Қазақ ғалымдары коронавирусқа қатысты не ойлайды?

Жарияланды
Олар видео-конференцияда болжам, ұсыныс, пікірлерін жария етті

29 сәуір күні денсаулық сақтау министрлігінің ұйымдастыруымен қазақстандық ғалымдардың министр Елжан Біртановпен кездесуі өтті. Кездесуде эпидемиология, қоғамдық денсаулық сақтау мәселелері сөз болып, ғалымдар өз болжамдарымен бөлісті. Ұсыныстарын жолдады. 

Кездесу модераторы, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің проректоры Бауыржан Жүсіпов 28 наурызда жасалған Қазақстанда коронавирустік инфекцияның таралуының эпидемиологиялық моделін ұсынды. Қазіргі таңда біз жасаған эпидемияның таралу сценарийінің реалды статистикадан қатты алшақ кетпегенін байқап отырмыз дейді. 

tables3.JPG

Әлім Айқымбаев, Қазақстан профилактикалық медицина академиясының академигі: 

«Қазіргі таңда ұлттық әрекет етудің үш негізгі типі бар: пассивті, кешіккен және алға шығып кеткен. Пассивті дегеніміз мүлде әрекет етпейтін, яғни мән бермейтіндер. Оларға Үндістан және Латын Америкасы елдерін жатқызамыз. Кешіккендер – Таяу Шығыс, Еуропа және Солтүстік Америка. Өзіміз білетіндей Италия мен Испания қатаң шараларды кеш қолға алып, індеттің ошағына айналып кетті. Алға шығып кеткендер ретінде Солтүстік Корея мен Сингапурді атай аламыз. Ресей мен Қазақстанды да осы соңғы топқа жатқызуға әбден болады. Коронавирус маусымдық ауруға айналуы мүмкін деген қауіп һәм болжам бар. Белгілі бір уақыт өткен соң ол жабайы жануарлар, жарғанат арқылы қоғамға қайта тарауы ықтимал. 

Осыншама ауруға қызмет көрсететін еліміздегі дәрігер инфекционистер саны жеткілікті емес. Сондықтан медицинаның дәл осы саласының талаптарын жетік білмейтін дәрігерлер көмекке келді. Дәрігерлердің жаппай ауру жұқтыруына да осы жағдай себеп болды. Екінші себеп – зорығу. Олар күн-түнге қарамастан еңбек етті. Ондай кезде адамда өз-өзін бақылау қатты әлсірейді. Сосын індет вирусқа былғанған костюмдерді шешкен кезде тарайды. Сол себепті, скафандрды шешудің де ережесін білу керек. Ондай ереже бар. 

Қуаныш Ерғалиев, қоғамдық денсаулық сақтау саласының докторы, Сүлеймен Демирел университетінің ректоры: 

«Біріншісі – эпидемиологиялық аспект. Халықаралық сарапшылар ауруларды және олардың араласқан ортасын анықтайтын жүйе болуы керек дейді. Мәселен, Қытай өз адамдарын телефон, интернет, смартфон, жалпы алғанда жаңа технология арқылы барлап, бақылады. Соның арқасында індеттің бетін қайтарып, табысқа жетті. Әрине, бұл жерде жеке бостандық пен құқық туралы да сөз болады. Бірақ жақында Назарбаев университетінің ғалымдары төрт сценарий ұсынды. Соның ең тиімдісі ретінде – смартфондағы қосымша арқылы мониторинг жүргізу жүйесі айтылды. Сондай-ақ ол жүйе мәліметтерді бір базаға жинақтап, эпидемияның таралу сценарийінің түрлі моделі мен болжамын жасауға мүмкіндік береді. Бізде әр облыс эпидемия таралуының әртүрлі деңгейінде. Алматы мен Нұр-Сұлтан шарықтау шегіне таяп қалса, бір өңірлерде әлі аз, тағы бір өңірлерде көбейіп келеді. Сондықтан карантин режимін бүкіл ел бойынша жеңілдету тиімді әсерін бермей, вирустың екінші толқынына жол ашып беруі мүмкін. 

