«Халықтың несиесін кешіру – қисынға келмейтін нұсқа». Коронавирус қаржы секторына қалай әсер етті?

Жарияланды (жаңартылды )
Сарапшылар Үкіметтің не себепті несиені кешіре алмайтынын түсіндірді

Пандемия қаржы секторына да кері әсер етіп жатыр. Бұл туралы отандық сарапшылар айтты. Олардың пікірінше, қаржы саласындағы қиындықтан банктер қиындық көрді деп те, пайда көрді деп те кесіп айтуға келмейді. 

Расул.jpg

Расул Рысмамбетов

«Наурыздың басында «карантин банктерге қиын тиеді» деп айтқан едім. Ал шілде айындағы көрсеткіштер бойынша ол ойымның соншалықты дұрыс болмағанын байқап отырмын. Банктер осы уақыт аралығында төлемді негізінен карточка, онлайн жүзеге асырды. 42 500 теңге әлеуметтік төлемі де осы банктер арқылы таратылды. Бұл да олардың әлсіремеуіне көмегін тигізді. ТОП-10-ға кіретін – Халық, Сбербанк, Форте, Каспий, АТФ, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, Центр Кредит, Жусан, Еуразиялық және Сити банктердің кірісі 167 млрд теңге болыпты. Бірақ берілген несие туралы портфеліне қарасам өсім онша байқалмайды. NPL, яғни, төленбей тұрып қалған несиелері көп. Осындай несиелер (NPL) 149 млрд теңгеге өскен» дейді қаржыгер Расул Рысмамбетов. 

Төленбей жатқан несиелер проблемасы күзде тіпті тереңдей түспек. 

Мақсат Халық.jpg

Мақсат Халық

«Қасым-Жомарт Тоқаев банктерге «ұзақ жылдар бойы біз сіздерді қолдап келдік, енді сіздер халықты, кәсіпкерлерді қолдаңыздар. Олардың несие төлеу уақытын шегеріңіздер» деген еді. Банктер бұл ұсынысты қабылдап,, клиенттерінің 3 ай бойы несие төлемеуіне мүмкіндік берді. Бірақ банк клиенттеріне жаңа график әзірлеген. Ол жерде несие кейінге шегерілген және артында қосылған үлкен пайыздары бар. Яғни, банк табысынан айырылғысы келмейді. Оларды түсінуге де болады. Бірақ бұл жағдай халыққа ауыртпалық түсіріп отыр. Алғашқы 6 айды қарасақ, банктер өте үлкен табысқа жеткен. Тек Al-Hilal банк пен Нұрбанк қана минус жағдайында отыр. Қазір халық және компаниялар несиелерін төлеп жатқан жоқ. Бұл көп ұзамай мәселелік несиеге алып келуі мүмкін» дейді экономист Мақсат Халық. 

Сарапшылар Үкімет халықтың несиесін жауып бере алмайды. Егер төлейтін болса кәдімгідей дағдарыс басталуы мүмкін дейді. 

«2030 жылдың 1 қаңтарында сіздің несиеңіз аяқталады делік. Енді сіз 3 айға кейінге шегерген соң ол 2030 жылдың 1 сәуірінде бітеді. Бірақ түпнұсқа келісімдегі уақыт 1 қаңтар деп жазылғандықтан, әрі қарай төлемей кетіп қалсаңыз да болады. Алайда банк оны қаламайды, сол үшін сізбен қосымша келісім жасайды. Ол бойынша – 3 ай мерзімге шегерілген кезде сіздің негізгі қарызыңыз қысқарады, бірақ сыйақы көлемі аздап өседі. Сол өсімді көріп азаматтар «біз бұрынғыдан көп төлеп жатырмыз» деп қорқып жатыр. Сондықтан бұл жерде банктер заңсыз әрекетке барып отыр деп айтуға келмейді»,- дейді экономист Ержан Әбіш.

Оның айтуынша, несиені кешіру – қисынға келмейтін әңгіме. Бұл банктерді «қылғындырып тастау» болмақ. 

