Skip to main content

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттерге төлемді 90 күнге шегермек

Банк карантин аяқталғанша сатып алу-сату мәмілесін жасамауға шақырды

Фото: Shutterstock

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі уақытша қаржылық қиындыққа ұшыраған клиенттеріне 2020 жылғы 16 наурыздан кейін өтелуі тиіс төлемді 90 күнге шегеруге мүмкіндік береді. Бұл туралы банктің Басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова хабарлады. 


Шегерілген төлемге негізгі қарыз да, несие сыйақысы да кіреді. Бұл клиент жазған өтініштің негізінде жүзеге асырылады. Өтініште кейінге шегерудің не себепті қажет болғанын көрсету керек, бірақ банк қосымша растау құжаттарын талап етпейді. Төлемді кейінге шегеру мүмкіндігі автоматты түрде беріледі. Бұл шара коронавирус таралуының алдын-алу мақсатында елде төтенше жағдайдың енгізілуіне және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин жарияланғанына байланысты орын алып отыр екен.  

 
«Төлемді шегеру туралы өтініш 2020 жылғы 15 сәуірден бастап интернет-банкинг арқылы қабылданады. Барлық өтініш мақұлданады. Шегеруді 2020 жылғы 16 наурыздан кейін өтелуі тиіс төлемдерге қатысты қолдануға болады. Онлайн-өтініш беру кезінде 2020 жылдың 16 наурызындағы жағдай бойынша уақтылы өтелмеген несие төлемі болмауы керек», - деді банктің Басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова.


Банк басшысы барлық азаматты төтенше жағдайды ескере отырып, оқшаулану ережелерін сақтауға және банк бөлімшелеріне бармауға шақырды.


Төлемді кейінге шегеру несие мерзімін 3 айға ұзарту арқылы жүреді. Бұл клиенттерге ай сайынғы төлем көлемін қалыпты деңгейде ұстап қалуға көмектеседі.


Банк алдын-ала және аралық заем алушыларды олардың тұрғын үй заемына өту мерзімі шегеру уақытына ұзартылатынына назар аударуын өтінді. 


2020 жылғы 16 наурыз бен 16 маусым аралығында уақтылы өтелмеген төлемдер бойынша айыппұл және өсімпұл алынбайды. Осы үш ай ішінде клиент негізгі қарыз бен сыйақыны өзіне ыңғайлы уақыт пен күні толық өтесе, төлемдерді кейінге шегеру туралы өтінішті бермей-ақ, қолайлы несие өтеу кестесін таңдап, айдың кез келген күнінде қарызды өтей алады. Мұны үйден шықпай-ақ онлайн жасауға болады.


Нотариустардың жұмысына тыйым салынбаса, 27 наурыз 18.00-ге дейін берілген және мақұлданған барлық несие өтініші клиентті телефонмен жеке хабарласып шақыру арқылы берілетін болады.

Қазір Банк 1000 шамасындағы несие өтінішін қарастырып жатыр, 200 өтініш берілу кезеңінде. 


Банк карантин аяқталғанша сатып алу-сату мәмілесін жасаспауға шақырады.

 

banner_wsj.gif

Кедейсіз бе, үнемшілсіз бе?

Кедейліктің 5 белгісі

Фото:shutterstock.com

Кейде адам үнемдеп жатырмын деп өзін ақтауға тырысады. Ал шын мәнінде, оның жай ғана жағдайы жетпейді. Кедейліктің 5 белгісі қандай?

1.    Нақ керегін ала алмайды. 

Тізесі шыққан шалбар, тозығы жеткен жейде киеді, қирап қалудың аз-ақ алдында тұрған төсекте ұйықтайды. Үйіндегі затының басым көпшілігін қоқысқа еш ойланбастан лақтыруға болады. Үнемшіл болудың көрінісі мұндай болмайды. Еш ақауысыз жұмыс істейтін телефоны болғандықтан соңғы үлгідегі смартфон алмай үнемдеу ақылға сыяды. Ал көнерген бұйымды жаңартуға жағдай келмесе, мойындау қиын болса да, бұл кедейлікті білдіреді. 

2. Тауардың сапасына емес, бағасына қарайды.

Дүкенге кірген бетте азық-түліктің құнары мен құрамына емес, бірінші бағасына қарап алады. Мән беретіні — жарамдылық мерзімі. Оның өзінде бұзылмай тұрып жеп үлгеруге келсе болды деп есептейді. Әрине, теңге тиыннан құралатындықтан, таңдап жүріп әрі арзан, әрі дәмдісін тапқан жөн. Үнемдей білетін адам бағаның қай жерде қандай екенін жақсы біледі. Оның айырмашылығы сол —қалағанын алып жейді. Ал ең арзанын ғана алатын болса, жағдай басқа. Айталық, балаға арналған жөргектің үлкен қаптамадағысы 10 мың теңге тұрады. Ал кішкентайы — 1800 теңге. Үнемдегісі келген жан бірден үлкенін алған дұрыс екенін біледі. Ондай қаражаты болмағанда ғана кішкентайын алып, бірнеше күннен соң тағы сонша сомаға алуға мәжбүр болады. 

3. Үнемдейтінін айтуға ұялады.

Үнемшіл артық төлемейді, қажет емес затты алмайды. Ол қылығы үшін қысылмайды да. Өйткені бәрін саналы түрде жасайды. Ал кедей адам қайтеді? Көбіне ақшаны құндылық көріп, бәрін қаражатпен бағалайды. Осыдан барып, бай адамның кейпін жасайтындар туындайды. Қалай дейсіз бе? Тұратын үйінің қабырғасы құлайын деп тұрса да тапқан-таянғанын бренд киімге жұмсайды. Сондағы ой — бай болып көріну. Қарызы бастан асса да, қымбат жерден кофе ішіп, желідегі парақшасына салып отырады. Басты мәселе — «болмаса да, ұқсап бағу». Бірақ бұл сөздің астарында жалған түр жасау емес, дамуға ұмтылыс жатуы керек.   

4. Өзіне ақша қимайды.

Жеңілдік жоқ болса, қанша қажет боп тұрса да зат сатып алмайды. Ал су тегін зат көрсе, керек болмаса да ала береді. Өзі үшін азық-түлік қана сатып алады. Одан бөлек, кинотеатрға бару, фитнеске жазылу сияқты уақытты қызық өткізу тәсілдерін қолданбайды. Өйткені ол үшін тым қымбат. Кино көргеннен гөрі тамақ алғаны маңызды боп тұрады.

5. Уақыттың қадірін біле бермейді. 

Барынша ақша үнемдеу үшін уақытын кетіруге даяр. Мәселен бір гипермаркетте ет пен сүт өте арзан болғанымен, гигиеналық құралдар қымбат делік. Кедей адам күш-қуаты мен уақытын сарқып қалтасындағы қаражатын үнемдейді. Нәтижесінде бір демалыста не жөнді ұйықтамай, не жақындармен жақсы уақыт өткізбей бір күні дүкеннен дүкенге барумен өтеді. Ақша да, уақыт та — ресурс. Алғашқысын табуға болады, екіншісінің кеткені — кеткен. 
 

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_kaz.png