Қырқында қамал алмаған қауіпті ме?

«Орта жас дағдарысы» туралы не білеміз

Фото: Shutterstock

Қай нәрсенің болсын бел ортасына келгенде артқа көз тастау – заңдылық. Әсіресе, көбін «отызда орда бұза алдым ба, қырқымда қамал алу жағы қалай болады» деген ой мазалайды. Әу баста қазақ мұны ерге қатысты қолданған. Сол сияқты Батыста да «орта жастағы дағдарыс» термині бастапқыда ер кісілерге байланысты айтылған екен. Бірақ қазір жалпы қолданысқа еніп кетті. Ендеше, қырықтың қырқасына шыққандардың дағдарысқа ұшырай бастағанын қайдан білеміз? Кризистің бұл түрі қаншалықты қауіпті? Бірге талдап көрейік! 

    Ұйқыдан тұра сала айнаға қарадыңыз. Қарсы алдыңызда кімді көріп тұрсыз?  Біріншіден, бетіне әжім түсе бастаған, ересек адамның бейнесі тұр. Бір ойы – күнделікті жұмысын тастап, басқа жаққа «қашып кетсем бе» дейді. Бұрын өзіне ұнаған кей дүниеге көзқарасы өзгерген. Дінге, пәлсапаға ден қоя бастаған. Қатарластарының ішінде одан гөрі жетістікке жеткендерін санап шықты. Көп сияқты. Өмірі қызықпаған вокал не бимен айналысу жайлы ойлап қояды. Ең қызығы, айнаның ар жағындағы бейне – басқа емес, өзіңіз. 

    Бұл – орта жастағы дағдарыстың анық белгілері. Шамамен қырықтан асып, елуге таяп қалғандар шалдығады. Бұл жасқа келгенде адам кәсіби тұрғыда кемелденеді. Сөйтіп иығына артылған жүк құдды шамадан тыс ауыр сияқты сезіле бастайды. Оған қоса самайдағы ағарған шаш та бұрынғыдай жас емес екенін білдіріп қояды. Енді сіз «Жас келсе – іске» деп бәріне білек сыбана кірісіп кетпейсіз, ойланасыз. Әрі, шыны керек, күш-қуатыңыз да осыдан он бес жыл бұрынғыдай бәріне жете бермейді. Мұның бәрі іштей күйзелуге әкелетіні содан. Жастардың жалынына қызыға қарап, қызғаныш деген қызыл ит ара-тұра абалап қояды.   

    «Бизнес деген – психология» кітабының авторы , психолог Марина Мелия орта жас дағдарысының үш түрлі қаупі барын айтады. Біріншісі, табысқа жеткен адамдардың аяқ-асты күйзеліп, түңіліп кететіні. Оларға осы кезде қолдау қатты қажет. Себебі оның салдары ауыр болуы мүмкін. Бұл жастағылардың келесі бір түрі – керісінше, еш өзгермегенін айтып, өзін қылшылдаған жас көретіндер. Ерсі қылықтар істеп, жастармен бәсекеге жиі түсе бастайды. Етек-жеңін жинаудың орнына бұрынғыдан бетер қысқартуы мүмкін немесе шашын қызылға бояп тастауы да ғажап емес. Жоқтан бар жасау үшін тырбанып, айналасындағылар «сен өзі шаршамайды екенсің» деген сөздерді күтеді. Үшінші типке келсек, ол – революционерлер. Бір сәтте қолды бір сілтей салады. Тым жақсы жүріп жатқан кәсібін, айрандай ұйыған отбасын қиюы мүмкін. Әлгі фильмдердегідей Африка асып, өзіне жаңа миссия тауып алатындар да бар. Бұл ретте таяқтың екінші ұшы ескерілмей қалатыны жаман. Сондықтан бұл типаж да қауіпті.  

Қайтпек керек? Әр жастың өзіне жарасымды қылықтары бар. Ќүш-қуатыңызды жасыңызға сай пайдаланыңыз. Бәріне байыппен қараңыз. Қирап қалған ештеңе жоқ. Бәрі бұрынғыдай. Бар болғаны арман ұлғайып, қайғы ойлай бастадыңыз. Қартайым деуге де ерте. Жаспен күресіп әуреленудің орнына, одақтаса күн кешіңіз. Өмір әсте тамаша!
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

Ертіс ерекше қорғауға алынбақ

Экологтар қоршаған ортаны ластайтын зауыт салмауды ұсынды

Фото: ашық дереккөз

Павлодар облысының қоғамдық бірлестіктерінің бір топ өкілі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевпен жүздесіп, өзекті мәселелерді ортаға салды. 

Алдымен, экологтар облыс бойымен өтетін Ертіс өзеніне ерекше мәртебе беріп, оны қорғауға алу қажеттігін алға тартты. «Эком» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Могилюктың айтуынша, бүгінде жасыл белдеу саналатын өзен мақсатсыз пайдалануда.  

Екінші мәселе – қоршаған ортаға қалдық шығаратын зауыттардың құрылысына тыйым салу. 

«Біз зиянды қалдықтар шығаратын жаңа кәсіпорындардың салынбауы үшін шаралар қолдануды сұраймыз. Көп жағдайда аймақтағы өндіріс орындарында ескірген технологиялар қолданылады. Олар да қоршаған ортаға залалын тигізбей қоймайды. Осы уақытқа дейін салынған зауыттардың өзі жетер. Экономикалық тиімділіктен бұрын экологиялық ахуалды ойлайтын кез жеткен сыңайлы», - деді Светлана Могилюк. 

Өз кезегінде Мағзұм Мырзағалиев қоғам белсенділері көтерген әр мәселе назарға алынатынына әрі тиісті шаралардың қолға алынатынына сендірді. 

«Павлодар облысы негізгі ластаушылардың бірі екені жасырын емес. Елімізде ауаға шығарылатын қалдықтардың 30 пайызы дәл осы өңірге тиесілі. Сондықтан экологтар көтеріп отырған мәселелер орынды. Біріншіден, зауыт басшылықтарымен қалдықтардың көлемін азайтатын жаңа технологияларды енгізу бойынша жұмыс істеу керек. Екіншіден, жасыл желекті айтарлықтай көбейту қажет. Үшіншіден, Ертіс өзеніне ерекше мәртебе беру бастамасын қолдаймыз және осы бағытта жұмыс істейміз», - деп түйіндеді министр. 
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

qazexpocongresskz.jpg