Президент жолдауын жүзеге асыруға қанша қаржы жұмсалады?

Жарияланды (жаңартылды )
Бюджетке енгізілетін өзгерісті мәжіліс қазан айында қарайды

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін биыл қосымша 300 млрд теңге қажет, ал 2021 жылы тағы 1,6 трлн теңге қарастырылып отыр. Бұл туралы Үкіметтегі баспасөз мәслихатында премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов мәлімдеді.

Оның айтуынша, жаңа 13 инфекциялық аурухананың құрылысына биылғы республикалық бюджеттен 30 миллиард теңге қарастырылып, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына компьютер сатып алуға 70 миллиард теңге бөлініп қойған.

«Қазіргі таңда 2020 жылғы бюджетті нақтылау аясында осы жылдың шығындарын қосымша қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, олар мынадай шығындар: дәрігерлерге қосымша үстемеақы, дәрі-дәрмек сатып алу және тағы басқа. Алдын ала есептеу бойынша биыл қосымша қажеттілік 300 миллиард теңгені құрайды»,- деді Смайылов үкімет үйінде өткен брифингте.

Ал 2021 жылдың бюджетінде президенттің жолдауда айтқан тапсырмаларын орындауға 1,6 триллион теңге қарастырылып отыр.

 «Бірінші кезекте, бұл медициналық қызметкерлердің, мұғалімдердің жалақысын арттыру, ШОБ-қа несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салуға және қайта салуға жұмсалатын шығындар, «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы және басқалары. Жекелеген тапсырмалары бойынша мемлекеттік органдар шығындарды нақтылап жатыр. Кіріс көзі шығыстар бөлігін оңтайландыру, көлеңкелі экономиканы төмендету есебінен түсетін қосымша кірістер, бұл салық базасын кеңейту, тиісінше, экономика мен кәсіпкерлікті дамыту және жеке инвестицияларды тарту арқылы бюджетке түсетін түсімдер», – деді премьер-министрдің бірінші орынбасары.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2020 жылдың бюджетіне тиісті түзетулер жақын арада әзірленіп, ол қыркүйек айының соңында мәжіліс қарауына ұсынылатын айтып өтті.

Айта кетейік,  Президент 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдау жасап,  ел экономикасын дамытудың негізгі бағыттарын айқындап, шағын және орта бизнесті қосымша қолдау шараларын қолға алуды, кәсіпкер несиесінің пайызын субсидиялауды тапсырған болатын.  Шенеуніктер қатарын 25 пайызға қысқартып, «Аңсаған сәби» бағдарламасын қолға алуды міндеттеді. Сонымен қатар, ел азаматтары өз зейнетақы жинақтарын пайдалану керегін айта келе, бұл мүмкіндікке 700 мыңға жуық қазақстандық  ие болатынын айтып өткен.

Сондай-ақ оқыңыз