Зейнетақы жинағындағы қаражатты жеке компания басқаруына беру деген не?

Жарияланды (жаңартылды )
Жаңа заң 2021 жылдан бастап күшіне енді

Биылдан бастап ел азаматтарының зейнетақы жинағындағы қаражатты мерзімінен бұрын ала алатыны белгілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырғандай, азаматтар ол қаражатты үш мақсатқа – тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге және жеке компаниялардың инвестициялық басқаруына бере алады. 

Алғашқы екі мақсат көпшілік үшін жақсы түсінікті. Халықтың көп бөлігінің зейнетақы қорындағы ақшасын сол екі мақсатқа көбірек жұмсайтыны да белгілі. Үшінші мақсат бірқатар азаматтар үшін түсініксіз болуы мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиеваның айтуынша, азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыларға жеке сенімгерлік басқаруға өткізу мүмкіндігі беріледі. Ол үшін агенттік зейнетақы активтерін жеке басқарушы компанияларға беру тәртібін белгілейтін нормативтік құқықтық актілер қабылдайды.

«Жұмыс істеп жүрген азаматтар басқарушы компанияны дербес таңдай алады. Зейнетақы активтерін реттеушінің лицензиясы бар, жұмыс істеп тұрған компаниялар ғана басқара алатынын атап өтемін. Жеке басқаруға берілген қаражаттың сақталуын қамтамасыз ету үшін тиісті реттеушілік талаптар белгіленеді» деді Мария Хаджиева.

Хаджиева атап өткендей, реттеушілік талаптар басқарушы компаниялардың қаржылық орнықтылығына қойылатын болады. Атап айтқанда, меншікті капитал жеткіліктілігіне, зейнетақы активтерінің ең аз кірістілігіне, инвестициялық портфельді басқару тәжірибесіне (соңғы үш жыл), сондай-ақ қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары инвестициялануы мүмкін қаржы құралдарының рұқсат етілген  тізбесіне.

«Басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің кірістілігіне кепілдік беру құқығы жоқ, алайда оның іс жүзіндегі кірістілігі белгіленген деңгейден төмен болса, ол салымшыларға өз қаражаты есебінен бұл айырманы өтеуге тиіс болады. Мәлімет үшін, бүкіл мерзім ішінде салымшылардың қаражатты Ұлттық Банкке қайтару немесе басқа компанияға аудару мүмкіндігі сақталады. Бұл шара азаматтардың өзінің зейнетақымен қамсыздандыруын жоспарлау жөніндегі жауапкершілігін арттырады» деп түсіндірді Хаджиева.

Зейнетақы жинақтары жеке басқарушы компанияларға берілуі және олардың басқаруында салымшылардың зейнетақы жасқа жетуіне дейін болуы мүмкін. Қажет болған жағдайда салымшылар өз жинақтарын бір басқарушы компаниядан басқасына аудара алады, бірақ жылына бір реттен жиі емес.

Агенттік өкілінің айтуынша, зейнетақы активтерінің бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға беру инвесторлардың институционалдық сегментінің нығаюына алып келеді және еліміздің қор нарығының дамуына оң ықпал етеді.

Еске салайық, президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Мына сілтемеге өту арқылы жеке зейнетақы шотындағы жеткілікті сома мөлшерімен таныса аласыз. Өзіңіздің шотыңыздағы қаражатты пайдалану мүмкіндігіңіздің бар немесе жоқ екендігін мына жерде көрсетілген ресурстар арқылы анықтауға болады.

Сондай-ақ оқыңыз