Бастапқы жарнасыз қалай үй алуға болады?

Жарияланды
Қандай банктер арқылы ала аламыз?

Бастапқы жарнаны жинаумен бас қатырмай-ақ, үйлі болуға болады. Бірақ оның да өз шарты бары белгілі. Ипотеканың бұл түрі Қазақстанның 8 банкінде бар екен. Бұл деректерді  Homsters.kz порталының мониторингінен алдық. Сонда бұл қалай десеңіз, әңгімелеп, тиегін тарқатып береміз. 

Бұл жердегі басты шарт – басыңызда басқа жылжымайтын мүлік болуы керек. «Бір үй ала алмай жүргенде мұнысы несі» деп ренжи көрмеңіз. Кеңейіп, үлкенірек үй алғысы келіп жүргендер де бар. Сонымен бастапқы жарнасыз берілетін ипотекалық кредитті банкке басқа мүлкін кепілдікке қоя алатындар ала алады. Яғни бастапқы жарнаның сомасының орнына әлгі мүлік жүреді. Ол нысанның бағасы бастапқы жарна сомасының орнын жабады деген сөз.  

Отандық банктердегі шарттарға келсек. Қазақстанның халық банкі 30 жыл мерзімге дейін, 14 пайыздық мөлшерлемемен береді. Сбербанк болса, одан он жылға аз, яғни 20 жылға, 14,6 пайызбен беруге әзір. Пайыздық мөлшерлемесі жөнінен ең азы Еуразиялық банкте екен — 13 пайыз, ал мерзімі болса, 20 жылға дейін. 16,5 пайызбен 15 жылға дейін ЦентрКредит беретін болса, Bank RBK 19 пайызбен 10 жылға береді. Ең жоғары пайыздық мөлшерлеме ForteBank-ке тиесілі. Онда 15 жылға дейінгі мерзіммен, 21,5 пайызбен ипотека рәсімдеуге болады. Jýsan Bank аталған ипотека түрін ұзақ дегенде 10 жыл мерзімге, 20,5 пайыздық мөлшерлемемен ұсынады екен.  

Аталған банктерден басқаларында бастапқы жарнамасыз үй алу жағы қиындау. Қаржы ұйымдарының көпшілігі экономиканың тұрақсыздығына байланысты үлкен тәуекел жасай бермейді. Сонымен бірге соңғы жылдары елімізде проблемалық несиелер де көбейді. Оған валюталық операцияларға байланысты тәуекелді қосыңыз. Мысалы   Нұрбанк, КЗИ Банк, Kassa Nova банкі ипотекалық қарыз бермейтін болған. 

Бұдан бөлек, кейбір банктер өзінен тұрақты түрде жалақы алатын азаматтарға немесе белгілі бір тұрғын үй кешенінен алуға ғана мүмкіндік береді. Айталық, АзияКредит банкі арқылы бас қаладағы бір тұрғын үй кешенінен таңдаған жағдайда ғана бастапқы жарнасыз үй алуға мүмкіндік бар. Ал Алматы қаласында ипотеканың бұл түрін жалақы жобасы аясында рәсімдеуге болады. Бірақ бәріне бірдей мүмкін деуге келмейді. Өйткені ипотекалық кредит келісімшартын жасасу үшін елдегі орташа айлық жалақы мөлшерінен жоғары табысыңыз болуы шарт.    

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қарыз алушылардың құқығы бұрынғыдан жақсырақ қорғала бастады. Олай дейтініміз, заңға енгізілген өзгерістер қарыз алушының жағдайын көбірек ойлайды. Мысалы Қостанай, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы валюталық ипотекалық несиені рәсімдеу үшін ресми түрде жалақыны валютамен алу міндеттелді. Сондай-ақ, банктер өз еркімен келісімшарт шарттарын өзгерте алмайды. Яғни қарыз алушының жағдайын қиындататын шартты қабылдауына тыйым салынды. Қарызды өтеу кезегі де заң бойынша реттелді. Яғни қарыз алушы алдымен негізгі соманы төлейді, содан кейін барып пайыз бен айыппұлды төлеуге міндетті. 

 
Сондай-ақ оқыңыз