Skip to main content

Қырқында қамал алмаған қауіпті ме?

«Орта жас дағдарысы» туралы не білеміз

Фото: Shutterstock

Қай нәрсенің болсын бел ортасына келгенде артқа көз тастау – заңдылық. Әсіресе, көбін «отызда орда бұза алдым ба, қырқымда қамал алу жағы қалай болады» деген ой мазалайды. Әу баста қазақ мұны ерге қатысты қолданған. Сол сияқты Батыста да «орта жастағы дағдарыс» термині бастапқыда ер кісілерге байланысты айтылған екен. Бірақ қазір жалпы қолданысқа еніп кетті. Ендеше, қырықтың қырқасына шыққандардың дағдарысқа ұшырай бастағанын қайдан білеміз? Кризистің бұл түрі қаншалықты қауіпті? Бірге талдап көрейік! 

    Ұйқыдан тұра сала айнаға қарадыңыз. Қарсы алдыңызда кімді көріп тұрсыз?  Біріншіден, бетіне әжім түсе бастаған, ересек адамның бейнесі тұр. Бір ойы – күнделікті жұмысын тастап, басқа жаққа «қашып кетсем бе» дейді. Бұрын өзіне ұнаған кей дүниеге көзқарасы өзгерген. Дінге, пәлсапаға ден қоя бастаған. Қатарластарының ішінде одан гөрі жетістікке жеткендерін санап шықты. Көп сияқты. Өмірі қызықпаған вокал не бимен айналысу жайлы ойлап қояды. Ең қызығы, айнаның ар жағындағы бейне – басқа емес, өзіңіз. 

    Бұл – орта жастағы дағдарыстың анық белгілері. Шамамен қырықтан асып, елуге таяп қалғандар шалдығады. Бұл жасқа келгенде адам кәсіби тұрғыда кемелденеді. Сөйтіп иығына артылған жүк құдды шамадан тыс ауыр сияқты сезіле бастайды. Оған қоса самайдағы ағарған шаш та бұрынғыдай жас емес екенін білдіріп қояды. Енді сіз «Жас келсе – іске» деп бәріне білек сыбана кірісіп кетпейсіз, ойланасыз. Әрі, шыны керек, күш-қуатыңыз да осыдан он бес жыл бұрынғыдай бәріне жете бермейді. Мұның бәрі іштей күйзелуге әкелетіні содан. Жастардың жалынына қызыға қарап, қызғаныш деген қызыл ит ара-тұра абалап қояды.   

    «Бизнес деген – психология» кітабының авторы , психолог Марина Мелия орта жас дағдарысының үш түрлі қаупі барын айтады. Біріншісі, табысқа жеткен адамдардың аяқ-асты күйзеліп, түңіліп кететіні. Оларға осы кезде қолдау қатты қажет. Себебі оның салдары ауыр болуы мүмкін. Бұл жастағылардың келесі бір түрі – керісінше, еш өзгермегенін айтып, өзін қылшылдаған жас көретіндер. Ерсі қылықтар істеп, жастармен бәсекеге жиі түсе бастайды. Етек-жеңін жинаудың орнына бұрынғыдан бетер қысқартуы мүмкін немесе шашын қызылға бояп тастауы да ғажап емес. Жоқтан бар жасау үшін тырбанып, айналасындағылар «сен өзі шаршамайды екенсің» деген сөздерді күтеді. Үшінші типке келсек, ол – революционерлер. Бір сәтте қолды бір сілтей салады. Тым жақсы жүріп жатқан кәсібін, айрандай ұйыған отбасын қиюы мүмкін. Әлгі фильмдердегідей Африка асып, өзіне жаңа миссия тауып алатындар да бар. Бұл ретте таяқтың екінші ұшы ескерілмей қалатыны жаман. Сондықтан бұл типаж да қауіпті.  

Қайтпек керек? Әр жастың өзіне жарасымды қылықтары бар. Ќүш-қуатыңызды жасыңызға сай пайдаланыңыз. Бәріне байыппен қараңыз. Қирап қалған ештеңе жоқ. Бәрі бұрынғыдай. Бар болғаны арман ұлғайып, қайғы ойлай бастадыңыз. Қартайым деуге де ерте. Жаспен күресіп әуреленудің орнына, одақтаса күн кешіңіз. Өмір әсте тамаша!
 

banner_wsj.gif

Мессенджер мәдениетін сақтайсыз ба?

Түнде жазатын және үзік-үзік аудио жолдайтын жандарға 6 кеңес

Фото:shutterstock.com

Ағайын арасында аман-саулық сұрасудан бастап, іскерлік келіссөздердің өзі мессенджерлер арқылы жүргізіліп жатады. Қолға қалам алып, хат жолдауды айтпағанда, электронды пошта арқылы жауап күтетіндер де аз. Біле білсеңіз, лезде байланыстыратын мессенджерлердің мәдениеті бар. Бүгін іскерлік мақсаттағы хат алмасу мәдениетіне қатысты айтар алты кеңесіміз бар. 

