42 500 теңгені кімдер қайтаруы керек?

Жарияланды
Тізімде барсыз ба, тексеріп көріңіз

Былтыр карантинге байланысты жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем берілген еді. Өтінім білдіргеннің біразына аударылған жәрдемақыға қатысты сауал да көп болған. Соның ішінде, жұмыс істемесе де Бірыңғай жиынтық төлемді бір рет төлеп, әлгі төлемді иемдендер «күні ертең қайтаруымыз керек болмай ма?» дескен. Тіпті кей министрлік заңсыз жолмен алғандары анықталса, жағдайы қиын болатынын айтып қорқытса, нағыз жауапты министрліктің сол кездегі басшысы «жалған айтып, жәрдемақы алса, өз ұяты білсін. Біз соңынан түспейміз» деген сыңайда жауап бергені есімізде.  

Ал енді қайтаруға қатысты шудың шеті тағы шығып жатыр. Өйткені кей қазақстандықтардан төтенше жағдай кезінде алған 42 500 теңгені қайтаруды сұрап, тіпті талап етіп жатыр екен.

Осы ретте «кімдер қайтаруы керек? «Не үшін?» деген сауалдарға жауап беріп көрелік. Жалпы алғанда мұндай әңгіменің айтылып бастағаны кеше не бүгін ғана емес. Былтырдан бері айтылып келді. Әсіресе, декреттік демалысқа шыққалы жатқан әйелдерден көп естідік. Бірақ соңғы кездері мұндай талап-тілек өзге де қазақстандықтарға келіп түсіп жатыр екен. Тіпті Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан келген хабарламада өздігімен қайтаруын талап етіп, олай етпеген жағдайда сот арқылы шешілетіні жазылған.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының жауабына сүйенсек, «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заңға сәйкес, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер мынадай жағдайда төленеді:
•    Жұмысқа қабілетсіз болып қалса;
•    Асыраушысынан айырылса;
•    Жұмысынан шығып қалса;
•    Жүктілік пен босануға байланысты жұмысқа жарамсыз болып қалса;
•    Жаңа туған баланы асырап алғанда;
•    Бала бір жасқа толғанша күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда.

Енді бұдан шығатын қорытынды: осы төлемдердің бірін тағайындаған кезде, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры мәліметтердің растығына көз жеткізу үшін тексеру жүргізуге толық құқылы. Әлеуметтік төлемнің көлемін есептеу үшін өтініш берушінің табысы есептеледі. Кей жағдайда соңғы бір, кейде екі жылдағы табыс ескеріледі. Әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш келіп түскен жағдайда тексере келе, 42 500 теңге алып, жұмыссыз қалғанын растаған адамның сол уақытта жұмыс беруші тарапынан да айлық алғаны белгілі болып жатыр екен.

Соған байланысты әлеуметтік төлемнің орташа мөлшерін есептеу үшін әрі төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғаны не айырылмағаны туралы ақпарат алу үшін қор жұмыс берушінің атынан сұраныс жібереді. Егер төтенше жағдай кезінде жұмыс беруші қызметкеріне айлық берген болып шықса, өтініш беруші өз еркімен 42 500 теңгені қайтаруға тиіс.     

 Есіңізде болса, төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғанына байланысты берілетін төлемді алу үшін жұмыс берушіге хабарлау міндетті болмады. Десе де, өтініш формасында жалған ақпарат берген жағдайда жауапершілік артылатыны туралы жазылған еді. Демек, қандай да өтірік ақпарат берсе, Қазақстан Республикасының заңы аясында жауапқа тартылуы мүмкін.   
    
 

Сондай-ақ оқыңыз