Қоғамдық қорлар 200 отбасына ақшалай көмектеседі

Жарияланды
25 000 теңгеден қаржылай көмек көрсетеді

ASSYLTAS қоғамдық қоры еліміздегі жарияланған төтенше жағдайға байланысты қиындыққа тап болған 200 отбасыны іріктеп алып, 25 000 теңгеден қаржылай көмек үлестірмек. Олар көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналар және әкелер.

3 күн бұрын қордың бастамасымен қайырымдылық акциясы басталып, халықтың көмегі арқылы 1 236 768 теңге жиналған. Қаржы жинауға 351 адам жәрдемдескен. Бастапқыда уәде етілгендей,  қоғамдық қор жиналған қаржыны екі еселеп, тағы 100 отбасыға көмек қолын созатын болды.

«Үш күн бұрын біз бұл акцияны бастаған кезде қанша ақша жиналса, үстіне сонша қаржы бөлетінімізді айтқанбыз. Халықтың ықыласы кең екен, қайырымды жандардың арқасында біз енді міне 100 отбасыға көмектесе аламыз, өтініштердің көптігіне байланысты қор құрылтайшысы Дулат Тастекеевпен кеңесе келе, біздің қор тағы 100 отбасыға қаржылай көмектеспек. Яғни, 200 отбасыға 25 000 теңгеден үлестіреміз»,- деді  қор жетекшісі Рауан Оқас.

Көмек алу үшін қоғамдық қордың электронды поштасына 1000-нан астам хат келіп түскен. Қор қызметкерлері алдағы 3 күнде өтініштерді қарастырып, мұқтаж 200 адамның тізімін жасайды. 

 

Сондай-ақ оқыңыз