1. Сауатты жазуға тырысыңыз. Қазақша жазатын болсаңыз, міндетті түрде қазақша пернетақта орнатқан жөн. Қарапайым ғана мысал: «салем, калайсын» дегеннен гөрі «сәлем, қалайсың?» деген мәтін жақсырақ қабылданады. Тыныс белгілерінің дұрыс қойылуы, сөздердің орфографиясы маңызды. Мәтінді түгелдей бас әріппен жазуға әдеттенбеніңіз. Әлеуметтік желіде caps lock — айқайлап сөйлегеннің синонимі саналады. 

2. Сабыр сақтаңыз. Қызбалықпен қатты кетуіңіз мүмкін болса, бүкіл эмоцияңызды лық еткізуден сақ болған дұрыс. Әрине, қазір жолданған хатты екі жақтың чатынан да өшіріп тастау функциясы бар. Бірақ ұстамды болған жақсырақ. Хатты жіберерде де, ол жазғаныңызға жауап күткенде де сабыр керек. Кейбірі хаттың оқылғанын жасырып қояды. Ондайда оқыған-оқымағанын білмей дал боласыз. Сондай жағдайда бірнеше сағаттан соң сыпайы түрде есіне салсаңыз болады. Ал егер хатты оқыған болса, оның уақыты болмай жатқанын білдіруі мүмкін. Қайта-қайта мазалай берген ыңғайсыз. Айтпақшы, кейбірі мессенджерге жауап беруден гөрі қоңырау шалғанды жақсы көреді. Мұның керісінше типажы да барын ескеріңіз. Сонымен бірге, хат қабылдаушы тарап болсаңыз, жауап бергеніңіз жөн. Тіпті ұсынысын қабылдағыңыз келмесе де, хатты алғаныңызды және көзқарасыңызды ашық айтыңыз. Елемей, үнсіздікпен құтылып кету — әсте жақсы әдіс емес. 

3. Хат жазу уақыты. Ет-жақындармен тәуліктің қай кезінде болсын сөйлесе беру қалыпты. Ал шаруамен жазғанда, сағат қараған артық болмайды. Өйткені шырт ұйқыда жатқан адам интернетті өшірмеген болса, хабарламадан оянып кетуі мүмкін. Түнгі оннан кейін мазалауға әуес болмаңыз. Түнгі уақыттан бөлек, демалыс күнінде де жұмыс бойынша хабарласқан кей адамға ұнамауы мүмкін. Ақыры жазған болсаңыз, алдымен амандасып, артынша мазалағаныңыз үшін кешірім сұрауыңыз қажет. Барынша сыпайы болсаңыз, жағымды жауап алу мүмкіндігі арта түседі. 

4. Аудио, фото, видео жолдау. Бас салып дауыстық хабарлама жіберген жөн болмайды. Кей адамдардың аудионы мүлдем тыңдамайтын әдеті бар. Іскерлік мақсат болса, барынша мәтін дұрыс. Егер шаруаңыз ұзақ болса, web нұсқасын қолдану арқылы компьютерден теріңіз. Тексеруге, тез жазуға мүмкіндік көбірек. Мәтін жазу мүлдем мүмкін болмаса, алдымен рұқсат алыңыз. Содан соң ғана жолдайсыз. Тым ұзақ болмасын. Ойыңызды жинақтап, бірінші ойланып алыңыз. «Імм», «анау не ғой» сынды сөздер мен ұзақ паузалардан қашыңыз. Нақтылық керек. Бәрін бір аудиоға сыйғыңыз. 5-10 секундтық он аудиоға қарағанда екі минуттық біреуі абзал. Бірақ минуттан асыруға әдеттенбегеніңіз өзіңізге жақсы. Даусыңыз жаңғырмайтын, тыныш жерде жазыңыз. Ал фото мен видеоға келсек, спам және фейк ақпараттарды бөлісуге құмар болмаңыз. Интернет дамыған заманда сіздің «Айт құтты болсын» деген суретіңізді сұхбаттасушыңыз әлдеқашан әрі әлдекімнен көріп қойған болуы бек мүмкін.   

5. Неге мәтін түрінде жазған дұрысырақ? Есте сақтауға оңай. Хатты ашып оқу үшін құлаққап іздеп қажет емес. Керек кезде кілтсөз арқылы іздеп табуға болады.  

6. Сақ болыңыз. Басында сабырлы болуыңыз керегін ескерттік. Біреудің аудиосын қателесіп басқа чатқа жіберіп қоюыңыз мүмкін. Болмаса сізбен айтылған әңгіменің скриншоты жасалып, үшінші адам хабардар болуы да ғажап емес. Тек іскерлік мақсатта ғана емес, жалпы диджитал этикет бойынша мәдениет сақтап, барынша сақ болғаныңыз жөн.  
 

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_kaz.png