Қазақстандық орта бизнес биржадан қаржы таба ала ма?

AIX Қазақстан мен Орта Азияның орта бизнесін қаржыландыруға бағытталған өңірлік акциялар нарығы сегментін іске қосты

Фото: Depositphotos/AlexelA

Astana International Exchange (AIX, Биржа)  пен AFSA еркін айналыстағы акцияларының нарықтық капиталдандырылуы 200 миллион АҚШ долларынан аспайтын REMS сегменті компаниялары үшін реттеуді жеңілдетті. Қабылданған өзгерістер REMS эмитенттеріне тарихи таза пайданы көрсетпей-ақ, бір жылдың қаржылық есептілігіне негізделген жеңілдетілген аңдатпа (проспект) дайындауға мүмкіндік береді. Жаңа сегменттің эмитенттері үшін бірінші жылдық есепті жариялау қосымша екі айға ұзартылды. REMS компаниялары үшін еркін айналыстағы акциялардың барынша аз үлесі 15%-ға дейін төмендетілген.

«AIX Қазақстан мен Орта Азиядағы капитал нарығын ынталандыру үшін шағын және орта бизнестің маңыздылығын баяғыдан мойындаған. Қазақстандық және өңірлік кәсіпорындардың капитал тартуы үшін экожүйені қолдауға AIX осы компаниялар мен олардың инвесторларының ерекшелігін  жақсырақ ескеретін Өңірлік акциялар нарығының арнайы сегментін құрды. Әлеуетті эмитенттер үшін әкімшілік ауыртпалықты төмендетуден басқа, қарқынды және анағұрлым өтімді нарықты қамтамасыз ету үшін  REMS-тің шетелдік және өңірлік инвесторлар тарапынан қызығушылықтың артуына ықпал ететіндігіне біз сенімдіміз», – деп атап өтті AIX басқармасының төрағасы Тим Беннетт.

Сонымен қатар, АІХ Қағидаларына (AIX Business Rules) жалпы сипаттағы бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, өзгерістер бағалы қағаздар баламалы реттелетін биржада саудаланатын эмитенттер үшін реттеуді жеңілдетіп, сонымен қатар нарықтың барлық эмитенттері мен қатысушылары үшін екіұшты  түсінік қалдырмай, реттеудің анағұрлым нақты және  қолайлы тәсілдемесін  қамтамасыз етеді.

Қазақстан қор биржасында (KASE) 2017 жылдан бері арнайы «балама алаң» жұмыс істеп келеді, ол шағын және орта капиталды компаниялардың ұйымдастырылған нарыққа жеңіл шығуына мүмкіндік береді. 

Бұл ретте KASE мамандарының айтуынша, «балама алаңда» шағын және орта капиталды акционерлік қоғамдардың ұйымдастырылған нарыққа шығу үшін листинг талаптары жеңілдетіліп, алымдар төмендеген. Ал капиталдандыру бойынша еш талап қойылмайды. 
Одан бөлек, эмитеттер ұсынатын ақпарат көлемі де қысқарған. Мәселен «балама алаңға» шығатын компаниялардың жылдық есеп, корпоративті іс-шара күнтізбесін ұсынуы міндеттелмейді.

Биржа баспасөз қызметінің мәліметі бойынша,  қазіргі кезде «балама алаңда» 58 эмитенттің 73 қаржы құралы саудаланып жатыр. Капиталы орта және шағын компаниялар үшін KASE-де арнайы екі алаң іске қосылған: KASE Startup және KASE Private Market.

Біріншісі жобаның бастапқы кезеңінде қаржыландыруға мұқтаж жас компанияларға, ал екіншісі аяғынан нық тұрған ЖШС-ға арналған. 

KASE төрағасының орынбасары Ермек Мәжекенов AIX қолға алған шаралар  қор нарығына жаңа эмитенттерді тартуға ықпал етеді деген үмітте. 

"Қазақстандық компанияларға келер болсақ, кәсіпкерлердің көпшілігі қор нарығын қаржы тарту құралы ретінде қарастырмайды", – деп атап өтті спикер. 

Мажекеновтың пайымдауынша, қазақстандық кәсіпорындар қаржыландыру көзі ретінде негізінен банктен қарыз алады, бизнесті ашық жүргізу мен акцияларын жария орналастыруға дайын емес. 

