Баланы қаржылық сауаттылыққа үйретудің негізгі ережелері

Жарияланды
Бала ақша туралы не білуі керек

Ата-аналардың балаларын қаржылық сауаттылықтың негіздеріне үйретудің негізгі сегіз ережесі. Бұл туралы Fingramota.kz сайты мәлімдеді.

№ 1 ереже. Үлгі болыңыз. Ағылшынның мақалы «Балаларды тәрбиелемеңіз – олар бәрібір сізге ұқсайтын болады. Өзіңізді тәрбиелеңіз» дейді. Мұнымен келіспеуге болмайды, себебі балалар көбіне ата-аналарының істегенін қайталайды.

Сондықтан да басты кеңес – сіз қаржылық тұрғыдан сауатты болыңыз. Егер өзіңізде бюджетті жоспарлаудың қарапайым дағдылары болмаса, балаларыңыздың ұзақ мерзімді жоспарлаудың не екенін түсінуі қиындау болады. Егер отбасыңызда қаржы мәселесі реттелген болса, балаңыз да есейгенде соған ұмтылады.

№ 2 ереже. Ақша жайында ойын түрінде айтып беріңіз. Ойын – бұл уақыт өткізу әрі оқыту. Баланы ойын арқылы үйрету жеңіл әрі жылдам.

Қарапайым ойындардан бастаңыз:

Ақшаның түрі қандай? Балаңызға мынадай ойын ұсыныңыз: екеуіңіз қазына тауып алдыңыздар делік. Мұндағы ақшаның шынайы не жалған екенін қайдан білуге болады? Шынайы және «сувенир» ақшаны пайдалануға болады. Балаңызға купюралардың шынайылық белгілері, оларды ажырата білу, әріптерінің салынуы, сутамғы белгілері және басқа да қорғаныш белгілері жайында айтып беріңіз.

Ақша қайдан алынады? Ақшаның ағашта өспейтінін, «банкоматтан» алына қоймайтынын түсіндіріңіз. Мамандықтар жайында айтып беріңіз. Ақшаның «аспаннан түспейтінін» бала түсінуі қажет. Мамандық таңдау ойыны сияқты ойын ұйымдастыруға болады. Балалар мамандық таңдап, бір біріне көрсеткен қызметтер үшін ұсақ купюраларды не тиынды пайдаланып, ақысын төлейді.

Ақшаға не сатып алуға болады? Қарапайымнан бастаңыз: азық-түлікті, ойыншықты және өмірімізге қажетті заттарды ақшаға сатып аламыз. Дүкен ойынын ойнаңыздар: түрлі тауардың (ойыншықтардың) бағасын жазып қойыңыздар. Біреуіңіз – сатушы, екіншіңіз – сатып алушы болыңыздар. Бастысы – бала заттың оңайлықпен алына қоймайтынын, оның алдымен ақысын төлеу керек екенін түсінуі қажет.

№3 ереже. Балаңызды ақша жинап жүргені үшін көтермелеп қойыңыз. Бала таңдау жасай білуі қажет – қажет емес, нақ сол кезде қалаған нәрсесін алған дұрыс па не маңызды әрі бағалы зат алғаны дұрыс па? Мәселен, күнде кәмпит ала бермей, ақшасын жинап, айдың соңында жаңа ойыншық алу.

Балаңыздың армандап жүрген затын алуы үшін ақша жинауға үйретіңіз. 

№4 ереже. Қалтапұл беріп тұрыңыз. Үйренудің ең жақсы тәсілі – тәжірибе. Қалтапұл – қаржылық сауаттылықты үйретудің үздік тәсілі. Мынадай ережелерді белгілеп алған маңызды: тек қана айтылған соманы және белгілі кезеңде беру (аптаның кез келген күнін таңдайсыз).

Ақшаны қалай жұмсауға болатынын міндетті түрде айтып беріңіз: оларды апта бойы жұмсау, ірі саудаға жинау, банкке салу және сол үшін пайыз алу.

Ережені бұзуға болмайды. Егер бала барлық ақшасын бір күннің ішінде жұмсап қойса, ақшасыз отыра тұруға тура келеді. Бірақ берілген ереже баланың бастапқы қажеттіліктеріне қатысты емес (жол шығындары, мектептегі түскі ас).
№ 5 ереже. Балалардың өз бетімен сауда жасауына сеніңіз. Бала белгілі бір сома жинаған кезде, мысалы ойыншыққа делік, оған өз бетімен ойыншықты таңдап, оның ақысын төлеуге мүмкіндік беріңіз. Ол бұл сезімді есіне сақтап алады да, мақсатына өз бетімен қол жеткізгені үшін бойын мақтаныш кернейтін болады.

№ 6 ереже. Өз бюджетіңізді басқаруды үйретіңіз. Балаға сіз берген ақша немесе туыстары туған күніне сыйға берген ақша – толығымен өзінікі екенін түсіндіріп айтыңыз. Демек, кез келген шешім үшін бала өзі жауапты болады.

№ 7 ереже. Баланың қателесу құқығын сыйлаңыз. Балаңыздың заттарға, соның ішінде ақша мәселесіне келгенде көзқарасы сіздің көзқарасыңыздан ерекше болуы мүмкін. Оның пікірін сыйлаңыз. Оның жасаған әрекеттерін ешқашан сынамаңыз. Оған өз қателіктері арқылы үйренуге рұқсат беріңіз және қажет болған жағдайда ақыл айту арқылы көмектесіңіз.

№ 8 ереже. Қосымша табыс нұсқаларын ұсыныңыз. Жұмысты бірден белгілеп, соманы анықтаған дұрыс. Мысалы: міндетті түрде итпен серуендеп келу, үй жануарларын күту, бауырлары мен қарындастарына қарау, апасына бақшада көмектесу және көптеген басқа нәрселер. Ең маңыздысы, сіз «тарифтерді» көңіл-күйіңізге қарай ауыстырмауыңыз керек.
 

Сондай-ақ оқыңыз