1 view

Қаржы пирамидасына алданбау үшін не істеу керек?

Қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндіреміз

Фото: Shutterstock

Күн сайын болмаса да, айына бірнеше рет жаңалықтардан қаржы пирамидасының кесірінен ақшасынан айырылғандардың оқиғасын естиміз. Мысалы 16 ақпан күні «L-Капитал» компаниясының негізін қалаушы әйел ұсталды. 50-ге жуық адам сан соғып қалған. Байқасақ, мұның бәрі халықтың әлеуметтік ахуалын демде әрі тез жақсартып алуға ұмтылуы мен қаржылық сауатының аздығынан болады. Осы ретте сіздерге қаржы пирамидасының қақпаныа түсіп қалмаудың жолдары жайлы материал әзірледік. 

     Жарнамасы жер жарып, компанияның негізгі табыс көзі салымшылардың қаражаты есебінен болса, бұл жерде бір шикілік барын білгейсіз. Олай тәуекел етпеген дұрыс. Бір жағы — ақшаңыздан айырылсаңыз, екінші жағынан қаржы пирамидасы заңмен тыйым салынғанын ұмытпаңыз. Пирамиданың қаржылық түрі деген не? Алдымен осы сауалға тоқталсақ. Бұл — қатысушылары басқа салымшылар арқылы табыс табатын ұйым. Ұйымдастырушылар яки бастамашыларға жақын, пирамиданың шыңындағылар расында байып қалады. Бірақ ол ақша төмендегі — алданып қалған салымшылар есебінен түседі. Демек, басында болған тиімді екен деп басқалардың қалтасын қағуды ойламаған жөн. 

Бүгінде қаржы пирамидасының түрлі схемасы пайда болған. Көпдеңгейлі жүйелердің арқасында ғұмыры да ұзаққа барады. Сәйкесінше, таудың басындағылар көп қаражатты қалтаға қағып алады. Мысал үшін бір нұсқасын қарастырып көрелік. Әу басында құрылатын кезде ақша салатын адамды іздейді. Яғни осы кәсіпті дөңгелету үшін ақша құятын болса, оны еселеп шығарып алатынын айтып, қызықтырады. Міне, шың басында осы ұйымдастырушылар жайғасады. Адам тартқан сайын, табыс түсетінін түсініп тұрған боларсыз. Ал енді заңмен тыйым салынған қызметті қалай жүзеге асырады десеңіз, жасырыну үшін «түр жасайды». Мысалы, инвестициялық қызмет деп көрсетеді. Негізгі табыс — жаңа мүшелердің ақшалай салымдары. Пирамидаға қайта оралсақ, қатысушылар саны көбейген сайын жоғарыдағылардың табысы еселене түседі. Және осылай көбейту үшін қатысушыларға өзінің соңынан адам тарту керегін шарт етіп бекітеді. 

Былай қарасаңыз, сізге жұмыс ұсынып тұрған адамның картасындағы қаражатты, барған жерін, көлігін не үйін көріп, шынында қызығып кетуіңіз бек мүмкін. Бұл — сөзсіз мотивация. Сөйтіп сіз де білек сыбана кірісесіз. Бірақ күндердің күнінде бастапқы қарқын азая бастайды. Табыс та төмендейді. Сөйтіп әлгі пирамида қирайды. Төмендегілер тіпті салған ақшасын ақтай алмай қалады. Айтқандай, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүруді көздеген ниеттің соңы осылай болады.

Соңы осындай көңілсіз сценариймен аяқталатынын білсе де, қаржы пирамидасының схемасымен таныс болса да, ақшалы болып, шала байып қалуға деген ұмтылып қойсын ба? Әркімнің-ақ бай болуға таласы бар. Әлбетте, ойламаған жерден мол табысқа кенелу қуаныш сыйлайды. Дегенмен жеке бюджетін басқара алмайтын, қаржылық сауаты төмен адамдар мұның салдарын ойлай бермеуі мүмкін. Бір жағы кейбірі бұл ісінің қаржы пирамида жүйесі екенін шын мәнінде білмеуі де ғажап емес. Себебі жарнамаларда жұмыс берушілердің хабарландыру мәтінін қарасаңыз, «желілік маркетинг, қаржы пирамидасы емес» деп көрсете береді. Ал ішіне бас сұға қалсаңыз, дәл соның өзіне тап боласыз. Тіпті ұйымдастырушылар ресми түрде тіркелген компания екенін, ешқандай заңсыз қызмет жүргізбейтіндерін айтып сендіреді. Сондықтан қаржылық сауатты арттыру керегін үнемі айтып жүреміз. Алаяқтарға жем болатындар да — қаржы туралы аса білімі жоқ адамдар. Мемлекет мұны реттеуге тырысқанымен, аса бір әсері әзірге байқалмайды. Олай дейтініміз, алданған ағайын полиция қызметкеріне шағымын айта барғанда «мұндай шағымның мың түрі жатыр» деп шығарып салатыны бар.   

 Сізге бірнеше кеңес айтайық. Осыны ескеріп, жақындарыңызға таратып, айта жүрсеңіз, бәлкім, өзіңіз де, өзгенің де қаражатын сақтау қалуға септігіңіз тиіп қалар. Ендеше, қаржы пирамидасының сипаттарына тоқталайық.

•    Мол табысқа кенелетіңізге уәде береді. Жалпы инвестициялаудағы ереже сол: табыстың болжанатын, мүмкін болатын проценті неғұрлым жоғары болған сайын, тәуекел де соғұрлым жоғары болады. Сондықтан сізге осындай ұсыныс алда-жалда түсіп қалар болса, жақсылап ойланыңыз. Тіпті қаржы пирамидасы емес, шынында инвестициялық компания болса да, бұл — өте үлкен тәуекел. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деп айтатын жағдай.  

•    Табыс түсетініне кепілдік беру, жарнамасы жарып тұру. Еліміздің жарнама туралы заңында қаржы пирамидасы қызметін жарнамалауға тыйым салынатынын ескеріңіз.

•    Қаражат тартуға арналған лицензияның болмауы. Кез келген компанияның қызметін іске асыруға рұқсаты болуы керек. Оның жалған емес екенін анықтау — бұдан кейінгі мәселе. 

•    Түрлі баннерлер мен роликтер. Қызықтыратын, ақша тауып, өмірін қалауынша өзгерткендердің оқиғалары көрініс табатын жарнама көрсеңіз, бұл да ойлану керегін білдіреді. 

•    Ұйымның қаржылық жағдайы туралы ақпараттардың болмауы. Бұл да — белгі. Ашық түрде жүргізілетін істің бәрі көңілге сенім орнатады. Ал керісінше, ақпарат болмаса, демек, бұл жерде шикілік болуы әбден мүмкін.

•    Бір салымшының есебінен екіншісіне табыс түсуі. Басынан бері айтып отырған ескертуіміз осы. Яғни сіздің ақшалы болуыңыз келесі қатысушылардың сіздің соңыңыздан тіркелуі, еруіне байланысты болса, бірден осы жерден кері қайтыңыз.  

•    Жеке негізгі қаражат жоқ болса. Бұл дегеніміз — компанияның өзіне тиесілі бағалы активтерінің болмауы. Яғни күндердің күнінде компания банкротқа ұшырайтын болса, салымшылар дымсыз қалады. 

•    Нақты немен айналысатыны белгісіз компания. Ашықтық керек деп қайта-қайта айтатынымыз бекер емес. Себебі ақша қайдан келіп жатқанын түсіне алмасаңыз, демек бұл жерде бірдеңе дұрыс емес. Бұл нағыз қаржы пирамидасы болып шығуы ықтимал. Мұндағы шикіліктің исін сезу үшін сұмдық заңгер не қаржыгер болудың керегі шамалы. 

     Осындай алаяқтықпен бетпе-бет келмес үшін осындай материалдарды жиі шолып жүріңіз. Хабардар болып отырыңыз. Сонымен бірге, сізге жұмыс ұсынып отырған компанияның басшысы кім, арнайы жарғысы бар, ресми тіркелген ұйым ба, салым қайда жатады, инвесторлар ақшасы қайда кетеді, бұған дейінгі жобалары сәтті іске асты ма — жан-жақты сұрастырыңыз. Осы сынды қарапайым қадамдар қалтаңыздағы не картаңыздағы бар тапқан-таянғаныңызды жоғалтудан сақтауы мүмкін.  


 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook және Telegram


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер