1 view

Ұлттық банк базалық ставка бойынша шешім қабылдады

Мамырда инфляция 7,2 пайыз болған

Фото: Асқар Ахметуллин

Ұлттық банк қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада инфляция тәуекелдерінің теңгерімін ескере отырып базалық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдады. Банктің ақша-несие саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 9,00% деңгейінде белгілеу туралы келісімге келген. Осылайша, бірнеше ай қатарынан базалық пайыздық мөлшерлеме өзгеріссіз қалып отыр. 

Ұлттық банктің хабарлауынша дәл қазіргі сәтте Қазақстанның негізгі сауда әріптестері болып табылатын елдерде әлемдік азық-түлік бағаларының өсуіне және инфляцияның жеделдеуіне байланысты сыртқы инфляциялық қысымның сақталуы байқалады. Ішкі экономикада іскерлік белсенділік пен тұтынушылық сұранысты біртіндеп қалпына келтіру процесі жалғасып жатыр. 

«2021 жылғы мамырдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 7,2%-ды құрады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер бағасының өсуі азық-түлік нарығындағы дезинфляциялық процестермен ішінара теңестірілді. Азық-түлік инфляциясы баяулауды жалғастырды және 2021 жылғы мамырдың қорытындысы бойынша 9,3% (2021 жылғы сәуірде 9,8%) болды. Оның ағымдағы баяулауы 2020 жылғы инфляцияның жоғары базасын есептеуден шығуға байланысты болды. Бұл ретте жекелеген тауар нарықтарында бағаның өсу үрдісі сақталуда. Қосымша проинфляциялық қысым 12 ай бойы жалғасып келе жатқан азық-түліктің әлемдік бағасының өсуіне әсер етеді» деп хабарлайды Ұлттық банк. 

Сондай-ақ мамырдың қорытындысы бойынша халыққа көрсетілетін ақылы қызметтер бағасы 5,1 пайызға бір-ақ көтерілген. Одан бөлек коммуналдық қызмет, жол-транспорт қызметі және жекелеген реттелмейтін қызметтердің де ақысы қымбаттаған. Бұл орайда бас қаржылық қадағалаушы 2022 жылы ішкі орта факторлары әсерінің сарқылуы және сыртқы инфляциялық қысымның әлсіреуін болжайды. 

«Қытай мен ЕО-дағы инфляцияның алға қойған нысаналы деңгейлеріне қол жеткізбеу және әлемдік азық-түлік бағаларының біртіндеп төмендеуімен Ресейдегі инфляция 4% деңгейінде тұрақталауы күтілуде. Негізгі сауда әріптес елдерінен азық-түлік пен азық-түлікке жатпайтын импорттың жоғары үлесін ескере отырып, бұл елдердегі инфляцияның біртіндеп тұрақтануы Қазақстандағы инфляцияны бәсеңдетуге және мақсатты 4-6% деңгейіне енуге көмектеседі. Экономиканың нақты секторындағы ахуалдың біртіндеп жақсаруы жалғасуда. 2021 жылғы қаңтар-сәуірдің қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі жылдық мәнде 0,7%-ды құрады. Саудада (5,7%-ға өсу), көлікте (төмендеу жылдамдығының -9,0% дейін баяулау) қалпына келтіру серпіні байқалады. Өңдеу өнеркәсібінде (7,7%), құрылыста (12,5%), ақпарат пен байланыста (11,1%) өсу қарқынының жеделдеуі байқалды» делінген Ұлттық банк хабарламасында. 

Қазіргі таңда әлемдік экономикадағы жағдай оң серпінде қалыптасып отыр. Әлемде 2 миллиардтан астам дозада вакцина енгізу аясында эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына байланысты вакцинация деңгейі жоғары елдерде карантиндік шектеулерді біртіндеп жеңілдету басталды. Бұл фактор бірқатар ірі елдердің қарқынды ағымдағы экономикалық өсуімен бірге әлемдік экономиканың дамуына қатысты халықаралық ұйымдардың болжамдарын қайта қарауға алып келді. 

Халықаралық валюта қорының болжауынша, 2021 жылы әлемдік экономикалық өсім 5,5-тен 6,0 пайызға дейін көтерілмек. Жекелеп қарар болсақ, 2021 жылы ЕО экономикасы 4,4%-ға, Қытайдың ІЖӨ-сі 8,4%-ға өседі. Алайда қазіргі уақытта шикізатты жеткізуге және шығындарының өсуіне байланысты байқалып отырған проблемалар экономикалық өсуге қысым көрсетуі мүмкін. Болжам бойынша, биылғы жылы Ресей экономикасы 3,8%-ға ұлғаяды. Сондай-ақ Ұлттық банк әлемдік мұнай нарығындағы ахуалға да тоқталады. 

«2021 жылғы маусым айының басында Brent сұрыпты мұнайдың әлемдік бағасы бір баррель үшін 71 АҚШ долларынан асты. Елдер жүргізетін вакциналау нәтижесінде сұраныстың жылдам өсуімен, сондай-ақ жуырда мұнай өндіруді біртіндеп ұлғайту жөнінде қабылданған шешім аясында ОПЕК+ елдерінен мұнайдың барынша қалыпты ұсынысымен баға бірқалыпты болады. EIA бағалауы бойынша, ОПЕК+тен тыс елдерде мұнай өндіруді біртіндеп өсіру нәтижесінде мұнай бағасы 2021 жылғы екінші тоқсаннан кейінгі ағымдағы мәндерден шамалы төмендейтін болады. 2021-2022 жылдар ішінде Brent сұрыпты мұнай бағасы бір баррель үшін шамамен 60 АҚШ доллары деңгейінде болады. Әлемдегі ағымдағы эпидемиологиялық ахуалды және халықаралық ұйымдардың болжамдарын назарға ала отырып, Ұлттық Банк ағымдағы болжамды раундтың базалық сценарий шеңберінде Brent сұрыпты мұнайдың бағасын қайта қарап, оны 2021-2022 жылдары орташа есеппен 60 АҚШ долларына дейін көтерді» делінген болжамда. 

Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімді 2021 жылғы 26 маусымда Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша 15:00-де жариялайды. 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Telegram және Facebook


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер