Skip to main content

«Болашақ» мемлекеттік стипендиясының жаңа талаптары жарияланды

7 талап

Фото: Shutterstock.com

«Болашақ» мемлекеттік стипендиясының жаңа талаптары жарияланды. Бұл туралы ҚР БҒМ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ хабарлайды. 

 

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ бағдарламаның іске асырылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау қағидаларына едәуір өзгерістер әзірледі. ҚР Білім және ғылым министрлігінің нормативтік-құқықтық актілеріне бірқатар өзгерістер енгізілді. Олар ең алдымен ашықтықты арттыруға, барлық үміткерлер үшін тең мүмкіндіктер жасауға, іріктеудің объективтілігін күшейтуге, сондай-ақ бюрократиялық кедергілер мен бұрынғы мәселелерді шешуге бағытталған:

         1.Басым мамандықтардың жаңа тізбесі. 


Стипендия алуға болатын басым мамандықтар тізбесі еңбек нарығы қажеттіліктерінің орта мерзімді болжамын ескере отырып қалыптастырылады. Оны жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары мен талдау негізінде жасайтын болады. Бұл Қазақстан Республикасының кәсіпорындары мен ұйымдарына қажет жоғары білікті кадрларды даярлауға көмектеседі.

 

        2. Халықаралық стипендияға үміткерлерге арналған квоталық санаттар қысқартылды.


Стипендияға үміткерлердің барлығына мүмкіндік бірдей.  Үміткерлердің барлық жеңілдік квота санаттары алынып тасталады. Барлық үміткерлер шетелдік жоғары оқу орындарына өзбетінше түсулері тиіс.
Сондай-ақ, жаңа Қағидаларда ауылдық жерден шыққан үміткерлерді қоспағанда, бұрын ұсынылған алдын ала тілдік дайындық курстары алып тасталды.

       3. Халықаралық стипендияға үміткерлерге қойылатын мемлекеттік және шет тілдерін білу талаптарын арттыру.

 
Жаңа Қағидалар бойынша іріктеу турлары шеңберінде тілдерді білу деңгейін тексеру алып тасталған. Үміткерлер өзбетінше тест тапсырулары және құжаттарды тапсыру кезінде мемлекеттік (KazTEST В1) және шет тілінен (кемінде IELTS 6.5) сертификат ұсынулары тиіс. 

         4. Халықаралық стипендия тағайындауға арналған барлық үміткерлер үшін конкурстық іріктеу турларының санын қысқарту. 


Конкурстық іріктеу кезіндегі 6 турдың орнына барлығы 3 тур болады. Уәждемелік және ұсыныс хаттарын бағалау, сондай-ақ мемлекеттік және шет тілдерін білу деңгейін анықтау бойынша іріктеу турлары қысқарады. Іріктеу турларында зияткерлік және эмоционалдық IQ деңгейін анықтауға арналған кешенді тестілеу, Тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен жеке әңгімелесу және Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның үміткерлерді қарастыруы қамтылады. 

         5. Тәуелсіз сараптамалық комиссияның жұмысы.

 
Тәуелсіз сараптамалық комиссияның (ТСК) құрамына қойылатын талап күшейтіледі, енді комиссия құрамындағы 3 адамның орнына кемінде 5 адам шешім қабылдайды. Үміткерлерді іріктеудің бүкіл процесі және барлық комиссия отырыстары онлайн таратылады. Өз жұмысының барысында комиссияның қоя алатын барлық сұрақтары, оның ішінде қосымша сұрақтары да нақты регламенттеледі.

          6. Құжаттарды қабылдау мен конкурстық іріктеу рәсімін автоматтандыру.

  
Электрондық үкіметтің веб-порталында үміткердің жеке кабинеті арқылы үміткерлердің құжаттарын қабылдау процесі толықтай автоматтандырылды. Қазіргі таңда адами фактордың қатысуын азайту мақсатында конкурстық іріктеу кезеңдерінің автоматтандырылуын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, бүкіл іріктеу процесі Президенттік кадрлық резервке іріктеу үлгісі бойынша цифрлық платформаны пайдалану арқылы жүргізіледі.
Орталық сонымен бірге қадамдық нұсқаулықтар әзірлейді және регламенттеуші құжаттарға сәйкес конкурстық іріктеуге қатысатын қызметкерлердің жауапкершілігін күшейтеді.

