Жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасы бойынша қаржының басым бөлігін Ресей банктерінің еншілес ұйымдары алған

ҚДБ алтыншы транш аясында бөлген 20 млрд қаржының үштен бір бөлігі солардың еншісінде

Фото: Depositphotos/keleny

«Қазақстанның Даму Банкі»  жеңілдікпен автокредит беру бағдарламасын қаржыландыру мақсатында банктерге 20 млрд теңге кезекті транш жіберген. 

Қазақстанның даму банкі өз кезегінде бұл қаржыны облигацияларын шығару арқылы Ұлттық банктің еншілес ұйымы – Қазақстан тұрақтылық қорынан қарызға алған. Ал екінші деңгейлі банктер осы қаржыны халыққа 4 пайыз мөлшерлемемен автонесие ретінде беруі тиіс. Бұл бағдарлама бойынша алынатын көлік құны 15 миллион теңгеден аспауы керек. Несие 7 жылға беріледі. 

Бағдарлама бастау алған 2015 жылдан бері бұл – алтыншы транш. 6 жыл ішінде мемлекет тарапынан екінші деңгейлі банктерге 82 млрд теңге бөлінген.

«Атап айтқанда, 2015-2016 жылдары Ұлттық қордан жалпы сомасы 26 млрд теңге болатын екі транш, 2018-2019 жылдары Республикалық бюджеттен жалпы сомасы 16 млрд теңгеге екі транш, 2019-2020 жылдары ҚДБ облигацияларды шығару арқылы «Қазақстан тұрақтылық қоры» АҚ-дан 40 млрд теңгеге қарыз алуды жүзеге асырды, – делінген хабарламада. 

20 жылға есептелген бағдарлама бойынша кредит беру револьверлік сипатқа ие: берілген несиені өтеуден түсетін төлемдер жаңа қарыз беруге бағытталады. 

«Осындай қайта игерудің арқасында қазақстандықтар жеңілдікті шартымен жалпы сомасы 98 219 млн теңгеге 20 629 отандық автокөлік сатып алды»,-деп нақтылайды Қазақстан даму банкі.

Бағдарлама бойынша сатып алынатын көліктердің орташа құны 4,7 млн теңгеден аспайды. 

Жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасына қазақстандық екі автоөндіруші –  «СарыарқаАвтоПром» ЖШС және «Азия Авто» АҚ қатысып жатыр.  Автонесие алушыларға осы кәсіпорындар шығарған автомобильдер, «JAC», «Chevrolet», «Ravon», «УАЗ», «Hyundai», «Kia», «Skoda», «LADA» сияқты брендтердің 42 моделі ұсынылған.

Алтыншы транш аясында бөлінген 20 млрд теңгенің 13 млрд теңгесі Ресей банктерінің еншілес ұйымдары – «Сбербанк» АҚ  (8 млрд теңге) мен «Банк ВТБ» (Қазақстан) АҚ-на (5 млрд теңге) жіберілген. Ал «ForteBank» АҚ – 5 млрд теңге, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ  2 млрд теңге алған.

ҚДБ сайтында жариялаған мәліметтерге сүйенсек,  бағдарлама бойынша ең жоғары лимитке Сбербанк ие, ол жеңілдетілген несие беру үшін 19,1 млрд теңге алған көрінеді. Ал екінші орында Қазақстан Халық банкі тұр – 14,1 млрд теңге, үшінші орында Еуразиялық банк – 11,1 млрд теңге, одан әрі ЦентрКредит Банкіне – 7,7 млрд теңге, ВТБ-ға – 6,5 млрд, ForteBankке – 1,64 млрд, АТФБанкке – 1,6 млрд теңге бөлінген. 

Осы орайда атын атағысы келмеген қазақстандық банктің топ-менеджері «Курсивке» берген пікірінде: «Ұлттық бағдарламалар шетелдік банктер арқылы қаржыландырылатыны қызық: яғни біз Ресейден автобөлшек сатып алу үшін ресейлік банктерге субсидия бөліп отырмыз»,- дейді.