«Бизнесті ұйымдастырылған қор нарығына шығару тек түрлі алаң құру ғана емес, сонымен қатар қаржылық сауатты арттыру, корпоративтік басқаруды дамыту, бизнесті ашық жүргізуге көшу есебінен кешенді түрде шешілуі тиіс»,- деп атап өтті KASE төрағасының орынбасары. 

Бұдан бөлек, мемлекеттік бизнесті қолдау бағдарламалары арқылы, сондай-ақ, қор нарығының мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру, жеке инвесторлар қатарын тұрақты түрде көбейту жұмыстарын жүргізу арқылы  компаниялардың биржаға шығуын ынталандыру қажет.

«KASE бірнеше жылдан бері өз тарапынан қазақстандық бизнес-қауымдастыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді, онда қор нарығына шығудың артықшылықтары туралы егжей-тегжей түсіндіріледі", – деп толықтырды Мәжекенов.

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

Алаяқтар мен заманауи технологиялар: өз қаржыңызды қалай қорғау керек?

Интернет-алаяқтар құратын түзақтар туралы

Коллаж: Вадим Квятковский

Соңғы жылдары Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрлері аяқ алып, күннен күнге жетіліп келеді. Өзінің қылмыстық арам ниетіне қол жеткізу үшін алаяқтар заманауи технологиялардың ең жаңа түрлерін қолданады. Егер 2018 жылы Бас прокуратураның деректері бойынша интернет арқылы  жасалған 516 қылмыс фактісі тіркелсе, 2019 жылы олардың саны 7 мыңнан асып түскен. Бұл жалпы алаяқтық фактілердің үштен бір бөлігін құрайды. Алаяқтың торынан зардап шеккендердің қатарын толтырмас үшін не істеу керегін Fingramota.kz айтып береді.  

Судың да сұрауы бар дегендей, өз ақшаңызды, төлем картаңыздың деректерін, ЭЦҚ-ні, жеке басыңызды куәландыратын құжаттарды және қаржы алаяқтары жеке басының пайдасына пайдалануы мүмкін өзге де конфиденциалды ақпаратты бөгде адамдарға сеніп бермес бұрын, оны естен шығармау қажет.  
Қазақстанда қаржылық айла-шарғылардың түрлері өте көп, олардың ең негізгі түрлерін, сондай-ақ сіз ақшаңызды қауіпсіз сақтап қалу үшін олардан қорғанудың қарапайым шараларын қарастырайық.  

Телефон шалу 

Желіде алаяқтардың қазақстандықтардың ұялы телефондарына қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлеріміз деп таныстырған оқиғалар көп кездеседі. Бұл ретте, олар банк терминологиясын жетік қолданып,  сауатты және сенімді түрде сөйлеседі. Мәселен, алаяқтар төлем картасы бойынша күдікті операциялар анықталғаны, және оларды «бұғаттау» үшін  жүйеге карта иесінің деректерін: ЖСН, картамен байланыстырылған телефон нөмірін, банк картасының нөмірін, ағымдағы немесе жинақ шотының нөмірін енгізу қажеттілігі туралы хабарлайды. Клиент деректемелерді көрсеткен кезде, олар   клиенттің нөміріне жіберілген SMS-хабардағы кодты айтып беруді немесе оны ақша аударымын оқшаулар үшін әдеттегідей режимде теруді сұрайды. Алаяқтар кодты алғаннан кейін, әдеттегідей, клиенттің интернет-банкингдегі телефон нөмірін ауыстырады және шоттан ақшаны алып алады. 
Мұндай жағдайда не істеуге болады? Ең дұрысы  – әңгімені аяқтап, ақпаратты анықтау үшін қызмет көрсететін банкке қоңырау соғу қажет. Алаяқтардың сіздің шотыңызға шабуыл жасау әрекеті туралы банкке өтініш жазғаныңыз жөн.

Банк қызметкерлерінің іс-қимылының регламенті бар, оған сәйкес банк қызметкерлері карта бойынша не алынған SMS бойынша деректерді талап ете отырып, клиентке бірінші болып қоңырау шалмайды. Осы мәселе бойынша кез-келген хабарласуға клиент қана бастамашы болады. 

Онлайндағы тұзақтар

Қаржылық алаяқтықтың түрлерінің біреуі  сауда-саттық жүргізетін интернет-алаңдармен байланысты, мұнда, әдетте, сатушы мен сатып алушының өзара қарым-қатынастарын ешкім бақыламайды. Мұнда алаяқтар «жасырын біреу» болып жиі жұмыс істейді. Олар клиентті тауар сатып алуға және алдын ала ақы төлеуге сендіреді, бірақ ол үшін, әрине, төлем картасының деректемелері және ақша аударымын жандандыру үшін клиенттің нөміріне жіберілген SMS-хабардан код қажет. Схема біріншіге ұқсас, оның салдары: жалған сатып алушылар шоттағы барлық ақшаны алып, өздері жоқ болып кетеді. Айтпақшы, сатушыны және тауарды тексеріп алмай, ешқашан алдын ала ақы төлемеңіз.

Интернет-алаяқтар аздаған секунд ішінде сіздің шотыңызды бос қалдыруы мүмкін, әсіресе, егер сіз фишингтік сайттың «қақпанына» түсіп қалсаңыз. Алаяқтықтың тағы да бір түрі, бұл алаяқтар төлем карталарының деректемелерін алу мақсатында танымал интернет-дүкеннің, банк сайтының не әлеуметтік желінің фишингтік сайт деп аталатын жалған түрін жасаған кезде. Және арасында сіздің поштаңыздың да мекенжайы болуы мүмкін қолданыстағы пошта мекенжайларының базасы арқылы сілтемелер таратады. 

Фишингтік сайттармен қалай күресу керек екенін білу үшін Интернет, оны пайдалану және ақпаратты қорғау әдістері туралы барынша білу қажет. Алдауға түсіп қалмау үшін мынадай бірнеше қағиданы біліңіз: өзіңіздің дербес деректеріңізді ешқайда көрсетпеңіз; сайттың ресімделуіне назар аударыңыз; мекенжай жолына сілтеменің дұрыстығын тексеріңіз; https қорғалған қосылуды пайдаланыңыз; күдікті хаттарды сүзгіден өткізіңіз; банк аккаунттарына кіру үшін wi-fi ашық кіру нүктелерін пайдаланбаңыз. Өзіңіздің конфиденциалды деректеріңізді: төлқұжат деректерін, аудару деректемелерін (әсіресе аударымның құпия кодын) ешкімге хабарламаңыз.

Қауіпсіздіктің қарапайым қағидалары

Егер алаяқта сіз туралы жеткілікті ақпарат болса, ол сіздің атыңыздан тауарлар мен қызметтерді сатып алады, жаңа шоттар аша алады, ақшаны аудара алады немесе кредиттер алуға өтінімдер бере алады.

сурет.jpg

Осындай жағдайлардың болмауы үшін, мынадай қарапайым қағидаларды сақтаңыз:
•    компьютеріңіздің және мобильдік құрылғыңыздың қауіпсіздік функцияларын пайдаланыңыз (вирусқа қарсы қорғаныш, күрделі құрамдық парольдер, оларды жүйелі түрде ауыстыру керек, жеке деректеріңізді компьютерде немесе мобильдік құрылғыда ашық түрде сақтамаңыз);
•    жеке және банктік деректерді Интернетте (форумдарда, әлеуметтік желілерде және т.с.с.) жарияламаңыз;
•    өзін қаржы ұйымының қызметкерімін деп таныстыратын таныс емес адамдар шалған қоңырауларға сенбеңіз, оларға дербес деректеріңізді, әсіресе PIN-кодты, CVV-кодты (картаның сырт жағындағы үш мәнді нөмір) жария етпеңіз; 
•    белгісіз немесе күдікті мекенжайлардан келген электрондық хатты ашпаңыз, электрондық пошта, әлеуметтік желілер немесе SMS бойынша күмәнді көздерден жіберілген сілтемелер бойынша жүрмеңіз;
•    егер сіз онлайн-сатып алуды жиі жасасаңыз, онда интернет-сатып алу үшін жеке карта алғаныңыз жөн;
•    онлайн сатып алудан бұрын, сіз отырған сайт шынымен интернет-дүкенге тиесілі екеніне және оның мекен-жайы http:// емес, https://- тен басталатындығына көз жеткізіңіз;
•    SMS-хабарлама сервисін төлем карталарыңызға қосыңыз;
•    төлем картаңыздағы 3D-Secure функциясын ешқашан өшірмеңіз;
•    PIN-кодтарды карточкалармен бірге сақтамаңыз және, әрине, оларды ешкімге жария етпеңіз. Өзіңіздің банк карталарыңызды үшінші тұлғаларға (тіпті туыстарыңызға), оның ішінде дәмханалар мен мейрамханаларда төлем жасау үшін бермеңіз.