    Екіншісі – медициналық аспект. Бұған денсаулық сақтау саласының ресурстік жүйесі – тестілеу өткізу процесі, науқастарды емдеу және медицина мамандарының жайы кіреді. 

    Үшіншісі – экономикалық аспект: халық жұмыс істемейді; бизнес тоқтап тұр; бизнестің тезірек қалпына келуіне белгілі бір деңгейде қысым бар. Бұл әрине, төтенше жағдайға байланысты. Қазір бұған қатысты үкімет тиісті шешімдер қабылдауда. Менің айтпағым – жұмыс орындарындағы қауіпсіздік. Ертең бәрі жаппай жұмысқа шығады. Сол кезде басшылар қандай шаралар атқару керек екенін түсінуі әрі соны іске асыруы тиіс. Гарвард профессорының рекомендациясына сүйенсек, олар 5 түсінікті стратегияны ұсынады: 
Бірінші стратегия – үйден жұмыс істеу керек; 

Екіншісі – жұмысқа тек маңызды персоналды шақыру; 

Үшіншісі – инженерлік бақылау; Бұл жерде әңгіме ауаны таза ұстауға қатысты болып отыр. 

Төртіншісі – әкімшілік бақылау; Бұл жерде әңгіме қызметкерлер жұмысын үйлестіру және кеңсе жұмыстарын тиімді бөлістіру туралы болып отыр. 

Бесіншісі – қажетті медициналық құралдарды пайдалану. Яғни, бетперде, қолғап, қан қысымын өлшеу құралдарының көмегіне жүгіну. 

Төртінші аспект – қоғаммен байланыс мәселесі. Пандемия мен дағдарыс жаңа реалияны құрды. Жаңа әлеуметтік талаптарды алдыңғы қатарға шығарды. Өзіміз бен жақындарымызды қорғау үшін біз осы кезеңдерді бастан кешіруге тиіспіз. Бұл талаптар өмір салтымыз бен көзқарастарымызды өзгертеді. Біз өмір сүру заңдылықтарымызды қайта қарай бастаймыз. Осы орайда денсаулық сақтау министрлігі адамдар арасындағы жаңа әлеуметтік және қауіпсіздік талаптарын жасақтауға белсенді атсалысуы тиіс деп санаймын». 

Кәмшат Түсіпова, Лунд университеті (Швеция) су ресурстарының инженериясы департаментінің зерттеушісі:  

«Швецияда коронавирус алғаш рет 31 қаңтарда тіркелді. Ал жаппай жұқтыру ақпанның соңында басталды. Коронавирустан көз жұму көрсеткіші наурыз айының соңында күшейіп, сәуір айының ортасында қайтадан басылды. Тағы бір айта кетерлігі – наурыз айының ортасына дейін ауру белгісі бар барлық адамдар тест тапсырса, наурыздың ортасынан әрі қарай тек ауыр клиникалық белгілер байқалған адамдар ғана Covid-19-ға тест тапсыра бастады. Яғни, медициналық қызметкерлер мен егде адамдар. Қайтыс болғандардың 90 пайыздан астамы 65 жастан асқан адамдар. 

Мұндай кезде мемлекет белгілі бір ұстанымдар аясында жұмыс істейді. Швециядағы басты ұстанымдар қандай?

•    Адам өз денсаулығы үшін өзі жауап береді; 
•    Халықтың билікке деген сенімі өте жоғары; 
•    Адам құқығы сақталады;
•    Мәліметтер құпиялығы сақталады. 

Швеция қандай шешімдер қабылдады?

Мемлекет наурыздың ортасынан бастап нақтылы шешімдер шығарды. 

1.    Өз-өзін оқшаулау; 
2.    Барлық жерде әлеуметтік алшақтандыру (дүкен, асхана, мейрамхан, т.б.); 
3.    Адамдардың жиналуын шектеу (әуелі 500-ден, сосын 50-ден асырмау); 
4.    ЖОО мен колледжерді қашықтан оқыту режиміне көшіру; 
5.    Қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіру; 
6.    Шетелге шығуды шектеу; 
7.    Қалалар арасындағы сапарды шектеу; 

Ал бетперде тағу, жаппай тестілеу жасау және күшті карантин режимін құру әрекеттері жасалған жоқ.  

