Микроқаржы ұйымдары нарығы инвесторларды несімен тартады?

Жарияланды
KMF басқарма төрағасы Шалқар Жүсіповтің авторлық бағаны

Бұған Қазақстандағы ең ірі микроқаржы ұйымы — KMF-тің 19 жылдан бері халықаралық кредиторлармен бірге жұмыс істеп келе жатқан тәжірибесі дәлел бола алады. 

Бүгінде микроқаржы ұйымы секторы — еліміздің қаржы нарығындағы жылдам өсіп келе жатқан саласының бірі. Соңғы бес жылды қарайтын болсақ, микроқаржы ұйымдары активтерінің жылдық өсімі орта есеппен 40 пайызды құрайды, ал олардың қаржы нарығы қатысушылары активтерінің жалпы көлеміндегі үлесі 0,4 пайыздан 1,6 пайызға өскен. Әрі жылдан жылға ұлғайып келеді. Микрозаймдар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ауылдардағы кәсіпкерлер арасында үлкен сұранысқа ие. Былай қарасаңыз, микроқаржы ұйымдарында ЕДБ-ларға қарағанда қашанда қаржыландыру көзі азырақ. Мысалы, микроқаржы ұйымдарының бірлескен міндеттемелерінің 90 пайыздан астамы — халықаралық қаржы институттарынан алынған займдар. KMF микроқаржы ұйымы 2000 жылдардың басынан бері халықаралық кредиторлармен жұмыс істеп келе жатыр. Мұндай компания аса көп емес. Әрі тартылған қаржы көлемі бүгінде жылына ондаған миллион долларды құрайды. Бізді көбі тұрақты бизнес моделі бар, сенімді серіктес деп біледі. 

KMF-тің халықаралық кредиторлармен жұмыс істеуде мол тәжірибесі бар дедік. Сонымен бірге олардың қаржылық және әлеуметтік талаптарын орындауда да едәуір тәжірибелі. Еуропа қайта құру және даму банкі мен IFC-мен (Халықаралық қаржы корпорациясы) жұмыс істеген тәжірибеміздің арқасында жаңа серіктестер тартуға мүмкіндік туады. Соңғы жылдардың өзінде тұрақты серіктестеріміздің қатары Еуропалық инвестициялық банк (EIB), Аустрия даму банкі (Oesterreichische Entwicklungsbank), AFD француз даму агенттігінің еншілес кәсіпорны Proparco, SIFEM Швейцарияның қаржылық даму институтымен толықты.             

Реттеушінің микроқаржы ұйымдарына қор биржасына бағалы қағаздарды орналастыруға рұқсат беру туралы шешімі шыққалы микроқаржы ұйымдары өзі үшін қаржыландырудың қосымша көзін тауып, жергілікті инвесторлар болса, жаңа мүмкіндіктерге ие болып жатыр. Өткен жылдың басынан бері біз қоржынымыздағы жергілікті кредиторлар үлесін 8 пайыздан 19-ға көбейттік. Әрі алдағы уақытта да биржаға облигациялық займдар есебінен шығу арқылы өсіре береміз деген жоспарымыз бар.  

Биыл маусымда KMF «B+» рейтингін (РДЭ), Fitch халықаралық рейтингтік агенттігінен «Тұрақты» деген болжамды иеленді. Микроқаржы ұйымдары үшін бұл рейтинг өте маңызды саналады. Сәйкесінше мұндай дәрежеге жетуге әсер еткен факторлар арасында компанияның жылдам өзгеретін сыртқы операциялық орта жағдайында ұзақ уақыттан бері тұрақты жұмыс жүргізуі, микрокредит беру сегментіндегі жетекші нарықтық үлесі, бизнес тартымдылығының жақсы көрсеткіштері, аталған бизнес-модель үшін кредиттік ысыраптың айтарлықтай жоғары болмауы, нарықтық тәуекелі төмен диверсификацияланған және қысқамерзімді кредит қоржыны, сонымен бірге ел ішінде де, шет мемлекеттерде де қаржыландыру көздеріне қол жеткізе алуын атап өтуге болады.      

Жағымды баға беруге ықпал еткен қосымша фактор ретінде біздің әлеуметтік мәселелерді шешуге әзірлігіміз бен ауылдағы кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қаржыландыруды қолжетімді ету жолын кеңейткенімізді айтуға болады. Компания ESG (әлеуметтік ықпалға берілу) шкаласы бойынша бес ұпайдың төртеуін иеленді. Аталған шкала бойынша бағалану — компаниямыздың инвесторларға тартымды болудың маңызды бөлігі. Одан бөлек, KMF қашықтан несиелендіру мен өтінімдерді автомат түрде қарастыру технологияларын енгізіп жатыр.    

Бүгінде KASE мен AIX-те микроқаржы ұйымы облигациялары шығарылымының бірқатары өтті. Ол облигацияларға сұраныс айтарлықтай жоғары. Себебі инвесторларға жақсы шарттар ұсынылған. Компаниямыз алдағы уақытта биржаға инвестициялық ұсыныспен шығу үшін бұл бағытта жұмысты бастап кетті.  

 

Сондай-ақ оқыңыз