Монеталарға инвестиция: нені білу қажет

Жарияланды
Инвестициялық монеталардың ерекшелігі қандай

Қазақстан Ұлттық Банкі шығаратын ұлттық валюта – теңге монеталары шартты түрде үшке бөлінеді. Олар – айналыстағы, инвестициялық және коллекциялық монеталар. Бұл туралы fingramota.kz хабарлады.

Айналыстағы – біз күнделікті өмірде тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге  ақы төлеуде есеп айырысу үшін пайдаланылатын монеталар. Олардың номиналдары 1-2-5, 10-20-50, 100-200 теңге.  

Инвестициялық – атауынан түсінікті болғандай, олар қаражатты тиімді салу және пайда алу үшін кейіннен сатуға арналған. Инвестициялық монеталар бағалы металдардан, 999,9 жоғары сынамалы алтын мен күмістен дайындалады. Көп жағдайда бұл ұзақ мерзімді инвестициялау құралы. Әлемде инвестициялық монеталардың бірнеше ірі бренді бар – «Крюгерранд» (Оңтүстік Африка), «Америка бүркіті»» (АҚШ), «Вена филармониясы» (Австрия), «Панда» (Қытай), «Үйеңкі жапырағы» (Канада). Қазақстанның «Жібек жолы» деген алғашқы инвестициялық монеталары 1996 жылы айналысқа шығарылды. 2009 жылдан бастап дизайнның өзгеруіне байланысты түрлі салмақ сипаттамалары бар «АЛТЫН БАРЫС» және «КҮМІС БАРЫС» инвестициялық монеталары шығарыла бастады. 2020 жылғы тамызда «ALTYN BARYS» және «KÚMIS BARYS» инвестициялық монеталары латын графикасында айналысқа шығарылды.

Инвестициялық монеталардың ерекшеліктері:

– таралымы шектелмеген;

– «proof» технологиясын қолданбай дайындалады;

– монета дайындалған металдың құны мен салмағына байланысты кіріс алу;

– Ұлттық Банк оларды Сату және сатып алу қағидаларына сәйкес жай-күйіне (сызат, қабықша және т.б.) қарамастан кері сатып алады, себебі кері сатып алу монета құрамындағы металдың салмағы бойынша есептеледі;

– қосымша құнға салық салуға жатпайды.

Коллекциялық – тарихи-мәдени құндылығы бар, мерейтойлық күндерге, тарихи тұлғаларға, маңызды тарихи оқиғаларға және т.б. арналған монеталар. Коллекциялық монеталардың маңызды ерекшелігі таралымының шектеулі болуы, олар бағалы, сол сияқты бағалы емес металдардан дайындала алады. Тағы бір қызықты жайт – монеталардың мәдени-ағартушылық мақсаттарда соғылуына қарамастан, олар таралымының шектеулі болуына орай нумизмат коллекционерлерде үлкен сұранысқа ие болуы мүмкін, сондықтан қайталама нарықта ақшалай баламада жоғары бағаланады. Демек, коллекциялық монеталар өзіндік инвестиция да бола алады. Алайда уақыт өткен сайын олардың құнына қатысты ешкім нақты болжам бере алмайтынын түсіну керек.

Бағалы металдардан жасалған коллекциялық монеталарды сатып алу – белгілі бір тәуекелдері бар инвестиция. Оларды нарық ұсынатын басқа инвестициялау түрлерімен салыстыру іс жүзінде мүмкін емес. Ұсынылатын нарықтық құралдар бойынша, мысалы, депозит бойынша, барлық талаптар алдын ала белгілі: белгілі бір уақытта белгілі бір пайызбен инвестициялық пайда алуға болады. Құны тарихи, көркемдік, көне қырларға және металдың құнына байланысты монеталар туралы олай айта алмаймыз.

Коллекциялық монеталарды Ұлттық Банктің филиалдарында және Ұлттық Банктің интернет-дүкені арқылы сатып алуға болады. Ұлттық Банктің филиалдарында бағалы металдардан жасалған монеталардың болуы туралы құны көрсетілген мәліметтер орталық банктің сайтында «Ұлттық валюта» бөлімінде «Ұлттық Банктің филиалдарында сатылатын, бағалы металдардан жасалған монеталар» шағын  бөлімінде жарияланады.

Қазақстан Ұлттық Банкінің монетасын сыйға тартуға бес себеп:

1.    Кез келген монета, коллекциялық немесе инвестициялық монета болсын, – құндылығы өсетін сыйлық, оның құндылығы жылдан жылға ұлғаяды және ол ерекше оқиға туралы мәңгі өшпейтін дара естелік болып табылады.
2.    Монеталар өсіп келе жатқан ұрпақ үшін инвестициялар ретінде аса ыңғайлы.
3.    Бағалы металдан жасалған монета – классикалық және керемет сыйлық.

4.    Монета сериясында жалғасады – бұл монета жинауды бастауға жақсы себеп.
5.    Монеталар ­– практикалық сыйлық. Егер сіз сыйлыққа не беруді білмесеңіз, бұл – өте тамаша идея.

 

Сондай-ақ оқыңыз