Кредит төлеуді кейінге қалдырудың қажеті бар ма?

Шегерім шынымен жасалады. Бірақ бәріне емес…

Фото: shutterstock.com

 Жақында Мемлекет басшысы төтенше жағдайға байланысты қиын жағдайға тап болғандардың кредитін төлеуді кейінге шегеруге ұсыныс жасады. Әңгіменің басын тапсырма мен ұсыныстың бір емес екенін нақтылаудан бастайық. Өйткені дағдарысқа қарсы шаралардың ішінде айтылған бұл сөзді көпшілік дұрыс түсінбеген болса керек. «Алақайлап», бөркін аспанға атқан жұрт кредитін 90 күн төлемей жүрсе болады деп ойлап қалған-ды. Сонымен шегерім деген не, ол қалай жүзеге асады, банктердің талаптары қандай? Осы туралы толығырақ тарқатайық. 

    Тапсырма мен ұсынысты ажыратып болсақ, назарға ілінуі керек келесі сөз «төтенше жағдайға байланысты қиын жағдайға тап болғандар». Яғни шегерім жалпақ жұртқа жаппай жасалмайды. Әрі бұл карантин енгізілген мерзімге байланысты жарияланып отырған жеңілдік те емес. Кәдімгі барлық банкте бар, жай күні де жағдайдың нашарлауына байланысты сұралатын көмек. Қарапайым сөзбен түсіндірсек, табысыңыз азайып не жұмыстан шығып қалғандықтан кредитіңізді төлей алмай қалсаңыз, банкке жағдайыңызды айтып, түсіністікпен қарауын өтінесіз. Олар өтінішіңізді қарастырады, егер төлей алмай жүргеніңізге иланса, белгілі бір мерзімге шегерім береді. 

 Жалпы алғанда шегерімнің жағымды тұсы - кредит тарихын бұзбайды. Төлемді кешіктіргеніңіз үшін «жаман» клиент атанбайсыз. Әр банктің заңы әр түрлі. Сондықтан шегерім шарттары да түрліше. Кредиторлар сізге не ұсынуы мүмкін?

•    Кредит мерзімін ұзартуы мүмкін. Айталық үш айда халіңізді түзеп алатын болып, шегерімді сонша уақытқа созсаңыз, төлем кестеңіз қайта қаралып, уақыты сәйкесінше үш айға ұзарады. Бірақ төлем көлемі сол күйі қалады;
•    Белгілі бір мерзімге пайыздық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін;
•    Негізгі қарызды кейінге шегеруді немесе үстінде қосылатын пайыздық сыйақыны ғана төлеуді ұсынуы мүмкін. Яғни сіз не негізгі қарызды ғана төлеп отырасыз, не пайызды өтейсіз. Бұл жағдайда ай сайын қалай болған күннің өзінде қандай да бір соманы төлейтініңізді ескеріңіз;  
•    Төлем кестесін өзгертуі де мүмкін. Егер шегерімді осылай жасайтын болса, онда төлемді жалақы алатын уақытыңызға қарай ыңғайластырып береді;
•    «басты ауыртқан» кредиттен құтылу үшін пайыздық мөлшерлемесі төмендеу кредит беруі мүмкін

    Бұлардың қай-қайсын алу үшін де тиісті құжат сұралады. яғни ресми түрде растау қажет. Кредит тарихы нашар, келісім-шарт талаптарын жиі бұзатындар, кей қылықтарымен алаяққа ұқсағандар, өз еркімен жұмыстан кеткендерге банк шегерім жасамайды. Әбден тығыраққа тіреліп, төлеуге мүлдем мүмкіндік болған жағдайда ғана бұл қадамға барған дұрыс. Өйткені қай жағдайда болсын банк қарызын қайтарып алады, есесін шығарады, еш ұтылмайды. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» дегенді шегерімге қатысты да қолдануға болатын сияқты. Енді отандық банктердегі талаптарға тоқталайық. 

 Halyk bank

16 наурыз бен 15 сәуір аралығында айыппұлдар мен өсімпұл қосылмайды. Жеке тұлғаларға негізгі қарыз бойынша шегерім бір айға, яки 16 сәуірге дейін ғана беріледі. Бір айлық шегерім ТЖ-ға дейін қарызы болмағандарға жасалады. Әлбетте, өтінім беріп, рұқсат алу міндетті. Кепілдіксіз кредиттердің пайызына қатысты мәселе әлі қарастырылып жатыр. Жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес өкілдеріне 90 күндік шегерім беру де жеке-жеке қаралады. Өтінімді банк сайтына онлайн жібересіз. Сәуірдің соңына дейін қаралуы мүмкін. Банк мамандары өтінішті қараған соң қандай шешім қабылдағаны туралы ақпарат жолдайды. Кредит төлемі уақытша шегерілетін болса, қосымша келісім жасалып, оны сайттан не мобайл қосымшадан көруге болады.  