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ)  – Қазақстан экономикасының шикізаттық емес және инфрақұрылымдық секторларын жаңғырту мен дамыту жөніндегі ұлттық даму институты. 2001 жылы құрылған. Қызметінің негізгі бағыттары: өндірістік инфрақұрылымды және өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, ел экономикасына сыртқы және ішкі инвестицияларды тарту және жәрдемдесу. ҚДБ үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының (ҮИИДМБ) ірі инвестициялық операторларының бірі болып табылады. ҚДБ «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрылымына кіреді.

banner_wsj.gif

Несие төлеуді кейінге шегеру несие тарихына кері әсер ете ме?

Қазірге дейін 2 миллионға жуық адам төлемдерін кейінге шегерген

Фото:Shutterstock

Қазір көптеген қазақстандықтар коронавирус пандемиясына байланысты уақытша табысынан айырылып жатыр. Соған байланысты біразы ай сайынғы несиелерін де төлеп жатқан жоқ. Бірқатары үкіметтің несие төлемін кейінге шегеру туралы мүмкіндігін пайдаланған.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 15 маусымда бизнеске несие төлемін кейінге шегеру бойынша арнайы тәртібін жария еткен болатын. Ол ереже бойынша жеке адамдар да, заңды тұлғалар да екінші деңгейлі банктердегі қарызын кештетіп өтей алады. Төлемді тоқтата тұру 90 күнтізбелік күнге шегеріледі. Шенеуніктердің айтуынша, пандемияға байланысты үкіметтен әлеуметтік төлем алып, несие төлемін шегеріп жатқан азаматтардың келешектегі несие тарихы үшін алаңдауына негіз жоқ.

«Қаржы нарығын қадағалау агенттігінің нормативтік актісі бойынша 42 500 теңге әлеуметтік жәрдемақы алу және несие төлемін кейінге шегеру – несие тарихының әлсіреуіне әкеліп соқпайды. Егер банк дәл осы себеппен бас тартатын болса онда клиент құзіретті органдарға шағымдана алады»,- дейді ұлттық экономика вице-министрі Берік Шолпанқұлов.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 42 500 теңге әлеуметтік жәрдемақысын 3 ай ішінде 3 миллионнан астам қазақстандық алған. Ол үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 370 миллиард теңге бөлінген.

16 наурыз бен 15 маусым аралығында несие төлемін кейінге шегеру мүмкіндігін 1 890 443 адам пайдаланған. Бұл барлық борышкерлердің 34 пайызы. Кейінге қалдырылған жалпы қарыз көлемі – 268 млрд теңге болған. Ал қарыздарын қайта құрылымдау бойынша 12 455 субъекті өтініш білдірген. Бұл барлық борышкерлердің 41,5 пайызы. Қайта құрылымдалған жалпы қарыз көлемі – 165 млрд теңге. Жеңілдік ТЖ кезінде зардап шеккен 12 сала мен 346 экономика саласын қамтыған.
Әрине, кредит беруші ұйым әр клиенттің қаржылық жағдайын, ТЖ-ның оның бизнесіне қалай әсер еткенін, қаржылық-шаруашылық ахуалын жеке қарастырады.

«Жағдай қиындаған болса қолдаудың екі түрі қарастырылады. Біріншісі, қаржылық ахуалы қалыпқа келгенше несие төлемін кейінге шегеру. Аталған шара бизнеске қарыз салмағын түсірмейді. Екіншісі, кәсіпкерлік субъектілерін қолдайтын мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген шарттармен қайта қаржыландыру қарастырылған. Мұндай мүмкіндікті шағын және орта бизнестің барлық өкілдері пайдалана алады. Оның ішінде бұрын да несие төлемін кейінге шегергендер бар» деген еді ҚНРДА басшысы Мәдина Әбілқасымова.

Еске салсақ, мемлекет басшысының тапсыруымен 1 қазанға дейін орта және шағын бизнесті тексеруге мораторий енгізіліп, табыс салығынан босатылды. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, ведомство бизнесті қолдауға бағытталған 43 шара әзірлеген.

«Ол бойынша кәсіпкерлік мәселелерін шешу, мемлекеттік сатып алу, ауылшаруашылығы техникалары лизингі және тауарларды экспортқа шығару мәселелері бар» деген еді вице-министр Мәди Тәкиев.

 

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер