Коронавируске қатысты негізсіз 9 кеңес

Жарияланды
Індетті жұқтырмауға қатысты желіде есті де, ессіз де талай кеңес тарап тұр

Ақпарат айдынында сенімді ақпараттан бөлек, тексерілмеген, фейк мәліметтердің де толып жүруі – заңдылық. Соңғы кездері коронавирус туралы түрлі ақпарат тарап жатыр. Әсіресе, көпшілік оның алдын алып, айығудың амалын іздеп әлек. Желіде осы індеттен қашып құтылудың жолдарын тізбектеген жазбаларды көп көрген боларсыз. Солардың ішінде шын мәнінде көмектеспейтін не бос шығынға ұшырататындарын назарыңызға ұсынамыз. 

1.С дәруменін көп ішу керек. 

ЖРВИ (жедел респираторлы вирус жұқпалары) тобына жататын COVID‑19-ды жұқтырмау үшін С дәруменін көп ішкен көмектеспейді. Тіпті шамадан тыс ішіп қойса, денсаулыққа қауіп төндіреді. Атап айтқанда, жүрек айнып, құсып, іш өтеді. Сондай-ақ, басы ауырып, ас қорыту жұмысын бұзады. Жаман айтпай жақсы жоқ, бүйрекке тас жиналуы да мүмкін.  

2. Мырыш препараттары көмектеседі.

Джеймс Робб есімді америкалық вирусологтың жақындарына жіберген электронды хаты желіде жедел тарады. Дәрігер вирус жұқтырмау үшін сақталуы тиіс гигиеналық талаптарды шегелеп айта келе, құрамында мырышы бар дәрі ішуге кеңес берген. Сол хат туралы естігендер дүрлігіп, бөлісіп жатыр. Негізі бұл ақпаратты толығымен фейк деуге келмейді. Өйткені мұндай дәрігер расымен бар, Калифорния университетінің патология кафедрасында жұмыс істейді. Туыстарына хат жолдағаны да шын. Көпшілікке тарап кеткен соң, Робб бәрін түсіндірген еді. Айтуынша, хатты тек жақындары көреді деп ойлаған екен. «Вирусолог ретінде айтар болсам, мырыш вирустарды жояды, оның ішінде коронавирустар да бар. COVID‑19 -ға қатысты да көмектесуі мүмкін деп ойлаймын. Бірақ бұған нақты дәлелім жоқ» дейді ол. Негізі құрамында мырышы бар биоқоспалар пайдасыз деуге болмайды. Коронавируске қарсы көмектеседі деп айта алмасақ та, ЖРВИ-мен ауырған кезде тезірек жазылуға септігі тиеді деседі. Бастысы, алғашқы белгілері біліне бастаған 24 сағаттың ішінде кемі 75 мг мөлшерде ішу керек. Тағы бір ескеретін жәйт – 150 мг-нан көп ішсеңіз, қауіпті. Уланып қалсаңыз, жүрек айнып, құсып, бас ауырып, диарея мазалауы мүмкін. Сонымен қатар иммунитетті төмендетуі де ғажап емес. Егер коронавирус жұқтырған болып, иммунитетіңіз төмендесе, ағзаңызға аурумен күресу тіпті қиындайды.    

3. Арақ вирусты жазады екен.

Американың Канзас-Сити қаласындағы Қасиетті Люк ауруханасының логотипі бар хаттың скрині де көп тарады. Ол жерде алкоголь ішкендер вирустен емделеді делінген. Тексере келе, ол құжат ақыры фейк боп шықты. Жалған ақпар екенін аурухана ресми мәлімдеді. Ішімдікті ем ретінде қолдануға ДДСҰ да қарсы. Сонымен қатар арақты қол мен дененің басқа бөліктерін сүртуге қолданбаған жөн. Этил спирті коронавирусті жоюға қолданылады. Бірақ арақ пен спирт – бір емес. Құрамындағы спирт концентрациясы кем дегенде 60 пайыз болса ғана, вируспен күресе алады. Ал арақтың күші – 40 пайыз. Тек сабын мен антисептик болмай, тығырыққа тірелгенде қолданбасаңыз, былайғы кезде сүртпеңіз.  

5. Тамақты жиі шаю керек.

Интернетте тұз, спирт, уксус қосылған сумен шаю керек деген жаңсақ пікір тарап жатыр. Коронавируске қарсы олар көмектесе алмайды. Әрі көп мөлшерде қолданса, тамақ пен жұтқыншыққа зиян тигізуіңіз мүмкін. 

6. Прополис пен эфир майларын иіскеу керек.

Медициналық масканың ішіне прополис жағылған бір қабат салып, соны иіскесе вируске қарсы ем болады деген кеңес бар. Мұның пайдасын дәлелдеген еш медициналық тәжірибе жоқ. Тіпті эфир майы мен прополистің күшіне сеніп, дәрігерге дер кезінде бармай, ауруды асқындырып алу да мүмкін екен.    

7. Ыстық су көмектеседі.

Коронавирус 27°С температурада өледі дегенді алға тартып, көпшілігі тамақ ауырса, жылы не ыстық су ішу керек деп ойлайды. Бірақ вирус мұндай температурада өмір сүре алмайтын болса, адамға тіпті жолай алмас еді. Себебі адамның орташа температурасы – 36,6 °С. Өкінішке қарай, вирустің нақты қанша температурада жойылатыны әзір белгісіз. Сонымен бірге көпшілік сенетін келесі аңыз: су тамақтан өтіп, вирусты асқазанға апарады, осылайша сол жақта жоқ болады деседі. Бұл да шындыққа жанаспайды. Өйткені коронавирус – респираторлық вирус. Яғни ол тыныс жолдарын зақымдайды. Ендеше су ішіп, тыныс жолдарынан вирусты «жуып» тастау мүмкін емес.  

8. Мұрынды тұз ерітіндісімен шайып тұрған дұрыс.

Коронавируске келгенде көмектесетіні дәлелденбеген. Бірақ бронхит, пневмония, ЖРВИ-ге қарсы қолданылатыны рас. 

9. Сарымсақты көп жеу қажет.

Өте пайдалы көкөніс саналады. Бірақ мұның да қорған болатынына кепілдік жоқ. Шамадан тыс жесе, зияны басым. Мысалы бір әйел 1,5 келі шикі сарымсақ жеп қойып, тамағы ісіп кеткен екен. Емдеу де оңайға соқпаған деп жазған еді бұл жағдай туралы BBC News.  
 

Сондай-ақ оқыңыз