Егер: 
•    өз шоттарыңызда ерекше белсенділік байқасаңыз;
•    шоттарыңызға қашықтан қол жеткізе алмасаңыз;
•    сіздің картаңыз қызмет көрсетуге қабылданбаса, шұғыл түрде өз банкіңізге хабарласыңыз,
Осы қарапайым, бірақ тиімді ережелерді сақтау сіздің қаражатыңызды әккі алаяқтардан қорғайды. Айтпақшы, бұл ережелер егде жастағы адамдар үшін ең маңызды. Олар ешқашан алаяқтардың қармағына түспеуі үшін олар туралы отбасыңызға және жақындарыңызға айтыңыз. Жеке мәліметтеріңізді сақтаңыздар, олардың жоғалғаны анықталған жағдайда – шоттарды, оларға тіркелген телефон нөмірлерін дереу бұғаттаңыз және құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.

Қаржы пирамидалары

Азаматтардан ақша алудың ең танымал және кең таралған тәсілі - бұл қаржы пирамидасы. 
Қаржы, немесе басқаша айтқанда, инвестициялық - пирамида - бұл табыс алу моделі, мұнда ақшалай қаражатты жаңадан тартылған қатысушылардан (төменгіден) жоғары тұрғандарға – пирамиданың «жоғары басына»  деп аталатындарға қайта бөлу жүргізіледі. 

сурет 2.png

 Қаржы пирамидасының қарапайым схемасы: ұйымдастырушы алғашқы қатысушыларға өз қаражатынан үлкен кіріс төлейді, бұл ретте алғашқы қатысушылар аз ғана жарна жасайды. Біраз уақыт бойы пирамиданы ұйымдастырушы қатысушылар саны мен беделін арттырады. Сыйақы жаңа мүшелердің қаражаты есебінен төленеді. Қатысушылардың белгілі бір саны мен көп мөлшерде ақша сомасы жиналған кезде, ұйымдастырушы барлық қатысушылардың ақшасымен жоғалып кетеді. Мұндай схемасы бар пирамидалар көбінесе инвестициялық немесе қайырымдылық қорлары ретінде өздерін көрсетеді.

Қаржы пирамидасының белгілері қандай? Олардың негізгілеріне тоқтала кетейік:
1)    сізден кіру жарнасын жасауды, жаңа клиенттерді тартуды сұраса және т.б.;
2)    жоғары сыйақы, басқа қатысушылар салымдарынан жаңа қатысушыларға ақшалай қаражат төлеу туралы уәде;
3)    ақшалай қаражатты тарту қызметін жүзеге асыруға қаржы реттеушінің лицензиясының болмауы;
4)    ұйым нарық деңгейіне қарағанда бірнеше есе жоғары кіріс алуға болатындығын көпшілікке уәде беретін озбырлық жарнама;
5) ұйымның нақты қызметі анықталмаған немесе кейбір қызмет түрлеріне (инвестициялық компания, желілік маркетинг, тұтынушылық кооператив және т.б.) жасырылған.

Егер сіз өзіңіздің ақшаңызды сеніп тапсырғыңыз келетін ұйымда аталған белгілердің  бірнешеуі болса, онда олар сізді қаржы пирамидасына тарту әрекетін жасап жатыр ма, жоқ па, соны ойластырған жөн.

Көріп отырғаныңыздай, онлайнда да, офлайнда да айла-шарғының түрлері жетеді.  Олардың торына  жас ерекшелігі мен  материалдық жағдайы әртүрлі адамдар түсіп жатады.  Әрине, кредит төлеуге қиналған қарыз алушы заңды делдал фирмада жұмыс істейміз деп сендірген және азғантай төлем үшін кредитті есептен шығару туралы банкпен «келіссөз жүргізу» қызметін ұсынатын алаяқтарға сенім артуға дайын болады. Кейбір қазақстандықтар алаяқтардың оларды «кредиттік  құлдықтан» құтқарамыз немесе кредит тарихын «болмышы» сомаға «қайта жазамыз» деген уәделеріне сенеді, оларға ақшадан басқа, жеке басын куәландыратын құжаттарының деректерін, ЭЦҚ-ні және басқа да құнды мәліметтерді береді. Бұл ақпарат алаяқтарға картадағы ақшаны шешіп алуына немесе біреудің кредитін сіздің мойныңызға «ілуге» жеткілікті.

 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg