Былтыр бюджетке 5,5 трлн теңге салық түскен

Жарияланды
Ұлттық қордан алынған қаржы көлемі де артқан

Былтыр пандемия кезінде Ұлттық қордан тартылған трансферт көлемі артып, бюджет кірісінің 45 пайызын құраған. Бұл қаржы кононавирус пандемиясымен күреске жұмсалыпты. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті.

Үкіметтің 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жайлы есебін талқылау барысында министр бюджетке 6,6 трлн теңге түскенін айтып өтті. 

«Трансферттерді есепке алмағанда, кіріс бойынша жоспар 22 млрд теңгеге артығымен орындалды. Бюджетке 6,6 трлн теңге түсті. Салық түсімдері 5 трлн 576 млрд. теңгені құрап, жоспар 100,3 пайызға орындалды. Салық бойынша асыра орындау корпоративтік табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы және шикі мұнайға салынатын экспорттық кедендік бажға тиесілі. Сонымен қатар, қосылған құн салығы бойынша  жоспарлы 256 млрд теңгеге атқарылмаған. Бұл қосылған құн салығын қайтарудың өсуіне, тауар айналымының күрт азаюына және елдің сыртқы саудасының төмендеуіне байланысты болды» деді Е. Жамаубаев.

Министрдің айтуынша, коронавирус дағдарысы кезінде  Ұлттық қордан алынған қаржы көлемі өсіп, былтырғы бюджет кірісінің 45 пайызын құрапты. 

«Әрине, шикізаттық емес кірістің жаңа көзін іздеу мен фискалдық әкімшілендіруді жақсарту маңызын түсінеміз. Осыған орай көлеңкелі экономиканы қысқарту, салық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. біз 700 млрд теңгеден аса бюджетке қосымша түсімдерге қол жеткіздік» деді министр.
 

Сондай-ақ оқыңыз