Қазақстандық орта бизнес биржадан қаржы таба ала ма?

Жарияланды
AIX Қазақстан мен Орта Азияның орта бизнесін қаржыландыруға бағытталған өңірлік акциялар нарығы сегментін іске қосты

Astana International Exchange (AIX, Биржа)  пен AFSA еркін айналыстағы акцияларының нарықтық капиталдандырылуы 200 миллион АҚШ долларынан аспайтын REMS сегменті компаниялары үшін реттеуді жеңілдетті. Қабылданған өзгерістер REMS эмитенттеріне тарихи таза пайданы көрсетпей-ақ, бір жылдың қаржылық есептілігіне негізделген жеңілдетілген аңдатпа (проспект) дайындауға мүмкіндік береді. Жаңа сегменттің эмитенттері үшін бірінші жылдық есепті жариялау қосымша екі айға ұзартылды. REMS компаниялары үшін еркін айналыстағы акциялардың барынша аз үлесі 15%-ға дейін төмендетілген.

«AIX Қазақстан мен Орта Азиядағы капитал нарығын ынталандыру үшін шағын және орта бизнестің маңыздылығын баяғыдан мойындаған. Қазақстандық және өңірлік кәсіпорындардың капитал тартуы үшін экожүйені қолдауға AIX осы компаниялар мен олардың инвесторларының ерекшелігін  жақсырақ ескеретін Өңірлік акциялар нарығының арнайы сегментін құрды. Әлеуетті эмитенттер үшін әкімшілік ауыртпалықты төмендетуден басқа, қарқынды және анағұрлым өтімді нарықты қамтамасыз ету үшін  REMS-тің шетелдік және өңірлік инвесторлар тарапынан қызығушылықтың артуына ықпал ететіндігіне біз сенімдіміз», – деп атап өтті AIX басқармасының төрағасы Тим Беннетт.

Сонымен қатар, АІХ Қағидаларына (AIX Business Rules) жалпы сипаттағы бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, өзгерістер бағалы қағаздар баламалы реттелетін биржада саудаланатын эмитенттер үшін реттеуді жеңілдетіп, сонымен қатар нарықтың барлық эмитенттері мен қатысушылары үшін екіұшты  түсінік қалдырмай, реттеудің анағұрлым нақты және  қолайлы тәсілдемесін  қамтамасыз етеді.

Қазақстан қор биржасында (KASE) 2017 жылдан бері арнайы «балама алаң» жұмыс істеп келеді, ол шағын және орта капиталды компаниялардың ұйымдастырылған нарыққа жеңіл шығуына мүмкіндік береді. 

Бұл ретте KASE мамандарының айтуынша, «балама алаңда» шағын және орта капиталды акционерлік қоғамдардың ұйымдастырылған нарыққа шығу үшін листинг талаптары жеңілдетіліп, алымдар төмендеген. Ал капиталдандыру бойынша еш талап қойылмайды. 
Одан бөлек, эмитеттер ұсынатын ақпарат көлемі де қысқарған. Мәселен «балама алаңға» шығатын компаниялардың жылдық есеп, корпоративті іс-шара күнтізбесін ұсынуы міндеттелмейді.

Биржа баспасөз қызметінің мәліметі бойынша,  қазіргі кезде «балама алаңда» 58 эмитенттің 73 қаржы құралы саудаланып жатыр. Капиталы орта және шағын компаниялар үшін KASE-де арнайы екі алаң іске қосылған: KASE Startup және KASE Private Market.

Біріншісі жобаның бастапқы кезеңінде қаржыландыруға мұқтаж жас компанияларға, ал екіншісі аяғынан нық тұрған ЖШС-ға арналған. 

KASE төрағасының орынбасары Ермек Мәжекенов AIX қолға алған шаралар  қор нарығына жаңа эмитенттерді тартуға ықпал етеді деген үмітте. 

«Қазақстандық компанияларға келер болсақ, кәсіпкерлердің көпшілігі қор нарығын қаржы тарту құралы ретінде қарастырмайды», – деп атап өтті спикер. 

Мажекеновтың пайымдауынша, қазақстандық кәсіпорындар қаржыландыру көзі ретінде негізінен банктен қарыз алады, бизнесті ашық жүргізу мен акцияларын жария орналастыруға дайын емес. 

«Бизнесті ұйымдастырылған қор нарығына шығару тек түрлі алаң құру ғана емес, сонымен қатар қаржылық сауатты арттыру, корпоративтік басқаруды дамыту, бизнесті ашық жүргізуге көшу есебінен кешенді түрде шешілуі тиіс»,- деп атап өтті KASE төрағасының орынбасары. 

Бұдан бөлек, мемлекеттік бизнесті қолдау бағдарламалары арқылы, сондай-ақ, қор нарығының мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру, жеке инвесторлар қатарын тұрақты түрде көбейту жұмыстарын жүргізу арқылы  компаниялардың биржаға шығуын ынталандыру қажет.

«KASE бірнеше жылдан бері өз тарапынан қазақстандық бизнес-қауымдастыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді, онда қор нарығына шығудың артықшылықтары туралы егжей-тегжей түсіндіріледі», – деп толықтырды Мәжекенов.

Сондай-ақ оқыңыз