Мемлекет қазынасынан 3 млрд теңге жұмсалған түрме керексіз болып тұр

Жарияланды
Павлодар қаласында құрылысы аяқталмаған түрме тағы да сатылымға шығарылды

2000-жылдардың басында облыс орталығында жалпы аумағы 12 гектар түрменің құрылысы басталған болатын. Бұл жобаға мемлекеттік қазынадан шамамен 3 млрд теңге жұмсалды. Ал кейін 1500 сотталушыға мұндай кешен салу тиімсіз деген байлам жасалды. Себебі Қазақстанда өмір бойы бас бостандығынан айырылған осынша адам жоқ. Сөйтіп, құрылыс жұмыстары орта жолда тоқтады. 

20 жылға жуық уақыт аралығында Павлодар қаласының әкімдігіне берілген коммуналдық меншік кезбелердің «мекеніне» айналды. Ал жергілікті билік мұнда бизнесті дамытуға арналған шағын аймақ, мейрамхана, қонақ үй ашпақ болғанмен, инвесторлар табылмады.

017 жылы оны жекешелендіру арқылы 3 млрд 800 млн теңгеге сатуды ұйғарды. Бірақ бұл істен де түк шықпады. Енді, міне, қайтадан жаңа аукцион жарияланып отыр.

Павлодар қалалық қаржы бөлімі басшысының орынбасары Асығат Ахметовтің айтуынша, бұл жолы талаптар өзгерді. 

«Бұған дейін кешенді тұтастай сатып алушылар болған жоқ. Сондықтан құрылысы аяқталмаған нысанды тезірек өткізу үшін оны 11 учаскеге бөлдік», – дейді Асығат Ахметов. 

Түрме кешенінде өтетін бөлме, кездесуге арналған бөлмелер, автономды қазандық, 50 адамға арналған асхана, 2 этажды жатақхана және тағы басқалары бар. Барлық лот бойынша жалпы баға – 2,5 млрд теңге. Олардың қатарында ең қымбаты – аумағы 30 мың шаршы метр болатын 4 қабатты әкімшілік-өндірістік корпус. Оның құны – 1 млрд 763 млн теңге. 

«Нысандардың қазіргі жағдайы жақсы. Олар 50-70 пайызға дайын. Аукционға Павлодар облысының ғана емес, өзге өңірлердің де инвесторлары қатыса алады. Мемлекеттік реестр порталында қажет ақпараттың барлығы бар», – дейді Асығат Ахметов. 

Түрме кешенінің саудасы 13 наурызда өтеді. Егер бұл жолы 11 нысан сатылмаса, екінші аукцион кезінде бастапқы баға 50 пайызға арзандайды. Ол кезде де сатып алушы табылмаса, үшінші рет минималды сома белгілемей-ақ сатылымға қойылады.  
 

Сондай-ақ оқыңыз