Алматыда  әскерге баратын 300-ге жуық ерікті іріктелді

Жарияланды
Олар төтенше жағдай кезінде көмекке дайын

Алматыда әскерге баруға өз еркімен келіскен 300-ге жуық ерікті бар,-деп хабарлады Алматы әкімдігінің телеграм каналы.

Қала әкімдігінің баспасөз орталығында Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы Амантай Өсербаевтың қатысуымен әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру мәселелерін түсіндіру бойынша онлайн брифинг өтті. 

 «Алматыда әскерге баруға өз еркімен келіскен 300-ге жуық ерікті төтенше жағдайға көмектесуге дайын екендіктерін білдірді. Соның ішінен әскер қатарына 200-дей азамат іріктеліп алынады. Әскери борышын өтеу мерзімі бір ай. Әзірге осы жұмыстар бойынша Алматы қаласы әкімінің арнайы үкімін күтіп отырмыз. Осы үкімге байланысты әскер қатарына шақырылатындардың нақты саны мен мерзімі белгілі болады», — деді А. Өсербаев.

Алматыда әскери есепте тұрған және денсаулық жағдайы бойынша жарамды деп танылған азаматтарды арнайы жиындарға шақыру шамамен 1 айға созылады. Сондай-ақ азаматтар әскерге тұрғылықты мекен-жайы бойынша шақырылады. Олар әскери міндетін атқарған соң күн сайын үйіне жіберіліп отырады екен.

Брифингте спикер арнайы жиындарға шақырылған азаматтардың еңбекақысына да тоқталды.

 «Арнайы жиындар кезінде әскери қызметке міндетті азаматтардың жұмыс орны және атқарған лауазымы сақталады. Егер адам жұмыс істемесе, онда жалақының төменгі мөлшері – 42 500 тг болады», — деді департамент басшысы.

Айта кету керек, әскери қызметке шақырылғанда денсаулығы нашар, отбасы жағдайы ауыр, балалары бар және тағы басқа факторларды әскери комиссариат ескеретін болады.

 «Заң бойынша 60 жасқа дейінгі офицерлер, 50 жасқа дейінгі әскерилер, сержанттар әскери борышын өтеуге міндетті. Ал әскер қатарына әйел азаматтар шақырылмайды. Тіпті, ол әйел азаматтың өз еркі болса, бұл заңда қарастырылмаған», — деді спикер.

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін «Әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру туралы» №296 Жарлыққа қол қойған болатын.

 

Сондай-ақ оқыңыз