            7. Әкімдеушіні сапалы қайта жүктеу.

 
2019 жылғы қыркүйектен бастап бағдарлама әкімшісінің жұмысында өзгерістер болып жатыр: Орталықтың Директорлар кеңесі 4 тәуелсіз директорды қосу арқылы күшейтілді, бейіндік бөлімшелерге кәсіби кадрлар қабылданды, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасының түлектері бар, шетелдегі өкілдіктер саны қысқартылды. Баспасөз хатшысы және әдеп жөніндегі уәкіл лауазымдары енгізілді, 2 кеңесші мен Орталықтың 1 вице-президенті лауазымдары қысқартылды, сондай-ақ Орталықтың штаты қысқарды.


Комплаенс-офицер лауазымы енгізілді, жұмысының мақсаты – мүдделер шиеленісін реттеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын бұзуға байланысты ықтимал тәуекелдердің, оның ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Конкурстың барлық кезеңдерінің барынша ашық өтуіне қол жеткізу және объективті шешім қабылдау мақсатында бос лауазым орындарына жаңа қызметкерлерді қабылдауды цифрландыру бойынша жұмыс жүргізілуде.


«Біз енгізіп жатқан өзгерістер, ең алдымен «Болашақ» стипендиясын тағайындаудың ашықтығын арттыруға бағытталған. Біз осы күнге дейін болған барлық ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жойдық. Біз, еліміздегі тек үздіктердің үздігі ғана халықаралық президенттік стипендия бойынша білім алса екен дейміз, - деп хабарлады «Халықаралық бағдарламалар орталығы» -деді АҚ президенті Айнұр Кәрібозова.


Жаңа Қағидалар ҚР Үкіметінің Қаулысымен бекітілгеннен кейін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ www.bolashak.gov.kz ресми сайтында  жарияланады. 


«Болашақ» халықаралық стипендиясы Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 5 қарашадағы №1394 қаулысымен бекітілді.
 

banner_wsj.gif

Жаз және шұбырған археолог жас

Сала маманы Айдын Жүнісхановтан ата-аналарға қызық ұсыныс

Фото: kursiv.kz

Ата-аналар ересек баласын еңбекке баулуға тырысады. Материалдық көмек болсын дегеннен бұрын ақша табудың жолын үйрене берсін деп түрлі жұмысқа тарта бастайды. Әу баста жазғы демалысты қалай өткізуге болатыны жайлы іздене бастағанбыз. Кейін материалды әзірлеу барысында мынадай қызыққа тап болдық. Жазғы демалысты ата-әже жанында не қосымша жұмыс істеп қана емес, болашақ мамандыққа деген махаббатты оятып өткеруге де болады екен. Бала көңілі қалаған бағытқа байланысты курс оқыса құба-құп. Болмаса, сол саланың майын ішкен маманмен бірге жүріп, тәлім алса болады. Мәселен тарихи орынға толы Қазақстан жас археологтарға мұқтаж. Бұған дейін студенттермен жұмыс істеген археолог, Назарбаев университетінің қызметкері Айдын Жүнісханов оқушыларды мектеп жасынан-ақ қазба жұмыстарына қызықтыруға болады дейді.

