Қауіпті рейспен ұшып келген жолаушылар карантинге жабылды

Жарияланды
Коронавирус жұқтырған әйелмен бірге Нұр-Сұлтанның 84 тұрғыны ұшып келген

Коронавирус жұқтырған әйелмен бірге ұшып келген адамдар карантинге жатқызылды. Ұшақ Миланнан Мәскеу арқылы Нұр-Сұлтанға қонған. Бортта 84 қазақстандық болған, оның 20-сы стационарға жеткізілді. Бұл туралы елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Сәуле Қисықова мәлім етті. 

«Ұшақ бортының ішінде 90 жолаушы болған. Олардың 84-і Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны. Қазір телефон шалып, байланыс орнатып жатырмыз. Кейін зертханалық сынама алынып, ауруханаға жатқызамыз», – деді ол.

Ол 12 наурызда Милан – Мәскеу – Нұр-Сұлтан рейсімен ұшып келген. Бүгінде науқас әйел «Нұр-Сұлтандағы» көпсалалы медициналық орталықта ем қабылдап жатыр. 

«Осы елден (Италия) келген адамдар 14 күнге оқшауланады. Осыған байланысты бұл азаматша жедел түрде әуе кемесінен біздің ауруханаға жеткізілді», – деді Қисықова.

Науқастан алынған биоматериалдар Ұлттық сараптама орталығының зертханасына жіберілді. Әйелден коронавирус індеті анықталды.

 
«Қазіргі уақытта науқас біздің ауруханада жатыр, шағым айтып жатқан жоқ. Бірақ, қолымызға зертханалық растама берілгеннен кейін емдеу шараларын бастап кеттік. Ол желдеткіші бар бір бөлмеде жатыр », – деді.

Оның айтуынша, 84 адаммен хабарласып, байланыс орнатылған екен.

«Олардың ішінде Ресей азаматтары да бар. Тіпті, кейбіреулері қайтатын билеттерін де сатып алып қойған. Бірақ біз бәрін оқшаулаймыз. Осы уақытқа дейін 20 шақты адамды ауруханаға жатқыздық», – деді Қисықова.

Бұған дейін Нұр-Сұлтанда коронавирус ауруы шыққан жағдайда 200 кереуеттік арнайы аурухана бар екенін айтқан болатын.
 

Сондай-ақ оқыңыз