ForteBank

Жеке тұлғаларға да, кәсіпкерлерге де үш айға шегерім өтінім беру арқылы қарастырылады. Осы мерзім ішінде өсімпұл мен айыппұл салынбайды. Бұл жерде де ТЖ-ның табысыңызға кері әсер еткенін дәлелдеу шарт. Мысалы кәсіпкердің бір облыстағы сауда орнында дүкені бар делік. Клиент азайғасын табысы да азаятыны анық. Сұранысқа байланысты деп себебін көрсетіп, шегерім алуына болады. Бірақ бәріне бірдей шегермейді. Әр өтінім мұнда да жеке қаралады. Банк сайтына кіріп, онлайн өтінім қалдырасыз. Тиісті құжатты сканерлеп, қосасыз. Бұдан бөлек құжат сұрауы да мүмкін. Жеке тұлғаларға да, кәсіпкерлерге де шарт сондай. 
  
Сбербанк

Кепілсіз кредит бойынаш жеке тұлғаларға 90 күн шегерім төлемді кешіктірмегендерге ғана беріледі. Тағы бір ескеретін жайт: кредиттің төленіп бітетін уақыты кем дегенде 2020 жылдың 1 қазаны не одан да ұзақ  болуы тиіс. Яғни жуық арада мерзімі бітетін несиелерге шегерім жасалмайды. Келісім-шарт бойынша кепіл болмауы керек деген шарт та бар. Кәсіпкерлерге берілетін шегерімде мерзімді өзінің белгілеуіне мүмкіндік беріледі. Өтінімнің үлгісі сайтта тұр. Соны толтырып, сканерлеп, банктің сайтына жолдау керек. Сонымен қоса ресми дәлелдейтін құжатты жіберу міндетті. 10 жұмыс күні ішінде жауабы келеді. 

Jysan bank

18 наурызға дейін рәсімделген кредиттерге ғана шегерім жасалады. Мерзімі - екі ай, күні кешіктірілген төлемі болмауы тиіс. Айыппұл мен өсімпұл осы уақыт ішінде қосылмайды. Банк шегеруге келіссе, төлем көлемі қайта есептеледі. Кепілсіз несие алғандардың келісім-шарт мерзімі ұзартылады. Кәсіпкерлерге үш ай шегерім жасауға рұқсат. Банкке барып, өтініш жазуға да, онлайн түрде тапсыруға да болады. Құжатпен растау қажет. 

АТФБанк, Eurasian Bank, Tengri Bank, Kassa Nova, Альфа-Банк, ЦентрКредит банкі

Кепілсіз кредиттер мен ипотекалар бойынша үш айға кейінге қалдыруға болады. Табыстың азайғанын дәлелдесеңіз болғаны. Тиісті құжаттар сұралады. ЦентрКредит банкі төлемді кейінге қалдыруға коронавирус жұқтырғандар, карантинде болғандар, ТЖ-ға байланысты төленбейтін еңбек демалысына шыққандар мен табысынан айырылғандарға ғана мүмкіндік береді. Тиісті құжаттарды қосып, өтінімді толтырып, қол қойып банктің электронды поштасына АТФ банктегі несиені кейнге қалдыру үшін банкке баруыңыз қажет. Алдағы уақытта онлайн рәсімдеу іске қосылуы мүмкін. Eurasian Bank өтінімд шарттарын әлі қарастырып жатыр. Tengri Bank мен Kassa Nova онлайн қабылдайды. Электронды пошталарына жолдайсыз. Қосымша құжаттар сұрап қалуы ықтимал. Альфа-Банк тек қашықтан қабылдайды. 15 күн қарастырылады. 

Kaspi Bank

2 сәуірден бастап клиенттерді қолдау бағдарламасы іске қосылады. 16 наурыздан бастап үш айға шегерім жасату үшін арнайы сервисте өтінім қалдырасыз. Сервис - мобайл қосымшада. Банктің кредитінен бөлек, бөліп төлеу рәсімдегендер мен Kaspi Red картасымен зат сатып алғандар да кейінге қалдыруға өтінім бере алады. Шегерім уақыты аяқталмайынша жаңа несие берілмейді. Ұялы телефон арқылы өтінім жолдайсыз, құжат талап етіллмейді. 


«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», Қазақстан ипоткалық компаниясы, Бәйтерек девелопмент

Baiterek ұлттық басқарушы холдингінің еншілестері - «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», Қазақстан ипоткалық компаниясы, Бәйтерек девелопмент. Осы арқылы алынған ипотекалардың төлемін үш айға кейінгі қалдыруға өтініш жасауға болады. Сайттарындағы жеке кабинетіңіз бен telegram-боттар арқылы қалдыра аласыз. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» 15 сәуірден бастап қабылдайды. 16 наурызға дейін несие төлемінің уақыты кешіктірілмеген болуы шарт. Растайтын құжат сұралмайды. Ай сайынғы көлем сол күйі қалады, кредит мерзімі ұзарады.  

«7-20-25», «Баспана хит» ипотекалары

Ұлттық банк пандемияға байланысты аталған тұрғын-үй бағдарламаларына өзгерту енгізген. Үш айға төлемді кейінге қалдыруға мүмкіндік беріледі. Дегенмен әр банктің өз саясаты барын ескерсек, шарттар да әр түрлі болады. Ипотеканы қай банктен рәсімдеген болсаңыз, сол ұйымның талабына сай іске асады. Әр өтінім жеке қаралады. 
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

Қазақстан қай елден қандай гуманитарлық көмек алды?

2020 жылы Қазақстанның өзі құны 2,5 млн доллар болатын арнайы жүк жіберген

Фото: Офелия Жакаева

Мемлекеттік кірістер комитетінің гуманитарлық көмек ретінде жеткізілген жүк туралы мәліметінен Қазақстанның жарты жыл ішінде өзге елдерден құны 250,9 мың доллар  0,41 тонна дәрі-дәрмек алғанын байқауға болады. Салыстырар болсақ, 2019 жылы жалпы құны  $3,9 млн болатын 1,3 тонна дәрі жеткізілген. 

Сонымен қатар, кеден статистикасының «Киім-кешек және аяқ киім» бөлігінде көрсетілген гуманитарлық көмектік құны қатты өскен. Былтыр келген тауардың құны  $653 мың болса, биыл 6 айдың ішінде еліміз 2,9 млн доллар  тұратын киім-кешекті гуманитарлық көмек ретінде алып үлгерген. Ал салмақ бойынша салыстырсақ, биыл келген жүктің салмағы төмен. (биыл – 84 тонна, былтыр – 239 тонна). 

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер департаменті «Киім-кешек және аяқ қиім» бөлігіне биыл коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің арнайы киімі кіргенін айтады. Қорғаныш киім тиелген ең үлкен гуманитарлық көмекті Қазақстанға Катар елі жіберген. Олар жалпы құны 1,6 млн доллар болатын 35 мыңнан аса арнайы қорғаныш киімдерін берген. 

Жалпы, осы жарты жылда  Қазақстанға жіберілген гуманитарлық көмек көлемі бойынша да Катар көш бастап тұр ($1 млн 719 мың). Ал екінші орында – Қытай ($838,5 мың), үшінші орында  Германия ($732 мың) келеді.

2020 жылдың алты айында республикаға құны 4,013 млн доллар гуманитарлық көмек келген. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2019 жылдың жалпы көрсеткіші $9,873 млн құрайды. Былтыр Қазақстанға гуманитарлық көмек жібергендердің көш басында Германия болған, бұл ел $8,2 млн тұратын көмекті тегін жіберген. 

Қазақстан кімге көмек беріп жатыр?

Қазақстанның өзі биыл екі елге гуманитарлық көмек жіберген екен. Жалпы құны – $2,5 млн. Соның басым бөлігін ұн түрінде Тәжікстан алған. Бұл елге 1 млн 572 мың доллардың ұны гуманитарлық көмек ретінде жіберілген. Оған қоса, Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін осы елге өкпені жасанды желдету шағын аппараттарының бір партиясын жіберуді жоспарлап қойған. Әзірге Ақмола облысында орналасқан отандық өндіруші өндіріс қарқынын арттырып болғанша, Қазақстан көршілеріне азық-түлікпен көмектесе тұрады. 

Биыл Ауғанстанға 2 мың тоннаға жуық азық-түлік: ұн, макарон өнімдері,  сүйық май мен қою сүт жіберілген. Оның жалпы құны  – $941,7  мың. Былтыр Қазақстаннан гуманитарлық көмек алғандардың арасында Ауғанстан жоқ, ал Тәжікстанға сол 5 мың тонна ұн жіберілген. Алайда ол  кезде жіберілген ұнның құны  $1 млн 269 мың болған. 

2 полоса_Гуманитарная помощь-01.jpg

 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg