2022 жылы республикалық бюджет кірісі 9,2 трлн теңгені құрайды

Жарияланды
Ал шығысы 15,9 триллионнан аспақ

2022 жылы республикалық бюджет кірісі 9,2 трлн теңгені, 2023 жылы  9,7 трлн теңгені құрайды. 2024 жылы бюджет бүйірі 10,4 трлн теңгеге толықпақ. Үкімет отырысында «2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасын таныстырған  қаржы министрі  Ерұлан Жамаубаев келер жылы бюжет шығысы 16 трлн теңгеге жуықтайтынын айтты. 

2022 жылы жалпы бюжетке түсетін қаржы биылғы жоспармен салыстырғанда 431 млрд. теңгеге арта отырып, 13 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Мұнайдан басқадан түсетін түсімдер 1,8 трлн теңгеге немесе 25,1%-ке артады  деген болжам бар. Мұнайдан түсетін түсімдерді біртіндеп Ұлттық қордың қаражатын жинақтау режиміне оралуға байланысты 1,3 трлн теңгеге төмендету қарастырылған.

Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт келер жылға 2,4 трлн теңге мөлшерінде анықталған, ол біртіндеп 2024 жылы 2,0 трлн. теңгеге дейін төмендауы тиіс.

Министр нәтижесінде мұнайлы емес түсімдердің үлесі  56,4%-тен 2024 жылы 71,4%-ке дейін өсетінін атап өтті. 

«2022 жылы республикалық бюджет кірісі 9,2 трлн теңгені, 2023 жылы  9,7 трлн теңгені құрайды. 2024 жылы бюджет бүйірі 10,4 трлн теңгеге толықпақ. Бюджет тапшылығы 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің 3,3%-інен кезең-кезеңмен 2024 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,5%-іне дейін төмендеуімен жоспарланған. Бұл ретте мұнайлы емес тапшылық көрсетілген кезеңде жалпы ішкі өнімнің 8,1%-інен 6,3%-ке дейін төмендейді» деді министр үкімет отырысында. 

Министрдің айтуынша, 2022 жылы шығыстар  биылғы жоспардан 577 млрд. теңгеге  арта отырып, 15,9 трлн теңгені құрайды. Ал бюджеттің ағымдағы шығыстары келесі жылға 14,9 трлн теңге деңгейінде анықталған. 

Даму бюджетінің көлемі 2022 жылы 1 трлн теңге сомасында жоспарланып отыр.

Қаржы министрінің баяндамасында әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы сол күйінде сақталатынын атап өтті.  Бұл салаға бөлінетін ақша бюджет шығынының тең жартысына тең. Яғни, 2022 жылы әлеуметтік салаға 8,0 трлн теңге бөлінбек. 

«Шығыстардың өсуі жыл сайынғы индекстеу және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентінің ұлғаюына, сондай-ақ  мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақыларының көтерілуіне байланысты болды» деді Ерұлан Жамаубаев. 

Экономиканың нақты секторын дамытуды қолдауға 2022 жылға 2,0 трлн. теңге көзделіп отыр. 

Осы қаражат шеңберінде «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Бизнестің жол картасы – 2025», индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламалары мен басқа да бағдарламаларды іске асыру жалғасатын болады.
 

Сондай-ақ оқыңыз