Skip to main content

Алматыда жұмыссыз режим 13 сәуірге дейін ұзартылды

Қала әкімдігі ескертеді

Фото:Shutterstock

Жұмыссыз режим 13 сәуірге дейін ұзартылды,-деп хабарлайды Алматы әкімдігінің телеграмм каналы.

5 сәуірге дейін ұйымдардың жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім кейінге шегерілді. Енді қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етпейтін барлық кәсіпорындар мен ұйымдар үшін жұмыссыз режим 13 сәуірге дейін ұзартылды.

Мұндай шешімді ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия қабылдады.

Бұл режим адамдар мен жеке көліктің қала ішінде қажеттіліксіз жүріп-тұруына тыйым салуды көздейді. Азық-түлік пен дәрі-дәрмекті алуға тұрғылықты жерге жақын орналасқан дүкендер мен дәріханаға шығуға рұқсат етіледі. Сондай-ақ, үй жануарларын серуендетуге рұқсат бар.

65 жастан асқан тұрғындарға далаға шығуға болмайды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандар қалада ересектерсіз жүруіне рұқсат жоқ.

Азық-түлік, дәрі-дәрмек және бірінші кезектегі қажетті заттарды жеткізу қызметтері 9.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істейді.

Бұл ретте барлық ұйымдар, кәсіпорындар мен қалалық қызметтер жұмысқа тартқан қызметкерлерінің санитарлық жағынан қорғалуын күшейтілген режимде қамтамасыз етуі тиіс.

Төтенше жағдай режимін бұзғаны және көшеде себепсіз жүргені үшін ескерту, 26 510 тг көлемінде айыппұл немесе 15 тәулікке бас бостандығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза қарастырылғанын атап өткен жөн.

Меншік нысанына қарамастан ұйымдар мен кәсіпорындардың басшылары көрінеу жалған ақпарат бергені үшін, сондай-ақ қызметкерлерге анықтама бергені үшін және өндірістік немесе қызметтік қажеттіліктен туындамаған қызметкерлердің қозғалуы туралы деректер бергені үшін қылмыстық жауапқа тартылады.

Шектеу қалалық басқару органдарына, азық-түлік, медициналық нысандарға, қаланың үздіксіз тыныс-тіршілігін және қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметтер мен БАҚ-қа қолданылмайды.

Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметі бойынша, төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін ағымдағы жылдың 19 наурызынан бастап 336 адам ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 113-і сот шешімімен әкімшілік қамауға алынса, қалғандарына айыппұл салынды.


 

banner_wsj.gif

Кедейсіз бе, үнемшілсіз бе?

Кедейліктің 5 белгісі

Фото:shutterstock.com

Кейде адам үнемдеп жатырмын деп өзін ақтауға тырысады. Ал шын мәнінде, оның жай ғана жағдайы жетпейді. Кедейліктің 5 белгісі қандай?

1.    Нақ керегін ала алмайды. 

Тізесі шыққан шалбар, тозығы жеткен жейде киеді, қирап қалудың аз-ақ алдында тұрған төсекте ұйықтайды. Үйіндегі затының басым көпшілігін қоқысқа еш ойланбастан лақтыруға болады. Үнемшіл болудың көрінісі мұндай болмайды. Еш ақауысыз жұмыс істейтін телефоны болғандықтан соңғы үлгідегі смартфон алмай үнемдеу ақылға сыяды. Ал көнерген бұйымды жаңартуға жағдай келмесе, мойындау қиын болса да, бұл кедейлікті білдіреді. 

2. Тауардың сапасына емес, бағасына қарайды.

Дүкенге кірген бетте азық-түліктің құнары мен құрамына емес, бірінші бағасына қарап алады. Мән беретіні — жарамдылық мерзімі. Оның өзінде бұзылмай тұрып жеп үлгеруге келсе болды деп есептейді. Әрине, теңге тиыннан құралатындықтан, таңдап жүріп әрі арзан, әрі дәмдісін тапқан жөн. Үнемдей білетін адам бағаның қай жерде қандай екенін жақсы біледі. Оның айырмашылығы сол —қалағанын алып жейді. Ал ең арзанын ғана алатын болса, жағдай басқа. Айталық, балаға арналған жөргектің үлкен қаптамадағысы 10 мың теңге тұрады. Ал кішкентайы — 1800 теңге. Үнемдегісі келген жан бірден үлкенін алған дұрыс екенін біледі. Ондай қаражаты болмағанда ғана кішкентайын алып, бірнеше күннен соң тағы сонша сомаға алуға мәжбүр болады. 

3. Үнемдейтінін айтуға ұялады.

Үнемшіл артық төлемейді, қажет емес затты алмайды. Ол қылығы үшін қысылмайды да. Өйткені бәрін саналы түрде жасайды. Ал кедей адам қайтеді? Көбіне ақшаны құндылық көріп, бәрін қаражатпен бағалайды. Осыдан барып, бай адамның кейпін жасайтындар туындайды. Қалай дейсіз бе? Тұратын үйінің қабырғасы құлайын деп тұрса да тапқан-таянғанын бренд киімге жұмсайды. Сондағы ой — бай болып көріну. Қарызы бастан асса да, қымбат жерден кофе ішіп, желідегі парақшасына салып отырады. Басты мәселе — «болмаса да, ұқсап бағу». Бірақ бұл сөздің астарында жалған түр жасау емес, дамуға ұмтылыс жатуы керек.   

4. Өзіне ақша қимайды.

Жеңілдік жоқ болса, қанша қажет боп тұрса да зат сатып алмайды. Ал су тегін зат көрсе, керек болмаса да ала береді. Өзі үшін азық-түлік қана сатып алады. Одан бөлек, кинотеатрға бару, фитнеске жазылу сияқты уақытты қызық өткізу тәсілдерін қолданбайды. Өйткені ол үшін тым қымбат. Кино көргеннен гөрі тамақ алғаны маңызды боп тұрады.

5. Уақыттың қадірін біле бермейді. 

Барынша ақша үнемдеу үшін уақытын кетіруге даяр. Мәселен бір гипермаркетте ет пен сүт өте арзан болғанымен, гигиеналық құралдар қымбат делік. Кедей адам күш-қуаты мен уақытын сарқып қалтасындағы қаражатын үнемдейді. Нәтижесінде бір демалыста не жөнді ұйықтамай, не жақындармен жақсы уақыт өткізбей бір күні дүкеннен дүкенге барумен өтеді. Ақша да, уақыт та — ресурс. Алғашқысын табуға болады, екіншісінің кеткені — кеткен. 
 

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_kaz.png