ЖІӨ-нің төмендеуі неге әкеліп соқтырады?

Жарияланды
Сарапшы пікірімен бөлісті

Осыдан оншақты күн бұрын ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Қазақстандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көрсеткішінің төмендеп кеткенін мәлімдеді. ЖІӨ қаңтар – тамыз айлары аралығында 3,0 пайызға төмендеген. 

Оқырмандарға түсінікті болу үшін алдымен ЖІӨ дегеніміз не және оны қалай өлшейтінін айтып өтелік. Әдетте жеке адамның бай немесе кедей екендігі оның табысымен өлшенеді. Егер ол жақсы табыс тапса жақсы үй сатып алады, қымбат көлік мініп, шет елдерге саяхаттай алады, т.б. Мемлекеттің де әлеуетін дәл осы талаптарға салып өлшей аламыз. Елдің жалпы табысы көбейген сайын, ондағы әрбір азаматтың да жағдайы жақсара түспек. Ал жалпы, бүтін бір елдің табысын өлшеу, мөлшерлеу өте қиынға соғады. Оған қарағанда жеке бір адамның мүмкіндігін таразылаған оңай. Сол үшін де экономикада жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) ұғымы енгізілген. Егер ЖІӨ артса, онда елдің де экономикалық өсімі жоғарылайды. 

Қысқасы, ЖІӨ – белгілі бір уақытта (мәселен, 1 жылда) елде өндірілген тауар мен қызметтердің жалпы құны. ЖІӨ-ні есептеу үшін елде өндірілетін тауар мен қызметтердің бәрі есепке алынады. Мәселен, егер сіз ай сайын шаштаразға барып, қызмет құны үшін 1000 теңге төледіңіз делік. Осы әрекетіңіз арқылы сіз елдің ЖІӨ-не үлес қосып жатырсыз. 

Міне, осы өлшемнің біздің елдегі биылғы ахуалы қалай?

Пандемия әсерінен ЖІӨ көрсеткіші қатты әлсіреп кеткен. Әсіресе, сауда, транспорт салалары қатты зардап шеккен.  

«Өнеркәсіп саласын да дағдарыс күтіп тұр. Халықтың реалды табысы да, негізгі капитал инвестициялары да, таза экспорт та төмендеп кетті. Тек Ұлттық қордан трансферт алып тұрғандықтан мемлекеттік шығындар ғана оң динамика көрсетіп тұр», – дейді экономист Олжас Төлеуов. 

Экономист Мұрат Темірханов егер күзде тағы карантин жарияланса, ЖІӨ жыл соңында 10 пайызға дейін құлауы мүмкін дейді. Ол бұл туралы ойын отандық forbes.kz басылымына берген сұхбатында айтады. 

«Шілденің соңында экономиканың құлдырау деңгейі 2,9 пайыз деп айтылды. Менің ойымша, шынайы дерек бұдан да жоғары. Бүкіл әлемде өңдеуші өнеркәсіп көрсеткіштері құлап жатса, ол бізде әлі өсімді көрсетіп отыр. Автомобиль құрастыру бойынша да солай. Тағы бір таңғаларлық нәрсе – ТЖ мен қатаң карантинге қарамастан екінші тоқсанда өмір сүру және тамақтану қызметтері қатты өскен. Қанша дегенмен жыл басындағы алғашқы үш айда ел экономикасы тәп-тәуір өсім көрсетті. Соның әсерінен жыл соңында ЖІӨ 4-5 пайызға жететін шығар. Әлем елдерінің бәрі дерлік коронавирусқа шалдығып, экономикалары тұрақсызданып жатқан кезде мұндай деңгейде тұру жап-жақсы болар еді»,– дейді экономист. 

Оның айтуынша, экономикалық өсімге елеулі әсер беретін екі фактор бар. Бірі – көптеген кәсіпорындар мен қызмет көрсету нысандарын жабуға мәжбүр ететін карантиндік шектеулер. Екіншісі – мұнай бағасының төмендеп, мұнай өндірісінің қысқаруы. 

«Егер күзде де карантин басталып, коронавирус қатты таралса, онда сөзсіз, экономикада құлдырау болады. Ондай жағдайда көрсеткіш минимум 10 пайызға жақындайды»,– деді Темірханов. 

Дүниежүзілік банк шілде айында жариялаған экономикалық докладында 2020 жылы Қазақстан ЖІӨ-сі 3 пайызға, кедейлік деңгейі 13 пайызға жетеді деп болжаған. 

«Ішкі шығындардың қысқаруынан және сыртқы сұраныстың азаюынан Қазақстан ЖІӨ-сі біршама төмендейді. Бұл орайда айырбастау курсының әлсіреуі, жеткізу қызметіндегі қиындықтар инфляцияның өсуіне (6 пайыз) әсер етеді»,– делінген баяндамада. 

Телеграмдағы Tengenomika каналының жазуынша, ОПЕК+ келісіміне байланысты мұнай өндірісінің қысқаруы және экспорттық тауарларымызға деген сыртқы сұраныстың азаюы экономикалық өсімге кедергі келтіруде. 

Ал Азия даму банкінің зерттеуінше, 2020 жылы Азияның бірқатар дамыған елдері соңғы бірнеше он жылдықта болмаған экономикалық құлдырауды бастан кешеді. Пандемия кесірінен Орта Азия елдері алдын ала күтілген 3,9 пайыздың орнына -2,1 пайыз құлдырауға тап болады. 

2020 жылға арналған Қазақстанның ЖІӨ болжамы бұрын болжанған -1,2 пайыздан -3,2 пайызға дейін төмен қарай қайта қаралды. Өнеркәсіп пен ауылшаруашылығындағы қалыпты жетістіктерге қарамастан, қызмет көрсету секторына COVID-19 қатаң шаралары әсер етті. Нәтижесінде 2020 жылдың бірінші жартысында өсім -1,8 пайыз болды. 

Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айының басында өткізген үкімет пен парламенттің бірлескен отырысында әрбір үшінші ЖІӨ көлеңкеде қалып отыр деп мәлімдеді. 

«Сарапшылардың бағалауынша, бюджет табысын арттыруға мүмкіндік беретін аса ірі потенциал – әрбір үшінші ЖІӨ көлеңкеде. Бұл орайда цифрландыру, салық және кеден саласы «көлеңкелі экономикамен» күресте үлкен рөл атқарады. Сондықтан қаржы министрлігіне экономикалық тергеу қызметін негізінен көлеңкелі экономикамен күреске бағыттауды тапсырамын»,- деді президент. 

Халықаралық еңбек ұйымының ақпарынша, 2020 жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі қатты өскен. Бірінші тоқсанда жұмыссыздар саны – 442 мың болса, енді 454 мыңға жеткен. Сөйтіп, жұмыссыздар халықтың 5 пайызын құрады. 
 

Сондай-ақ оқыңыз