Борыштық жүктеме коэффициенті: бұл не

Жарияланды
Қандай жағдайда сізге кредит берілмейді

Борыштық жүктеме коэффициенті (БЖК) – бұл қарыз алушының барлық өтелмеген кредиттері мен қарыздары бойынша төлемдердің оның ай сайынғы кірістеріне арақатынасы. Бұл жағдайда қарыз жүктемесінің коэффициенті сіз үшін жоғары болып саналады. Бұл Fingramota.kz сайты хабарлады.

Банктерде және микроқаржы ұйымдарында кредит ресімдейтін азаматтар үшін ол 50% – ды құрайды. Яғни, ай сайынғы төлем қарыз алушының ресми табысының жартысынан аспауға тиіс. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, азаматтардың кредит алу мүмкіндігі соғұрлым төмен болады және шамалы қаржылық қиындықтар туындаған жағдайда олар қарыз құрсауынан шыға алмаулары мүмкін.

Қарыз алушының БЖК барлық өтелмеген микрокредиттер, банктік қарыздар бойынша кешіктірілген сомалар мен қарыз алушының жаңа берешегі бойынша орташа ай сайынғы төлем сомасын қоса алғанда, қарыз алушының барлық өтелмеген микрокредиттері, банктік қарыздары бойынша ай сайынғы төлем сомасының қарыз алушының соңғы алты айдағы орташа кірісіне қатынасы ретінде есептеледі.

Тексерудің екі кезеңі

Кредиттік ұйымдар БЖК-ны өз тәуекелдерін бағалау үшін есептейді. Жоғары көрсеткіші бар қарыз алушылардың өз қарыздарын төлей алулары екі талай, ал бұл бірде бір кредитор үшін тиімді емес.

Кредиторлар қарыз алушының төлем қабілеттілігін және БЖК-ны екі кезеңмен есептейді. Бірінші кезеңде – банктер немесе микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) қарыз алушының кредитті өтеуге қабілеттілігін және оны төлеу кезеңінде қалған ақшасының өз мұқтажы мен отбасының мұқтажын қанағаттандыру үшін қаншалықты жеткілікті болатынын бағалайды. Кредит бойынша ай сайынғы төлемнен кейін қалатын ақша бір ересек адамға ең төменгі күнкөріс сомасынан аз емес және әрбір кәмелетке толмаған адамға ең төменгі күнкөріс деңгейінің жартысы мөлшерінде болуы тиіс. Мәлімет үшін – 2021 жылда Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңгені құрады.

Ресми кіріспен қатар, кредиттік ұйымдар сондай-ақ мыналарды ескереді:

– дебеттік карта бойынша толықтырудың не шығыстардың орташа айлық сомасы;

– депозиттегі және/немесе ағымдағы шоттағы қалдықтар сомасы (алу және толықтыру ескеріледі);

– жабық банктік қарыздар және микрокредиттер бойынша ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы;

– коммуналдық қызметтер бойынша шығыстардың орташа айлық сомасы;

– шетелге сатып алынған билеттің құны;

– интернет-дүкендердегі сатып алулардың орташа айлық сомасы;

– меншігінде кредит құнынан асатын орташа нарықтық құны бар автокөлік құралының және (немесе) жылжымайтын мүліктің болуы;

– жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдаудан түсетін орташа айлық табыс;

– табысты растаудың басқа көздері.

Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушы-қарыз алушының төлем қабілеттілігін есептеу кезінде ресми табыстың мөлшері ғана ескеріледі.

Екінші кезеңде банктер мен МҚҰ қарыз алушының несие тарихын және қолданыстағы басқа кредиттердің болуын тексереді. Кредиторлар БЖК-ны тексереді және қарыз бен ай сайынғы төлемнің ең жоғары мүмкін сомасын анықтайды. Қарыз алушыда қолданыстағы кредиттердің болуы кепілсіз жаңа тұтыну кредитін беру туралы оң шешім алуға әсер етуі мүмкін.
Кредитті мақұлдау үшін барлық кезеңдерден өту мақсатында сізге өзіңіздің барлық міндеттемелеріңіз бойынша кірістеріңіз бен шығыстарыңызды алдын ала тұрақтандыру қажет: керек емес кредит карталарын жабу, лимитті азайту, ұсақ қарыздарды өтеу және т.с.с. Егер БЖК сіз үшін жоғары болып қалатын болса, қосалқы қарыз алушыны немесе кепілгерді тартуға болады, бұл сіздің кредит алуға деген мүмкіндіктеріңізді арттыра алады. Алайда кредиттік жауапкершілікті есіңізде сақтаңыз, жаңа кредитке күшіңіз жете ме, отбасылық бюджетке залал келтірмей өз міндеттемелеріңізді мерзімінде өтей аласыз ба.

 

Сондай-ақ оқыңыз