Мұнай қымбаттады. Ал теңге неге нығаймай тұр?

Жарияланды
Ұлттық банк түсіндіреді

Маусым айында мұнай айтарлықтай қымбаттағанына қарамастан, теңге бір АҚШ доллары үшін  425,6-428,7 аралығында саудаланып келеді. Теңге неліктен мүнайдың соңын ала нығая алмай тұрғаны мен  әлемдік нарықтағы жағдай бағам серпініне қалай әсер ететіні  жайлы Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтып берді. 

Расында қазір мұнай нарығында жағымды жаңалықтар басым болғандықтан, ол баррель бағасына әсер етеді. Мұнай бағасы соңғы 2 жылда алғаш рет 75,90 деңгейіне дейін жетіп, бір баррель қара алтын 75 доллардан саудаланып жатыр. Қоймадағы қордың  азаюы және қозғалысқа қойылған шектеулердің біртіндеп алынуы, жаздағы сұраныстың артуын күткен инвесторлардың үміті мұнай бағасының қымбаттауына ықпал етіп отыр. 
 
Алайда Әлия Молдабекованың айтуынша, бірқатар ішкі факторлар теңгеге тежеуші әсер беріп отыр.  

«Біріншіден, іскерлік белсенділікті қалпына келтіру және локдаун кезеңінде «тыныш аймақта» болған тауарлар импортына кейінге қалдырылған сұранысты сату есебінен валютаға деген сұраныс тұрақты түрде сақталады. Атап айтқанда, өндіріс құралдары мен аралық тауарларға кейінге қалдырылған сұраныс жүзеге асырылуда. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың артуы экономикалық белсенділікті қалпына келтірудің және шетел валютасына сұранысты арттырудың айқын айғағы болып табылады. Егер 2021 жылғы қаңтар-мамырда сауда-саттықтың орташа көлемі бір күнде 125 миллионды құраса, маусымда оның көлемі 146 млн АҚШ долларына дейін өсті» дейді  қаржыгер. 

2021 жылғы қаңтар-сәуірде импорт өсімі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 11,5%-ды құрап, азық-түлікке жатпайтын  тұтыну тауарларының импорты мен өндіріс құралдарының есебінен 11,4 млрд долларға жеткен.

«Егер нақты мысалдар келтіретін болсақ, бір жыл бұрын 200 млн АҚШ долларына артық алынған автомобиль импорты ең үлкен өсімді көрсетті. Қазақстанға келген тауарлар арасында ерекше өсім көрсеткен тұрмыстық техника: компьютер, монитор, проектор, телефон мен тоңазытқыштар. Барлық импорттық тауарлардың шамамен 40%-ы Ресейден әкелінеді және бұл үрдіс күшейіп келеді. 2020 жылдың қаңтар-сәуір айымен салыстырғанда, 2021 жылғы қаңтар-сәуірде тауар Ресейден 16%-ға көп импортталды.  Екіншіден, маусымдық өзгерістерді де атап өту қажет. Әрине, коронавирустың таралуын және шектеу шаралары сақталарын ескерсек, демалыс маусымына байланысты валютаға сұраныстың өсуі аса маңызды емес, дегенмен сақталады» дейді маман.

Сонымен қатар маусымның бірінші жартысында негізінен шетелдік капитал үлесі бар компанияларға қатысты дивиденд төлеу кезеңі аяқталды. Яғни, бұл компаниялар шетелдегі бас ұйымдарға аудару үшін акционерлердің дивидендтерін валютаға конвертациялайды. Бұл бағамға тікелей әсер етеді, өйткені мұндай кезеңдерде валютаға сұраныс артады.

Үшіншіден, ҰБ төрағасының орынбасары валютаға сұраныс фискалдық ынталандырудың ықпалымен және зейнетақы жинақтарын пайдаланумен қолдау тауып жатыр деп атап өтті:

«Ұсыныс тұрғысынан үлкен өзгерістерді көріп отырған жоқпыз. Экспорттаушы компаниялар және бюджетке трансферттерді орындау үшін Ұлттық қордың активтерін конвертациялау валютаны сатудың негізгі көзі болып қалып отыр. Осы факторлардың барлығы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігіне әсер етеді. Қазіргі шетел валютасына сұраныстың артуы мұнайдың салыстырмалы түрде жоғары бағасына қарамастан теңгенің нығаюына мүмкіндік берер емес».
    
 

Сондай-ақ оқыңыз