Алматыда жұмыссыз режим 13 сәуірге дейін ұзартылды

Жарияланды
Қала әкімдігі ескертеді

Жұмыссыз режим 13 сәуірге дейін ұзартылды,-деп хабарлайды Алматы әкімдігінің телеграмм каналы.

5 сәуірге дейін ұйымдардың жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім кейінге шегерілді. Енді қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етпейтін барлық кәсіпорындар мен ұйымдар үшін жұмыссыз режим 13 сәуірге дейін ұзартылды.

Мұндай шешімді ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия қабылдады.

Бұл режим адамдар мен жеке көліктің қала ішінде қажеттіліксіз жүріп-тұруына тыйым салуды көздейді. Азық-түлік пен дәрі-дәрмекті алуға тұрғылықты жерге жақын орналасқан дүкендер мен дәріханаға шығуға рұқсат етіледі. Сондай-ақ, үй жануарларын серуендетуге рұқсат бар.

65 жастан асқан тұрғындарға далаға шығуға болмайды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандар қалада ересектерсіз жүруіне рұқсат жоқ.

Азық-түлік, дәрі-дәрмек және бірінші кезектегі қажетті заттарды жеткізу қызметтері 9.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істейді.

Бұл ретте барлық ұйымдар, кәсіпорындар мен қалалық қызметтер жұмысқа тартқан қызметкерлерінің санитарлық жағынан қорғалуын күшейтілген режимде қамтамасыз етуі тиіс.

Төтенше жағдай режимін бұзғаны және көшеде себепсіз жүргені үшін ескерту, 26 510 тг көлемінде айыппұл немесе 15 тәулікке бас бостандығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза қарастырылғанын атап өткен жөн.

Меншік нысанына қарамастан ұйымдар мен кәсіпорындардың басшылары көрінеу жалған ақпарат бергені үшін, сондай-ақ қызметкерлерге анықтама бергені үшін және өндірістік немесе қызметтік қажеттіліктен туындамаған қызметкерлердің қозғалуы туралы деректер бергені үшін қылмыстық жауапқа тартылады.

Шектеу қалалық басқару органдарына, азық-түлік, медициналық нысандарға, қаланың үздіксіз тыныс-тіршілігін және қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметтер мен БАҚ-қа қолданылмайды.

Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметі бойынша, төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін ағымдағы жылдың 19 наурызынан бастап 336 адам ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 113-і сот шешімімен әкімшілік қамауға алынса, қалғандарына айыппұл салынды.

 

Сондай-ақ оқыңыз