Алматыда COVID-19 инфекциясына тексерілу ауқымы кеңейтілді

Жарияланды
Қалада  бір күнде коронавирус індетіне 1064 адам тексеруден өтті

Алматыда COVID-19 инфекциясына тексерілу контингенті кеңейтілді, деп хабарлады Алматы Әкімдігінің телеграм каналы.

Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова мәлімдеді.

«Қазіргі таңда біз коронавирустық инфекцияның белең алып кетпеуі үшін, қауіпті індет бойынша тексерілетін адамдардың контингентін кеңейттік. Соның нәтижесінде ауруды жұқтырған науқастарды уақыт оздырмай дер кезінде анықтап, оқшаулауға мүмкіндік туып отыр. Қазір банк қызметкерлері, базарларда тұратын адамдар, құқық қорғау органдарының өкілдері де тексеруден өтеді, »-деді А. Молдағасымова.

«Бүгінгі таңда Құрлық әскерлері әскери институтының 383 қызметкері тексерілді. Сондай-ақ, «Жұлдыз», «Жасыл базар», «Магнум» сауда орындарының өкілдері арасында да медициналық тексеру жалғасуда. COVID-19-ды анықтау мақсатында жаппай тексерілу қаладағы коронавирустық инфекцияның жасырын ошақтарын анықтауға көмектеседі», -деді А. Молдағасымова.

Спикердің сөзіне сүйенсек, Алматыда бір күнде COVID-19 инфекциясына 1064 адам тексеруден өтті.
 

Сондай-ақ оқыңыз