779d06d5-530d-4f2e-81dd-1e717179e052.jpg

«2006 жылы Берел қорымында практикада болдым. Ол кезде студентпін. Бізбен бірге ағылшын лорды 8-сынып оқитын қызымен қатысты. Сөйтсек, қызы болашақ мамандығын осы археологиямен байланыстырамын деп шешкен соң, жер-жерге апарып жүреді екен. Осыған дейін Үндістан, Жапонияға да барған. Ондағы мақсат — таныстыру. Қазақстаннан Есік пен Берелді көрсетпек оймен келген екен. Осы жағдай қатты әсер етіп, ойымда жүрді. Сөйтіп оқу бітіріп, осы салада қалдық. 2018 жылы Шығыс Қазақстанда археологиялық зерттеу жұмыстарын дамыту бағдарламасы аясында «Дарын» орталығы облыс оқушыларын жинап, зерттеліп жатқан нысандарды көрсеткен еді. Тек 3-4 күн келіп, танысып кетті. Ұзақ мерзімге басқа еш жоспар болмады. Сол кезде қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан ауылдың бірнеше студенті де қатысып жүрді. Солардың айтуымен болса керек, ауыл тұрғындары бізге хабарласып, балаларының ғылыми жұмыс жүргізуге ниеті барын жеткізген. Сөйтіп мұғалімдермен келісіп, барынша қолдау білдірдік. Соның жемісі ретінде биыл ақпанда Алматыда республикалық жарыста біздің зерттеу нысанымыз бойынша жұмыс қорғаған бала екінші орын алғанын айта аламыз. Содан ойда бұрыннан жүрген жоспарды жүзеге асыру керек деп шештік. Балаларға болашақ мамандығына байланысты бағыт берсек қалай болар екен дестік»,- дейді Айдын Жүнісханов. 

Әлбетте, ата-аналар далалыққа баласын көз жұмып жібере салмайды. Өйткені мұның артында үлкен жауапкершілік бар.

«Мектеп жасындағы баланы қаладан мыңдаған шақырым алыс жерге алып кету тіпті оңай емес. Әйтсе де, мұғалімдер тарапынан ұсыныс түскендіктен өз тарапымыздан құптадық. Көп жағдайда адамдар археологияны тек далалық жұмыстармен байланыстырады. Ал шын мәнінде ондай жұмыстар әрі кетсе 1-1,5 айға созылады. Даладағы кезең — ең алғашқы баспалдақ, негізгі бөлігі. Одан кейінгі зерттеу жұмыстары зертханада жүргізіледі. Әдетте тәжірибеден өтуге келгендер далада жүріп, күрекпен қазып, щеткамен тазалауды үйренеді. Сөйтіп археология туралы танымы сонымен ғана шектеледі. Негізінде ғылым түрінде археология бүгінде әлдеқайда дамып кетті. Күректің деңгейінен шықты. Түрлі ғылым саласымен бірлесіп жұмыс атқарылады. Сондықтан зерттеу жұмыстарының басым бөлігі зертханада өтеді. Бізде Назарбаев университетінде соңғы жылдары студенттерді археологиялық жұмыстарға тарту қарқын алып келеді. Нәтижесінде студенттер мол білім алады. Қазақстанда, өкінішке қарай, археозоология  (археология мен зоологияның қосылуынан туындаған, үй және жабайы жануарлардың ежелгі шаруашылықтағы алатын орны мен рөлін зерттейтін ғылым — авт.) бағытында зерттеу жасалмайды. Бұрын мамандар болған, көбі дүниеден өтті. Осы салаға қызығып, кірісіп жүрген бір-екі жас маман ғана бар. Бірақ олардың тәжірибесі жоқ, бағыт беретін білікті маман жетіспейді. Сондықтан шетелге жіберу қажет»,- деп өзекті мәселенің шетін шығарды археолог. 

Жүнісхановтың айтуынша, оқушылардың қазіргі ғылыми жұмыстары сипаттау деңгейінде жасалады. Ал егер қазба жұмыстарына қатысып, одан кейінгі лабораторияға да баратын болса, ол баланың жұмысы тіпті сапалы болатыны анық. Әрі бұл бағытта зерттеу көбейген сайын бәсеке де артады. Биыл төтенше жағдайға байланысты студенттерді де, оқушыларды да экспедицияға қоспайтын болыпты. Бірақ археологиялық зерттеу жасалуы керек. Сондықтан далалық жағдайда санитарлық нормаларды сақтай отырып, археологтар жұмысын жалғастырады. Ата-ананың есінде болсын деп құлаққағыс қылмақ ниет бұл. Балаңыздың демалысы осылай өтсе, қалай қарайсыз?  

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_kaz.png