Ержан.jpg

Ержан Әбіш

«Банктердің де әкімшілік, шаруашылық шығындары болады, қызметкерлеріне жалақы төлеу керек, басқа қызметкерлер сияқты олар да сыйақы алғысы келеді. Осындай көптеген факторлар алдымыздан шығады. 3 ай несиелерді кейінге шегергеннің өзінде 5 банк зардап шеккен» деді экономист. 

Экономист Мақсат Халықтың есептеуінше, ел бюджеті қазір халық қарызын жаба алатындай күйде емес. 

«Наурыз айында тұтынушылық несиелердің көлемі 4 трлн 23 млрд теңге болған. Ол көрсеткіш маусым айында 4 трлн 13 млрд теңгеге дейін азайыпты. Яғни, халық та тұтынушылық несиеден бас тарта бастаған. Осыншама 4 трлн теңгені кешіріп тастау ешкімнің қолынан келмейді. Мемлекеттік бюджеттің өзі биыл 14 трлн теңге шығынға батқан. Банктердегі 4 трлн теңге осы шығындардың 3/1 бөлігін құрайды. Мемлекет осы қарызды жауып беретін болса онда халықтың алдындағы басқа әлеуметтік міндеттемелері, денсаулық, білім саласының шығындары екінші деңгейге түсіп қалады. Сондықтан бұл мүмкін емес жағдай» деді Мақсат Халық.

Экономистердің айтуынша, шағын және орта бизнеске арнап 1 трлн теңге кәсіпкерлерге жетпей жатыр. Оның да бірнеше проблемалық себебі бар. 

«Банктер мемлекеттің сеніп тапсырған ақшасын оңды-солды бере алмай отыр. Өйткені қазір кәсіпкерлердің жағдайы да керемет емес. Оның алдында кәсіпкерлер несие төлеуді 3 айға кейінге шегерді. Сөзсіз, сол 3 айдың пайызы да қосылады. 
Сосын банктер қайта қаржыландыру жасамай отыр. 6 пайызбен кәсіпкерлік несиені береді. Ол несие кәсіпті кеңейту үшін беріледі. Ал қолындағы қаржысын қайта қаржыландыруға несие қарастырылмаған. Көптеген компаниялар қаржылық дағдарысқа ұшырап жатқан кезде олар кәсібін кеңейтуді ойламайды. Олар қайта қаржыландыру жасап мойнына ілінген қарызын сәл болса да ұзартып алғысы келіп тұр. Ал қайта қаржыландыру бойынша банктердің пайызы аз емес. Компаниялар ондай үлкен пайыздарды тағы үстеме қарыз қылып алуға дайын емес. Жағдай қиын. Сондықтан дәл осындай жағдайда банктер біздің экономикамызды қалай қаржыландыра алады деген сауал туындайды» дейді Мақсат Халық. 

«Ryskulov analitics» орталығының директоры Жасұлан Күшебаевтың айтуынша, бұл орайда банктер несие берудің жаңа механизмін қалыптастыруы керек. 

Жасұлан 1.jpg

Жасұлан Күшебаев

«Көп елдер осы кризистен шығу үшін банктерге жаңа несие беру механизмін ойлап табу туралы тапсырма берді. Мәселен, Ұлыбританияда шағын бизнеске кепілсіз несие беруді мемлекет өзі қолдап отыр. Мемлекет өзі гарант бола отырып, шағын бизнес өкілінің несиеге қолжетімділігін арттырады. Тоқаевтың өзі «Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер бизнесті несиелендірудің жаңа бағыттарын ойластыру керек» деген сыңайда пікір білдірген болатын. Бірақ әлі күнге дейін бізде ондай бағыт пайда болмады. Қазір Қазақстанда 3 миллионға жуық адам шағын және орта бизнесте жұмыс істейді. Демек, дәл осы салаға ақша беру арқылы экономикамызды жандандыра аламыз» деді Жасұлан Күшебаев. 

ҰБ бірнеше күн бұрын базалық пайыздық мөлшерлемені 9 пайызға түсіргені белгілі. Яғни, енді несие рәсімдеуге, сатып алуға деген сұраныс көбейеді. Алайда мұның екінші қыры – инфляция артып кетуі ықтимал. Экономикамызды жандандыра алатын жалғыз жол – импортты азайтып, өндірістік потенциалды күшейту ғана деді сарапшылар. 

Сондай-ақ оқыңыз