Дайнюс Павалькис, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

«Мен жиылғандарды үш нәрсеге назар аударуға шақырамын. Бірінші – білім бағдарламасы. Эпидемиология, қоғамдық денсаулық сақтау және гигиена мамандығы бойынша магистратурада көп орын бөлу керек. Екінші – ғылыми зерттеу. Дәл қазіргі жағдайда қазақстандық ғалымдар параллельді зерттеу серияларын іске асыруы керек. Үшінші – резидентура мен интернатурадағы студенттерді клиникалардағы практикаға тарту. Біз оларды қысқа уақыт қашықтан оқыта алатын шығармыз, алайда 1-2 жыл дәл бұлай оқыту мүмкін емес қой». 

Алмаз Шарман, Америкалық денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі, профессор:

«Сарапшылар күзде вирустың екінші толқыны келеді, соған мұқият дайындалу керек деп жатыр. Осы орайда мен «қоғамдық денсаулықты сақтаудың инвестициясы» деп атаған жобамен жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Эпидемия кезінде біз бәріміз белгілі бір тәуекелдерге тап болдық. Бірақ ол тәуекелдердің қауіптілігі әр адам үшін әртүрлі. Осы ретте бес негізгі шараны ұсынамын. 

1.    Вирусқа шалдыққан немесе сиптомдары байқалған адамдарды жылдам ауруханаға жатқызу немесе оқшаулау керек;

2.    Тест нәтижесі теріс болып шыққан, бірақ ауру белгілері бар адамдарға арнап шаралар қабылдау қажет. 

3.    Вирусқа шалдыққан адаммен байланыста болғандарды тез арада анықтап, оқшаулау. Ал бұл өте қиын: әрбір ауырған адаммен араласқан ортаны анықтау үшін 100 адам – 100 сағат керек болады. Оқшаулау үшін медицина мекемесі, лазарет, қонақүй, көрме кешендері пайдаланылады. 

4.    Ауырған адаммен араласпаған адамдар тобын вирус қаупінен аман сақтау. Бұл әсіресе, егде адамдарға, созылмалы ауруы барлар үшін аса маңызды. 

5.    Бұрын ауырып, кейін жазылып шыққандарды білу керек. Оларда коронавирусқа қарсы иммунитет бар болуы мүмкін. Олар жұмысқа оралып, тіпті науқастарға да көмектеседі. Олардың көмегі вирус дағдарысынан шығуға, экономиканы қалпына келтіруге пайдалы әсер етеді». 
 

Елжан Біртанов, ҚР денсаулық сақтау министрі: 

«Қазақстанда коронавирус жоқ, бұл – фейк, бұл – министрліктің пресс-релизі деген сияқты пікірлер болды. Бірнеше ай бұрын біз ЖОО-ларға хабар беріп, вирус Қазақстанға қашан келуі мүмкін, біз қандай әдіс-тәсілдер қолдануымыз керек деген сұрау жібердік. Барлық университеттер өз моделдерін ұсынды. Біз оны талқыға салдық. 

    Коронавируспен күрес кезінде көптеген елдердің әдістерін зерделедік. Сөйтіп, өзіміздің де талаптарымызды күшейттік. Әрине, өзгеріп жатқан жағдайға байланысты қателіктерді де мойындау керек. Біз мамыр айының соңына дейін вирус жұқтырғандар саны 3000-нан асады деген едік. Ал статистика көрсетіп отырғандай қазірдің өзінде 3000-нан асып жығылды. Мұнда тұрған ештеңе жоқ. Бұл біз бұрын-соңды кездеспеген қиындық болғандықтан қателік болмай тұрмайды. Ең бастысы еңсемізді түсірмей, алға жылжу керек». 
 

Сондай-ақ оқыңыз