Тегін оқу және ай сайын стипендия. Алматыда жұмыссыз жастар үшін тегін курс ашылады

Жарияланды
Бұл туралы қалалық әкімдік хабарлады

Елімізде жұмыссыз азаматтарды қолдауға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарлама жұмыс істеп жатыр. Солардың тағы бірін Алматы қалалық әкімдігі ұсынып отыр. 

    Алматы – еліміздегі халық ең көп шоғырланған шаһар. Мегаполистің өзінен бөлек қаланы жанай орналасқан қаншама аймақ пен ауылдағы тұрғындар да нәпақасын осы үлкен қаладан айырып жүр. Әрине, мұндай ірі қаржы айналымы жүріп жататын өлкеде жұмыссыздықтың да қатар жүрері белгілі. Оның үстіне соңғы бірнеше айдағы карантин режимі біраз азаматты табысынан айырды. Бұл орайда шаһар әкімдігі ұсынып отырған тегін оқу курсы біраз азаматтың жұмыс табуына мүмкіндік бермек. 

    Тегін оқу барысында азаматтар 25 түрлі мамандық бойынша кәсіптің қыр-сырына қанығады. Құр қатысып қана қоймай, қатысқаны үшін ай сайын 20 949 теңге стипендия да төленеді. Курс аяқталған соң ұйымдастырушылар қатысушының қолына сертификатын ұстатып, оның сәтті жұмысқа орналасып кетуіне де қол ұшын тигізбек. Айта кетейік, бұл бастама «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынып отыр. 

    Курс барысында қатысушылар білімін жетілдіреді, дайындықтарын қайыра пысықтайды немесе жаңа кәсіпті игереді. Яғни, қай тұрғыдан да шеберлігін ұштай түсуге мүмкіндік қарастырылған. Курста мынадай мамандықтар оқытылмақ: 
1.    Автоэлектрик; 
2.    Автослесарь; 
3.    Бухгалтер; 
4.    Бет әрлеуші; 
5.    Бақылаушы-кассир; 
6.    Кондитер; 
7.    Маникюр шебері; 
8.    Маникюр және педикюр шебері; 
9.    Модельер-тігінші; 
10.     Бала күтуші; 
11.     Байланыс операторы; 
12.     Даяшы; 
13.     Шаштараз-модельер; 
14.     Шаштараз-стилист; 
15.     Наубайшы; 
16.     Аспаз; 
17.     Слесарь; 
18.     Автомобиль жөндеу бойынша слесарь; 
19.     Тігінші; 
20.     Екінші разрядты тігінші; 
21.     Экскурсовод; 
22.     Электрик; 
23.     Автомобиль жөндеу бойынша электрик; 
24.     Электро-газ дәнекерлеуші; 
25.     Ерлер тігіншісі. 

Курс уақыты барлық мамандық бойынша біркелкі емес. Әр мамандыққа байланысты 1 айдан 6 айға дейінгі аралықта білім игереді. Бұл тегін курсқа кімдер қатыса алады? Курсқа қатысуға Алматы қаласында 6 айдан артық уақыт тұрақты немесе уақытша тіркеуде тұратын кез-келген жұмыссыз азамат өтініш білдіре алады. Курсқа қатысуға өтініш білдіру үшін жұмыспен қамту орталығына хабарласу қажет. 

Мекен-жайы: Назарбаев даңғылы, 50 үй. 
Телефон: 8 (727)224-20-00, 8(727)221-66-11, 8(727)390-88-06, 8(727)390-79-38.

e-mail: centr_almaty@mail.ru
Telegram: @enbek_almaty_bot 
Instagram: @centr_zanyatosti_almaty
Facebook: @cznalmaty
В Контакте: @centr_zaniyatosti_almaty
Twitter: @CZN_ALMATY

Соңғы мәлімет бойынша, осы күнге дейін «Еңбек» бағдарламасына 224,7 мың адам қатысып, оның 184 мыңы жұмысқа орналасқан. Соның ішінде 99 мыңнан астамы тұрақты жұмыс тапқан. Бағдарлама аясында қысқа мерзімді бірнеше курс ұйымдастыру көзделген. Жыл басынан бері сондай курстарға 1,5 мың адам қатысыпты. Жыл аяғына дейін республика бойынша 17 мыңға жуық азамат осындай курстардың игілігін көрмек. 
 

Сондай-ақ оқыңыз