1 view

Кейбір шенеуніктердің ақша аударымдары қатаң бақылауға алынады

Бұл үшін арнайы тізім жасалады

Коллаж: Илья Ким

Қазақстанда ірі шенеуніктер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің ақша аударымдары мен сатып-сатылп алынған дүние-мүлкін бақылау күшейтіледі. Жақында мәжіліс депутаттары қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл бойынша заңнамалық түзетулерді мақұлдады.

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға қарсы  қазақстандық заңнама ақшаны жылыстатуға қарсы күрес қаржылық шараларын әзірлеу тобының (FATF) халықаралық талаптарына сәйкестендіріліп жатыр. 2022 жылы Қазақстан қылмыстық кірістерді заңдастыру мен терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ бағалауының екінші раундына қатысатын болады.  Соның нәтижесімен Қазақстан қаржы жүйесінің ашықтығы бағаланады және қандай тәуекел тобына жататынын айқындайды.

«Біз елдегі тәуекел деңгейін төмендетуге ұмтылуымыз керек» деді Мәжілістің жалпы отырысында депутат Сергей Симонов.

Депутат ұсынылған шаралар Қазақстанның болашақта халықаралық ұйымдар мен БҰҰ – ға мүше мемлекеттер тарапынан экономикалық санкцияларға ұшырамауына мүмкіндік беретінін айтты.

Маңызды түзетулердің бірі – жария лауазымды тұлғалардың ұлттық тізбесін құру. Қазір Қазақстандағы қаржы мониторингі қызметі тек шетелдік жария тұлғалардың операцияларына қосымша бақылауды жүзеге асырады.

ҚР Президенті Әкімшілігі шенеуніктер мен квазимемлекеттік сектор өкілдерінің қайсысы бақылауға алынатынын анықтауы тиіс. Осыдан кейін Мемлекет басшысы тізімді бекітеді.

«Әрбір мемлекеттік орган немесе квазимемлекеттік сектор кәсіпорнының басқару құрылымы бар, сондықтан деңгейлер де әртүрлі болуы мүмкін. Бұл тізімге тіпті ауыл әкімдері, сондай-ақ судьялар мен әскери қызметкерлер де енгізілуі мүмкін. Қатып қалған тізім жоқ, оған барлық деңгейдегі қызметкерлер қосымша қосылып, сызылып тасталуы мүмкін. Сонымен қатар, тізім қарапайым қызметкерлердің лауазымына әсер етпей, тек мемлекеттік-әкімшілік және саяси лауазым иелерінен қалыптасатынын түсіну керек» - деп түсіндірді депутат Сергей Симонов.

Қаржы мониторингі агенттігі бекітілген тізбе бойынша  танымал тұлғалар  мен отбасының,  жақын туыстарының дербес тізімін жасайды. Бұл тізімде тек аты-жөні және жеке сәйкестендіру нөмірлері көрсетіледі. Адам жоғары лауазымнан кеткен кезде, өзі мен оның отбасы мүшелері туралы мәлімет тағы бір жыл белгілі адамдар тізімінде сақталады.

Бұл дерекқорды құрамына банктер, МҚҰ, ломбардтар және биржалар кіретін қаржы мониторингі қызметі пайдаланатын болады. Қазір қаржы ұйымдары күдікті операцияларды анықтау үшін бұл базаны халықаралық кірісті жылыстату немесе терроризмді қаржыландырумен байланысы бар адамдар базасымен салыстырып жатыр. Аталмыш түзетулер қолданысқа енгізілгеннен кейін қаржы мониторингі қызметі жария тұлғалардың қазақстандық тізбесімен де салыстыратын болады. Осы тізімдегі кісілер жасаған операциялар қосымша тексеріледі: қандай операция жасады, қаржыны қайда аударды, не үшін аударды т.б. Қаржы немесе мүліктің қайдан келгені де тексеріледі. 

Бұл түзетулер қаржы мониторингі жүргізілетін ақшалай немес дүние-мүлікпен жасалған операциялар тізіміне де өзгерістер енгізеді. Заң жобасы казино мен лотереяның бақылануы тиіс ұтыс шегін 3 млн теңгеден 1 млн теңгеге дейін төмендетуді ұсынады.

 Ұтыс шегін төмендету FATF ұсынымдарымен байланысты, оған сәйкес, лимит $3 мың сәйкес келуі тиіс. Бүгінде ол 1,28 млн теңгеге тең. 

Жылжымайтын мүлікке қатысты жасалатын мәмілелер бойынша шекті сома 200 млн теңгеден 50 млн теңгеге дейін төмендетіледі.  Келісім сомасы 50 миллионан асқан жағдайда, құзіретті органдар мәмілеге қатысушыларға қатысты қосымша тексерулер жүргізеді.

Заң жобасы авторлары Мәжілістің жалпы отырысында жылжымайтын мүлікке қатысты жасалатын операциялар Қылмыстық жолмен табылған кірісті заңдастыру тәсілдерінің бірі екенін айтып өтті. 2018-2020 жылдары 200 млн теңгеден жоғары сомада жасалған операциялар 34%-ға төмендегіне қарамастан, тәуекел әлі де жоғары. Заң жобасындағы шекті соманы төмендету ұсынысы күдікті операцияларды жедел бақылауға мүмкіндік береді. Көрші елдерде бақыланатын қаржы шегі қазақстандық деңгейден төмен: Ресейде бұл шамамен 18 млн теңге, Беларусьте жеке тұлғалар үшін – шамамен 9 млн теңге, ал Арменияда – шамамен 43 млн теңге.

Тағы бір жаңалық – Қазақстан заңнамасында 2020 жылдың жазында енгізілген –  цифрлық активтер айналымына мониторинг жүргізу. Цифрлық актив шығаратын, сауда-саттығын ұйымдастыратын немесе оларды ақша мен мүлікке айырбастайтын тұлғалар өз қызметі туралы уәкілетті орган – Цифрлық даму министрлігін хабардар етуге міндетті. Бұл жерде сөз криптовалюта туралы емес (Қазақстан аумағындағы криптовалюта айналымына тыйым салынған), тек қамтамасыз етілген цифрлық активтер туралы, яғни қандай да бір тауармен, мысалы, металдармен немесе астықпен қамтамасыз етілген токендер туралы болып отыр. Цифрлық активтермен сауда-саттық жасауға арналған алаңдар да қаржы мониторингі субъектілерінің тізіміне енеді. Бұл, заң жобасын әзірлеушілердің пікірінше, Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыратын арналардың жолын жабуға мүмкіндік береді. 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Telegram және Facebook


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер