Карантин кезінде көшеде жүру ережесі қатаңдауы мүмкін

Жарияланды (жаңартылды )
Бұл мәселе мемлекеттік комиссия отырысында шешіледі

Мемлекеттік комиссия карантин кезінде көшеде жүру ережесін қатаңдату мәселесін қарастырады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев мәлімдеді. 

«Соңғы кезде адамдардың дала жүргені үшін жауапкершілікті қатаңдату туралы екі мыңнан аса сұрақ келіп түсті. Бұл мәселені мемлекеттік комиссия қарап жатыр. Комиссия отырысы бүгін өтеді, оның қорытындысын БАҚ-та жариялайтын боламыз», – деді ол. 

Қазіргі кезде Қазақстан бойынша 109 науқас коронавирус індетін жұқтырған. Тек соңғы тәулікте ғана Нұр-Сұлтан қаласында – 9 адам, Алматы каласында 6 пациенттің вирус жұқтырғаны анықталған. Осы сағатта Нұр-Сұлтан қаласында – 61 адам, Алматы қаласында – 40, Қарағанды каласында – 2, Шымкент қаласында – 2, ал Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында  бір адамнан тіркелген. Соның ішінде екі адам сауығып, ауруханадан шықты. 

Осы орайда министр коронавирустан жазылған адамдардың есімі жарияланбайтынын, азаматтардың жеке мәліметтерін құпия сақтауға құқығы бар екенін айтып өтті. 

«Кеше айтқанымыздай коронавирустан екі адам жазылып шықты. Олардың біреуі – Алматы, екіншісі Нұр-Сұлтан қаласында емделді. Денсаулық сақтау министрлігінің хабары бойынша, кеше осы ақпарат тараған соң БАҚ өкілдері пациенттер туралы сұрап, хабарласқан екен. Сондықтан дәрігерлік құпияны сақтау жөнінде тағы да бір еске саламыз. Ешкім де коронавируспен ауырған адам ретінде аты шыққанын қаламайтын шығар. Сіздер сол адамның орнына өздеріңізді қойып көріңіздер. Олардың барлығы өз азаматтарымыз», – деді Дәурен Абаев. 

COVID-19 коронавирус инфекциясы Қазақстанда 13 наурызда анықталды. 16 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша  елімізде төтенше жағдай режимі енгізілді, ол 15 сәуірге дейін жалғасады және қажет болған жағдайда мерзімі ұзартылуы мүмкін. 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылды.

Сондай-ақ оқыңыз