1 мамырдан бастап ұшатын жолаушыларға қандай талаптар қойылады?

Жарияланды
Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары арасында әуе рейстері қайта жанданады

Бүгін, 29 сәуір күні Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өтіп, ішкі әуе рейстерін қайта іске қосқан соң қолға алынатын санитарлық-карантиндік бақылау туралы айтылды.

Көліктегі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабыловтың айтуынша, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы аралығында сапарлайтын жолаушылар үшін бірнеше талап қойылып отыр.

«Жолаушылар үшін басты талап – Covid-19 вирусына байланысты тапсырылған тесттің анықтамасы (теріс көрсеткіші). Анықтаманы қағаз күйінде немесе электронды түрде ұсынуға рұқсат.Жолаушылар ортасына бір орын тастап отырғызылуы тиіс. Бұл эконом-класс және бизнес-класс клиенттері үшін бірдей талап. Келесі талап – әуе кемесінің бортына міндетті түрде бетпердемен кіру. Ұшып келгеннен кейін бортта дезинфекция жұмыстарын жүргізу де басты талаптардың бірі. Карантин кезінде борттың 70 пайызы ғана толтырылуы керек. Анықтама алу және бетперде тағу талабы балаларға да қатысты. Ұшақта тамақ ұсыну кезінде бір реттік ыдыстар қолданылуы тиіс» деді ол. 

Сонымен қатар межелі жерге жеткен жолаушылар карантинге алынбайды. Мінер алдында жолаушылардан анкета алып, ұшып келгеннен соң анкета әуежайда санитарлық қызметкерлердің қолына беріледі. Бұл ретте эвакуациялық қызмет әрқашан дайын тұрады. Егер жолаушылардың бірінен денсаулық жағдайының нашарлауы байқалса оған дереу диагноз қойылып, араласқан адамдар тізімі анықталады. Ұшып келген жолаушылардың бірінің бірнеше күннен кейін де коронавирусқа шалдыққаны анықталса онда ұшаққа мінер алдында алынған анкета бойынша байланысқан адамдар тізімін анықтап, вирусқа қарсы шаралар басталып, ол адамдардың барлығы карантинге алынбақ.

Жолаушылар үшін медициналық анықтаманың уақыты 1 аптаға дейін жарамды. Егер ол ұшып барған қаласында 7 күннен артық болмаса, онда сол анықтамамен қайтадан кері ұша алады дейді департамент басшысы. 

    «Медициналық анықтама мемлекеттік және жеке ұйымдар арқылы да беріледі. Егер жеке ұйымдарда анықтама алу құны 12-20 мың теңге аралығында болса, мемлекеттік мекемеде ол 11 500 теңге. Тест алу жұмыстары әр облыс орталығындағы санэпидемиялық сараптама лабораторияларында жүргізіледі. Қайта қалпына келтірілген рейстер процесіне мониторинг жасау барысында егер 5-7 күн ішінде жолаушылар арасынан коронавирус дерегі тіркелмесе онда еліміздің басқа да қалаларында әуе рейстерін ашу мәселесін қарастыратын боламыз. Вирус жұқтыру дерегі байқалмаса біздің талаптарымыз да жұмсарады. Бәрі жақсы болса халықаралық рейстерге де жол ашылады. Бәрі дерттің таралу-таралмауына байланысты» деді Сәдуақас Байғабылов.

Көліктегі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің санитарлық-карантиндік пункттерінің басшысы Дария Әзімбаева әуежайда қосымша қандай шаралар жүргізілетінін айтты. 

«Санитарлық бақылау бөлімінің мамандары ұшаққа отырғызу алдында және ұшып келгеннен кейін байланыссыз термометрия арқылы жолаушыларды тексеретін болады. Коронавирустік инфекция кезінде әуе рейстерін ашу қауіпті болғандықтан да біз санитарлық бақылау жұмыстарын күшейттік. Сол үшін департамент басшысының қаулысы бекітілді. Ол қаулыда санитарлық эпидемияға қарсы шаралардың бәрі қамтылған. Жолаушылар анықтама алып, бетперде және медициналық қолғаптар киіп келеді. Нысандарда дезинфекция күшейтіледі. Осыған байланысты әуе компаниялары және әуежай басшыларымен жиналыс өткізіп, осы талаптарды оларға жеткізіп, міндеттедік» дейді Дария Әзімбаева.

Брифингке қатысушылар отыру кезінде және ұшып келгеннен кейін экипаж адамдардың бір-біріне қатты жақындап, бір жерге шоғырланбауын қадағалайды дейді. Сондай-ақ экипаж бен борт серіктер күн сайын жұмыс алдында медициналық тексеруден өтеді. Жөтелі, дене қызуының бар-жоғы толық тексеріледі. Олар үшін медициналық анықтаманың күші 14 күнге дейін жарамды екен. Тесттен өту шығынын әуе компаниясы және әуежай басшылығы өтейді. 

Еске салсақ, 1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы арасында әуе рейстерін Air Astana (тәулігіне 3 рет) мен SCAT (тәулігіне 1 рет) жүзеге асырмақ. «Қазақстан әуе компаниялары қазіргі жағдайға байланысты билет бағасын 7-30 мың теңге аралығында ұстайды» делінген индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарламасында. Ал алдын ала мәлімет бойынша әуе сапарына дайындалған жолаушылар Covid-19-қа тестті мына мекен-жай бойынша тапсыра алады: 

•    «Ұлттық сараптама орталығының» филиалдарында. Нұр-Сұлтан қаласы. Желтоқсан көшесі, 46. Тел: 8 (7172) 31-54-09, 8 (7172) 59-00-77.

•    «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасы. Нұр-Сұлтан қаласы. Республика даңғылы 2/1. Гете көшесі, 3. Момышұлы даңғылы, 16. Абылай хан даңғылы 12/1. Е-10 көшесі, 2, Манкент 2 қиылысында. Тел: 8701 961 7008. Тест тапсыру алдын ала телефон арқылы жазылу бойынша іске асырылады. 

•    «Ұлттық сараптама орталығының» филиалдарында. Алматы қаласы. Жібек жолы көшесі, 3. Тел: 8 (7273) 82-35-65, 8 (727) 259-00-77.

•    «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасы. Алматы қаласы. Халиуллин көшесі, 32. Сейфуллин көшесі, 549. Жандосов көшесі, 1В. Байзақов көшесі, 221/155. Гагарин көшесі, 236 б. Тел: 8701 961 7307. Тест тапсыру алдын ала телефон арқылы жазылу бойынша іске асырылады. 
 

Сондай-ақ оқыңыз