жағдай жарияланғалы жеткізу қызметі бір жолға түскендей болды. Енді ораза кезінд ауызашар мәзірлері жасалып, сатылып жатыр. Дәмханалардан бөлек супермаркет сөрелерінде де бар. Мысалы Magnum желілерінде 1000, 1500, 2500 теңге тұратын ифтар-меню бар. «Рамазан айында ауызашар мәзірі күнделікті әзірленіп тұрады. Жағдайы төмен отбасыларға ауыз аштыруға болады. Ол ифтарды ҚМДБ жанынан құрылған «Уасиля» қайырымдылық қорының еріктілері таратып отырады. Сонымен бірге өзіңізге де сатып ала аласыз» делінген «Магнумның» әлеуметтік желідегі парақшасында.  

Карантиннің бизнеске әсері қандай?

Былтыр осы уақытта шағын және орта бизнес 2,2 триллион теңгеге тауар мен қызмет ұсынған. Биылғы ахуал жайлы Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Шыңғыс Ахметов былай дейді: «Салыстыру үшін статистикалық мәлімет керек. Қандай деңгейде екенімізді екінші тоқсан аяқталған соң білеміз. Мысалы былтыр сәуір-маусымда ай сайын 2,2-2,3 триллион теңгеге өнім шығарылатын. Биыл енді сәуірде ең ірі екі қалада бизнес субъектілерінің басым бөлігі жабық болды. Бұл екі қаланың үлесі- шамамен 30 пайыз болса, өткен кезеңмен салыстырғанда табыс осынша қысқаруы мүмкін. Қазір кәсіптің тоқтап тұруы карантинге байланысты. Бәрі біткен соң қалыпқа келеді деп үміттенеміз. Қажет болса, үкімет нақты қолдау шараларын әзірлейді». Министрлік өкілі банкротқа ұшырау қаупі болмайды деседі. Карантин мерзімі 11 мамырға дейін созылды. Оған дейін кей кәсіпорын жұмысын жалғастырады. Біртіндеп карантин шаралары алына бастайды.

ҚМДБ ауызашар жасай ма?

Әдетте рамазан басталғаннан әр мешіттің жанынан дастархан жайылып, аулада ауызашар ұйымдастырылатын. Ондай дәстүр жағдайға орай жаңаланып, рамазан бокстар үйді-үйге таратылып жатыр екен.

«Төтенше жағдайға байланысты онлайн ауызашарлар ұйымдастырылып жатыр. Яғни ниет білдірген демеушілердің қаражатына ауыз бекіткен, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылар үшін қорапшалар таратуды қолға алдық. «Рамазан шуағы» деген бокстарда бірінші, екінші тамақ, нан, су, құрма, тәттілер салынған. Таратумен Әзірет Сұлтан мешіті жанынан құрылған «Шарапат» еріктілер орталығы айналысады. Рамазанның бірінші күнінен бастап 250 адамға берілді. Мешітке тіркеліп, жағдайын айтқан мұқтаж кісілер бар. Бір адамға болсын ауыз аштырамын деп ниеттенетіндер де жоқ емес. Карантин аяқталғаннан кейін де мұндай іс-шаралар жалғасады деп сенеміз. Азық-түлікпен қамтамасыз ететін қайырымдылық істері де «Рамазан шуағы» аясында іс асады. Осындай игілікті іске қосыламын деушілер болса, ауызашар бере алады»,- дейді Әзірет Сұлтан мешітінің наиб-имамы Естай Әбдіғали.   

Мұндай іс-шаралар тек бас қала мешіттерінде емес, елімізің өзге өңірлерінде де қолға алынған. Тараздағы «Һибатулла Тарази» мешіті де ауызашар ретінде ыстық тамақ, салат, сусындар, жеміс пен тәттілер таратты. Мешіт қызметкерлері мұқтаж 50 отбасының үйіне ауызашарға арналған дастарханын ала барып, тұрғындарды қуантқан. 

Ислам мемлекеттерінде ахуал қалай?

Сирия, Египет, Дубайда шектеулер ақырындап алынған. Далада әдеттегіден ұзағырақ жүруге рұқсат етіліп, қосымша дүкендер ашылып жатыр. Пәкістанда кей мешіттер билік тыйым салғанына қарамастан ашық екен. «Дәл қазіргі кезде тыныштық тілеп, Жаратқанға жамағатпен дұға жасау керек» дейді олар. Көше тәртібі әскерилер мен полиция қызметкерлері бақылауында. Куала-Лумпурдың Ұлттық мешітінде әлеуметтік дистанция сақтау нормалары бұзылмайды деседі. Әйтсе де, көпшілік үйде отыруды жөн көреді. Босния және Герцеговинаның бас муфтиі жұма намазын санаулы адаммен атқарып жүр. Кенияда да мұсылмандар бар. Бірақ ол жақта қазір мешіттер жабық. Тайланд билігі болса, рамазаннан екі апта бұрын пандемия кезіндегі талаптардың сақталуы керегін қатаң ескерткен. Яғни қол алысу, бет сүйісу, құшақтасу сынды әрекеттер жасамай, алыстан қол бұлғауға шақырған. Шама келсе, құлшылық үшін мешітке бармаған жөн екенін де айтыпты. Палестиналықтарға келсек, Газа секторы мен Иордан өзенінің батыс жағалауындағылар халі онсыз да мүшкіл еді. Пандемия тіптен нашарлатты. Өйткені олардың көбі карантиннің кесірінен нан тауып жүрген Израильден кетуге мәжбүр болды. Міне, өзге мұсылман мемлекеттердің жағдайы осындай.    

Пандемия биылғы қажылыққа қалай әсер етеді?

Исламдағы бес парыздың соңғысы — Меккеге қажылыққа бару. Денсаулығы жарайтын, қаржылық жағдайы жетіп тұрған мұсылманға барған дұрыс. Биыл үлкен қажылық төтенше жағдайға байланысты болмайтынын Әзірет Сұлтан мешітінің наиб-имамы Естай Әбдіғали сөз арасында атап өткен еді. Сауд Арабиясы 27 ақпаннан бастап шекараны жапқан. Қасиетті Қағбаның дәл бұлай қаңырағанын көру мұсылман қауымға әсте оңай емес.

Сондай-ақ оқыңыз