Мемлекет бюджетінің жартысы әлеуметтік салаларға жұмсалады

Жарияланды
2021-2023 жылдарға арналған бюджет жобасы бекітілді

 Алдағы жылдары ел бюджетінің 50,4 пайызы әлеуметтік салаларға жұмсалады. 2021-2023 жылдары денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы 5,1 трлн теңгені құраса, 2021 жылдың өзінде 1,6 трлн бөлу жоспарланып отыр. Бұл қаражаттың ішінде дәрігерлердің жалақысын көтеруге жұмсалатын ақша да қарастырылған. Күні кеше мәжіліс депутаттары 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «ҚР Ұлттық қорынан 2021– 2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт» туралы заң жобаларын мақұлдады. 

Үш жыл ішінде әлеуметтік бағытқа 23,4 трлн теңге бөлу қарастырылған, соның ішінде 7,1 трлн теңгесі 2021 жылы жұмсалады. Бұл биылғы көрсеткіштен 394 млрд теңгеге артық. 
Ал білім мен ғылымды дамытуға үш жыл ішінде 5,2 трлн теңге бөлінбек, оның 1,3 триллионы 2021 жылы жұмсалады. Яғни, биыл бөлінген қаржыдан 458 млрд теңгеге көп. Соның ішінде педагогтардың жалақысын көбейтуге 3,5 трлн теңге қарастырылған. 
Ал экономиканың нақты секторын қолдау мен дамытуға 3,2 трлн теңге бөлінеді. Алдағы жылы оның 1,7 трлн теңгесі игерілмек. 

Заң жобасын талқылау барысында депутаттардың ұсынысы бойынша бірқатар  түзетулер енгізілген. Оның ішінде әсери қызметкерлерге арналған азық-түлік пайларының құныны көтеру, ауылдық елді мекендердегі денсаулық сақтау саласын қаржыландыру мәселесі, жұмыспен қамту жол картасы аясында бірқатар жобаларды жалғастыру бар. Екінші бөлігі халықтың тұрмыс сапасын арттыру мен өңірлерді дамыту мәселелерін қамтыған. Сонымен қатар,  «Nur Otan» фракциясы отырысында ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету және газ инфрақұрылымын дамытуға бөлінетін қаржыны көбейту туралы шешім қабылданған. 

«Осы бағыттарды қаржыландыру көзі сараптамалық зерттеулер жүргізу, жаңа гранттарды қаржыландыру және квазисектор субъектілеріне жіберілетін шығыстарды оңтайландыру есебінен болды. Түзетулер кезінде Есеп комитетінің ұсынымдары ескерілді», – деді Е. Жамаубаев. 

2021 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен шамамен 4 трлн теңге бөлінетін болады. Бұл жалпы бюджет шығыстарының 28 пайызынан астамын құрайды.
Түзетулердің үшінші бөлігі мемлекет басшысының жекелеген мемлекеттік органдарды құру және қайта ұйымдастыру жөніндегі жарлығын іске асыруға бағытталған. Бұл ретте, шығыстарды ұлғайтпай, үш жаңа ведомствоның қызметін қамтамасыз етуге қаражат қайта бөлінеді. 

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың айтуынша, бюжет жоспарлауда экономика өсімінің  жалпы сценарийі негізге алынған. 

«Алдағы орта мерзімді кезеңге ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқыны 4,0%-ды құрайды.Ұсынып отырған жоба бойынша ЖІӨ-нің нақты өсуі 2021 жылы 2,8% деңгейінде болжанып отыр, ол 2025 жылы одан әрі 4,6%-ға дейін өседі», – деп атап өтті Дәленов.  

Оның айтуынша, болжамды мұнай бағасы барреліне 35 долларды құрайды. 2021 жылы – 86 млн, 2022 жылы – 89,6 млн, ал 2025 жылы 10,8 млн тонна мұнай өндірілмек. 
Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2021 жылы 6 926 млрд теңгені, 2022 жылы – 8 566 млрд. теңгені, 2023 жылы – 9 217 млрд. теңгені құрайды.

«Ұлттық қордан қепілдендірілген трансферт 2021 жылы – 2б7 трлн теңге, 2022 жылы – 2,4 трлн теңге және 2023 жылы – 2,2 трлн  теңге мөлшерінде белгілеу ұсынылады», -деді Дәленов. 

Министрлік даму бағдарламаларын қаржыландыруды арттыру  үшін 2021 жылы Ұлттық қордан 1 трлн теңге мөлшерінде нысаналы трансфертті тартуды ссұрап отыр.

Осылайша, ҰЭМ  болжам бойынша, бюджет түсімдері 2021 жылы 11,4 трлн теңге, 2022 жылы – 11,8 трлн теңге, 2023 жылы – 12  трлн теңгені құрайды. Ал  шығыстары 2021 жылы –14 049 млрд теңге, 2022 жылы –13 873 млрд теңге, 2023 жылы 13 889 млрд теңге көлемінде болады деп болжанған. 

 

Сондай-ақ оқыңыз