Skip to main content

Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин режимі күшейтіледі

Мемлекеттік комиссия отырысының шешімі 28 наурыздан өз күшіне енеді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысы өтті. Мемлекеттік комиссия биыл 28 наурыз күнгі сағат 00.00-ден бастап  Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимін күшейту туралы шешімді  бекітті, деп хабарлайды primeminister.kz сайты. 

Нақты айтқанда:

  1. Азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуды және жұмысқа баруды қоспағанда, азаматтардың тұрғын үйден шығуын шектеу;
  2. Халық көп жиналатын орындарды жабу (саябақтар, скверлер, жаяу жүретін көшелер, жағалаулар, ойын алаңдары және т. б.);
  3. Қоғамдық көлік жұмысын кезең-кезеңмен шектеу;
  4. Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда үш адамнан артық топтасып жиналуға тыйым салу (отбасы мүшелерінен басқа); 
  5. Кәмелеттік жасқа толмағандардың үлкендерсіз сыртта жүруіне тыйым салынады.

Ал Шымкент қаласындағы Абай ауданында «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын үй алабында үйді-үйді аралауды ұйымдастырумен 14 күнге созылатын карантин енгізіледі. Сонымен қатар  әуежайдың, теміржол вокзалы және автовокзалдың, балабақшалардың жұмысы тоқтатылады. Халық көп жиналатын жерлер жабылады (саябақтар, скверлер, жаяу жүргінші көшелері, ойын алаңдары т. б.). Қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмысы сағат 18.00-ге дейін шектеледі (сағат 18.00-ден сағат 22.00-ге дейін үйге жеткізумен). Қоғамдық көлік қозғалысы кезең-кезеңмен шектеледі. Азық-түлік дүкендерінің, сауда орталықтары мен киім-кешек базарларының, қызмет көрсететін нысандардың жұмыс режимін шектеу Шымкент қаласының әкімінің шешімі бойынша жүзеге асырылады. 

Бұған дейін Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев Мемлекеттік комиссия карантин кезінде көшеде жүру ережесін қатаңдату мәселесін қарастыратынын мәлімдеген еді.

Қазіргі кезде Қазақстан бойынша 109 науқас коронавирус індетін жұқтырған. Тек соңғы тәулікте ғана Нұр-Сұлтан қаласында – 9 адам, Алматы каласында 6 пациенттің вирус жұқтырғаны анықталған. Осы сағатта Нұр-Сұлтан қаласында – 61 адам, Алматы қаласында – 40, Қарағанды каласында – 2, Шымкент қаласында – 2, ал Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында  бір адамнан тіркелген. Соның ішінде екі адам сауығып, ауруханадан шықты. 

COVID-19 коронавирус инфекциясы Қазақстанда 13 наурызда анықталды. 16 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша  елімізде төтенше жағдай режимі енгізілді, ол 15 сәуірге дейін жалғасады және қажет болған жағдайда мерзімі ұзартылуы мүмкін. 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылды.
 

banner_wsj.gif

Елорданың үш мыңға жуық тұрғыны жәрдемақыға өтініш берген

Қызметкерлердің өтінішін арнайы штаб қарастырып жатыр

Фото: Аскар Ахметуллин

Қазіргі кезде төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылып қалған 31 жұмыс берушінің 317 қызметкеріне  42500 теңге тағайындалған.  Сонымен қатар 2828 адамның өтінішін арнайы комиссия қарап жатыр. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мәлім етті. 

"Жұмыссыз қалған азаматтарға бүгіннен бастап тиісті  жұмыс орталықтарында  онлайн арқылы  төлем беру басталады. 300-ден аса өтініш түскен болатын. Солардың бәріне, жүмысынан айырылған азаматтарға, жұмыскерлерге  беріледі  Оның көлемі 42 500 теңге көлемінде бекітілген. Мемлекет дегеніміз сіз бен біз. Біз бір бірімізді қиын-қыстау кезеңде ешқашан ұмыт қалдырмаймыз. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мұқтаж азаматтарға азық-түлік, дәрі-дәрмек уақтылы жеткізіліп жатыр",- деді әкімнің орынбасары. 

Оның айтуынша, Үкімет осы мәселеге қатысты арнайы ережелер қабылдады. Елордада ақысыз демалысқа жіберілген азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем тағайындау басталды. Нүр-Сұлтанда  осы мәселемен тікелей айналысатын штаб құрылған, оның құрамына "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасы, кәсіподақ комитеті, мемлекеттік органдар, жұмыспен қамту басқармасы және басқа да ұйымдардың өкілдері кірді.

Бақтияр Мәкеннің айтуынша, төлемдер бойынша барлық мәселелер бойынша штабқа хабарласуға болады. 

"Барлық өтініштер онлайн-режимде қабылданады. Онлайн-кеңес беру  55-14-87, 55-01-74 және 55-69-59 телефондары арқылы жүргізіледі, немесе жұмыстан босап қалған қызметкерлерді тіркеу мәселелеріне қатысты колл-орталыққа тәулік бойы хабарласа аласыз. Сонымен қатар қала әкімдігінің ресми сайтына да", - деді Мәкен.

23 наурыз күні  төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында Президент  төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшерінде, яғни 42500 теңге жәрдемақы төлеуді тапсырған болатын. 

COVID-19 коронавирус инфекциясы Қазақстанда 13 наурызда анықталды. 16 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша  елімізде төтенше жағдай режимі енгізілді, ол 15 сәуірге дейін жалғасады және қажет болған жағдайда мерзімі ұзартылуы мүмкін. 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылды. 28 наурыздан бастап карантин шаралары күшейтіліп, қос қаладағы барлық ұйымдар мен кәсіпорындар 30 наурыз - 5 сәуір аралығында жұмысын уақытша тоқтатты. 

 

banner_wsj.gif

drweb_ESS_kursiv.gif