Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізілді

Ол 1 айға созылады

фото: kursiv.kz

Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізілді. Бұл туралы Жарлыққа ҚР Президенті қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 


Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы


Қазақстан Республикасы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 16) тармақшасына және «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6-баптарына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: 


1. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыздағы 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуірдегі 07 сағат 00 минут кезеңінде төтенше жағдай енгізілсін.


2. Төтенше жағдайдың кезеңінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес құрамда құрылсын және оған «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өкілеттіктер берілсін. 


3. Төтенше жағдайдың күшінде болу кезеңінде мынадай шаралар және уақытша шектеулер енгізілсін:

1) қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық, ерекше режимдік, режимдік және ерекше қорғалатын объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтілсін;

2) ірі сауда объектілерінің жұмыс істеуіне шектеу қойылсын;

3) сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметін тоқтата тұрсын;

4) карантин енгізсін, санитариялық-эпидемияға қарсы ауқымды іс-шараларды, оның ішінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және ішкі істер органдарының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің қатысуымен жүзеге асырсын; 

5) ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынсын;

6) Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің дипломатиялық қызметінің персоналын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен Қазақстан Республикасына келетін халықаралық ұйымдар делегацияларының мүшелерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына көліктің барлық түрлерімен кіруге, сондай-ақ оның аумағынан шығуға шектеулер белгіленсін. 


4. Төтенше жағдай режимі кезінде қолданылатын шаралардың іске асырылуына жауапты болып Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері айқындалсын.


5. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры осы Жарлықта белгіленген шаралар мен уақытша шектеулерді іске асыру кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етсін. 


6. Қазақстан Республикасының Үкіметі: 
1) төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі резервінен қажетті қаражаттарды бөлсін;
2) медициналық тексеруден және емделуден, карантиндік режимді сақтаудан бас тартатын, эпидемиологиялық жағдайды айқындау үшін маңызы бар деректерді жасыратын адамдарға бақылау, сондай-ақ аталған адамдардың жауаптылығының шаралары күшейтілсін;
3) орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасының аумағында COVID-19 коронавирусының таралуын болдырмау мақсатында осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шараларды қабылдасын. 


7. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. 

 

banner_wsj.gif

Әлем елдерінің парламентінде гендерлік теңдік сақтала ма?

Соңғы 25 жылда әйелдердің үлесі 2 есе өскен

Фото: Асқар Ахметуллин

Соңғы 25 жылда парламенттегі әйелдердің үлесі екі есе өскен. Халықаралық парламент одағының (Inter-Parliamentary Union) мәліметі бойынша, бүкіл әлемдегі сайланбалы заң шығарушы органдардағы орынның 25 пайызы әйелдерге тиесілі. 

1995 жылдары парламенттегі әйелдердің үлесі бойынша Скандинавия және басқа да дамыған мемлекеттер көшбасшы болып, бірінші орында Швеция тұрған. Қазіргі кезде парламенттегі әйелдер саны бойынша Шығыс Африкада орналасқан Руанда көш бастап тұр. 

Төменгі палатадағы депутаттық 80 орынның 49-ын әйелдер иеленген, соның ішінде 24 орын әу баста-ақ әйел адамдар үшін арнайы квота ретінде бөлінеді. Дүниежүзілік экономикалық форумның байламы бойынша, 2015 жылы Руанда Үкіметі әлемдегі ең нәтижелі биліктің ондығына енген.

Куба Республикасының бір палаталы парламентіндегі 605 депутаттың 322-і – әйелдер, бұл мемлекетте биліктегі әйелдердің үлесі өте жоғары. Одан кейінгі орында Боливия тұр, онда парламен төменгі палатасының 53,3 пайызын әйелдер құрайды. 2019 жылдан республиканы ел тарихындағы алғашқы әйел-президент Жанин Аньес басқарып келеді. 

Ал төртінші орында – Біріккен Араб әмірліктері. Бұл елде парламеттің қызметін ұлттық аймақтық кеңес атқарады, онда президент резолюциясы бойынша әйел адамдарға 50 пайыз квота бөлінген. БАӘ ұлттық кеңесі – заң шығарушы орган емес. Тек заңды талқылау мен оған өзгертулер мен толықтыру енгізуге құқылы. 

Ал Швеция қазір жетінші орынға түсіп кеткен. Ел парламентіндегі әйелдердің үлесін арттыру бағытында соңғы ширек ғасырда Оңтүстік және Солтүстік Америка елдері қарқынды дамыды. Бұл ретте Тынық мұхиты аймағындағы мемлекеттерде алға жылжу аз. Мәселен, Папуа-Жаңа Гвинея және Вануату сынды мемлекеттердің парламентінде әйел адамдар мүлдем жоқ. 

Ал ТМД елдері арасында парламенттегі әйелдер саны бойынша бірінші орында Беларусь келеді, ал әлем елдері арасында –22 орында. Бұл елде парламент төменгі палатасындағы әйел депутаттардың саны 40 пайызды құрайды.

aiel.png

Осы ретте әйелдердің сайлау процесіне қатысуы елдегі саяси еркіндіктің кепілі бола алмайтынын айта кеткен жөн. Айталық, Руанданың өзі Freedom House тұжырымы бойынша, еркіндік рейтингіндегі 100 балдың тек 22-сін жанап, еркіндік жоқ елдердің қатарына кірген. Ал Араб әмірліктеріндегі еркіндік деңгейі 17 баллға бағаланса, Куба Республикасында тіптен төмен – бар-жоғы 14 балл. 

Кейбіл елдерде парламенттегі әйелдер санының артуын арнайы квота енгізілуімен түсіндіруге болады. Парламентаралық кеңестің бас хатшысы Мартин Чунгонг  квота енгізілген елдерде әйелдер өз қабілеттерін барынша көрсете алатынын атап өткен.

Әйелдердің сайлау процесіне қатысуына кепіл берілуі көптеген елдерде өз нәтижесін беріп келеді. Биліктің сайланбалы органдарында әйелдер үшін арнайы квота бөлу тәжірибесі әлемнің 104 елінде қолданылады. 
 

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg