Skip to main content

Коронавирус: Қазақстан төтенше жағдай режимінде

Соңғы мәліметтерді жинақтадық

Фото: www.shutterstock.com


Бүгін таңғы 8-ден бастап бүкіл Қазақстан төтенше жағдай режимінде. Ел тарихында алғаш рет жарияланған төтенше жағдай мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, сәуірдің 15-не дейін жалғасады. Қажет болған жағдайда, уақыты ұзартылуы мүмкін.


Осы жарлық бойынша елде карантин енгізіліп, қоғамдық маңызы бар мекемелердегі күзет күшейтіледі, ірі сауда нысандарының жұмысына шектеу қойылып, барлық сауда ойын-сауық орталықтары, кинотеатр, театр, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметін тоқтайды. Ойын-сауық,  спорттық  және басқа да бұқаралық іс-шаралар, сондай-ақ  той-томалақ, ас-жиын өткізуге тыйым салынды. 

Ақорда баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сәйкес, төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі резервінен қажетті қаражат бөлінеді. Айта кетейік, бұған дейін коронавирустың алдын алу шараларына ел қазынасынан 1,5 млрд теңге бөлінген.

Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, азық-түлік дүкендері мен  базарлар жұмысын жалғастырады. Ведомство таратқан мәліметте «министрлік республикада енгізілген төтенше жағдайлар кезінде азық-түлік базарлары мен дүкендер жұмысын жалғастыратындығын хабарлайды. Азық түлік дүкендері де басқа да шағын маркеттер, сауда-ойын-сауық орталықтарынан тыс орналасқан өзге бизнес нысандары иесінің қалауына қарай жұмысын жалғастыра алады» делінген. 

Сыртқы істер министрлігі төтенше жағдай кезінде Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдіктердің мемлекеттік шекара арқылы кіруіне - шығуына шектеу енгізілетін мәлімдеді.


Осы орайда мемлекет басшысы халықты сабырға шақырып, дүрбелеңге салынбауға шақырған. Өзінің парақшасында президент: «өкінішке қарай, коронавирус Қазақстанды да айналып өтпеді. Үкімет пен әкімдер өзіміздің және шетел азаматтарының қауіпсіздігі үшін айрықша шаралар қабылдауда. Жағдай толық бақылауда. Сабырлық танытып, жеке гигиенаны сақтау қажет. Арандатушылар жазаланады. Баршаңызға мықты денсаулық тілеймін» деп жазды. 

Ресми дерек бойынша, қазіргі кезде Қазақстанда 9 адам коронавирус жұқтырған.   Вирус жұқтырған алғашқы кісілер жайлы ақпарат 13 наурызда жарияланды.


Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындардан сақтық шараларына үлкен мән беруді сұрайды. Қолды сабындап жуып, антисептик пайдалануды, жеке бас тазалығын сақтау, адам көп жиналатын орындарға бармау, лажы болса үйде отыруды ұсынады. 
 

banner_wsj.gif

Бөтен адамға цифрлы қолтаңба алдырам деп, алаяқтарға алданып қалмаңыз

"Азаматтарға арналған үкімет" жеке деректерді бейтаныс адамдарға беруге болмайтынын ескертеді

Фото: shutterstock.com

Қалай қырық екі мың теңге туралы әңгіме шықты, солай әлеуметтік желілерде азаматтардың жеке мәліметтерін сұрату арқылы ЭЦҚ (ЭЦП) алуға көмектесемін хабарламалар қаптап кетті. Осындай пысықайлар қазіргі қиын кезді пайдаланып, төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандардан ЖСН, ЭЦҚ, банк картасының нөмірін, тіпті оның пин-кодын сұрай отырып, әлеуметтік жәрдемақыны рәсімдеп беру қызметін көрсетуді ұсынып отыр. 

Ал «Азаматтарға арналған үкімет»  қазақстандықтарды мұндай қызметтерге жүгінбей, одан бас тартуын сұрайды.

«Жеке мәліметтерді, соның ішінде ЭЦҚ-ны бөтен адамдарға беру арқылы азаматтар өздерінің жеке деректері мен мүлкіне қауіп төндіретінін түсінуі керек. Оған қоса, бұл төлем азаматтардың шотынан өздерінің «қолғабыс етуімен» ұрлануы мүмкін», – дейді мекеменің баспасөз қызметі. 

Электрондық цифрлық қолтаңба мен оның құпиясөзін алған алаяқтар азаматтың egov.kz-тегі барлық жеке мәліметіне қол жеткізе алады. Оған қоса, олар жалған келісім жасау үшін  оның атына кәсіпкерлік ашып, баспанасына бейтаныс тұлғаларды тіркеп, тіптен көлігін өзге адамның атына шығара алады. Ал банк картасының ПИН-кодын  алғаннан кейін алаяқтар ондағы барлық қаражатты шешіп алуы мүмкін.

Азаматтарға арналған үкімет қазақстандықтардың онлайн түрдегі мемлекеттік қызметтердің барлық мәселесі бойынша,  соның ішінде ЭЦҚ мен жаңа әлеуметтік төлем түрі бойынша ақысыз түрде және еш қауіпсіз 1414 бірыңғай байланыс орталығынан көмек ала алатындығын хабарлайды. Қоңырау шалу тегін. Қазіргі уақытта оның жұмысына халыққа қызмет көрсету орталықтарының 1800-ден астам қызметкері тартылған. 

Сонымен қатар Facebook әлеуметтік желісінде «eGov помощь» тобы құрылды, онда қарапайым желі қолданушылары, IT-мамандар және халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлерінен тұратын бірқатар ерікті жиналды. Олардың барлығы  egov.kz порталының белсенді қолданушылары, олар мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ алады және елімізде орын алған қиын сәтте өзге азаматтарға электрондық үкімет порталын пайдалануды үйретуге дайын. Сондай-ақ еріктілер азаматтардан еш жеке деректерін талап етпейді, тек сұрақтарына жауап беріп, пайдалы кеңестер беру арқылы мемлекеттік қызметті алуға көмектеседі.

Егер азамат ескертуімізге қарамастан, ақылы түрде күмәнді «көмекшілердің» қызметтерін пайдаланып үлгерсе және жеке мәліметтерін берсе, Азаматтарға арналған үкімет оларға ЭЦҚ-ның құпиясөзін pki.gov.kz-тегі жеке кабинеті арқылы өзгертуді немесе кілттердің күшін жоюды ұсынады.
 

banner_wsj.gif

drweb_ESS_kursiv.gif