Үйде кім бастық?

Бірден айтайық, бұл жерде әңгіме әйел мен ер туралы емес

Фото:pixabay.com

Ақша үшін айқай-шу жиі болмас үшін, бюджет басқарудың өзіңіз үшін оңтайлы әдісін ойластырған жөн. Отбасылық қаражатты қалай жұмсау керек? Жалпы алғанда үйдегі «ауа-райын» басқаратын бастық — сіз бе, ақша ма? Егер айлығыңыз шайлығыңызға жетпей жүрсе, бізден сізге — бірер кеңес.  

1.    Қаражатты реттейтін топ басшы сайлаңыз. Үйде бюджет қалай бөлінетін болса да, ортақ шығын деген болады. Яғни әркім табысының белгілі бір бөлігін соған беріп отырады. Мұндай жағдайда ол ақшаны біреу басқаруы қажет. Отбасылық бюджетке жауапты адам төлемдердің уақытылы жасалуын, қаражаттың бос шығындарға кетпеуін қадағалап отырады. Бұл міндетті отбасының жауапты әрі темірдей тәртіпті сүйетін мүшесіне жүктеген жөн.

2.    Жалақының кемі 10 пайызын жинаңыз. Жинаққа арналған есепшот ашып қойсаңыз тіпті жақсы. Әр ай сайын сонда ақша салып отыруға дағдыланыңыз. Айлықтан бөлек, сыйақы сынды жоспарда болмаған қаражатты тіпті түгелдей салып қойыңыз.  

3.    Мақсат қойған жөн. Жайдан-жай ақша жинаған қызық емес. Мақсат қойып, соған жетуге тырыссаңыз, әсері мол болады. Ол үшін алдымен қаржылық «көпшік» қажет. Яғни ақшадан қысыла қалсаңыз, тақыр жерге емес, жұмсақ жастыққа құлайтындай жағдай жасаңыз. Ең кемі үш айлыққа тең соманы жинап алған соң барып мақсатты жүзеге асыруға кірісесіз. Ол — қалауыңыздағы кез келген дүние болуы мүмкін. 

4.    Қаражаттың қайда кеткенін қадағалау қажет. Қойындәптерге түртіп алуды әдетке айналдырыңыз не смартфонға арнайы қосымша жүктеп алыңыз. Әр тиынның есебін жүргізсеңіз, көз алдыңызда анық картина шығады. Ірі шығынды жақсы білеміз. Ал болмашы сомаларға мән бере бермейміз. Автобус күтуге шыдам жетпей таксимен кеткен кез, тамақ істеуге ерініп, сырттан іше салған сәттер есіңізде жүрсін. Ондай сома сіздің ірі шығындарыңыздан асып кетуі әбден мүмкін.  

5.    «Қыздың жиған жүгіндей» жоспарыңыз болсын. Алдағы айда қанша қаражат қажет, қандай шығын күтіп тұр деген сияқты сауалдарға нақты жауап бере білген дұрыс.  

6.    Төлемді кейінге қалдырмаңыз. Қалтаңыз қанша жұқарып тұрса да, мойныңыздағы міндетті төлемдер — коммуналдық қызмет ақысы, ипотека не несиені уақытында төлеп отырыңыз. «Көтере алмаған қосып арқалайдының» күйін кешуден абай болыңыз. 

Кәсіпкер Нұрсұлтан Қазбек осы тақырыпта қызық һәм пайдалы кейстер бөлісті. Кәдеңізге жарасын деп сөзбе-сөз жеткізіп отырмыз. 

«Кіріс пен шығысты ажыратқан адам ғана ақшаны басқара алады. Егер
кірісі тек шығысына жететін болса, онда ақшаны басқару қиынға соғады. Қазір өмір сүру күн өткен сайын қымбаттап бара жатыр. Кіріс тұрақсыз, шығын— тұрақты. Карантин, кризис уақытында көптеген жұмыс орны уақытша есігін жапты, сәйкесінше жалақы мен табыс та тоқтады. Бірақ адам өмір сүргеннен кейін тұрақты шығыны (ішіп-жейтін азық-түлігі, тұрмыста тұрақты қолданатын қызметтері) өзгермейді. «Осы айда айлық түскен жоқ, сондықтан тамақ жемеймін» демейсіз. Болмаса «жалақы болмағасын жарық жақпай, су шығындамай отырамын» дей алмайсыз. Шығын тұрақты дегеніміз осы. Егер кіріс болмай әрі қарай жалғаса берсе, отбасында осы кезеңде дағдарыс пайда болады. Кризис, карантиннің бәрі уақытша. Тіршілік қайта қалпына келеді, адамдар жұмысына оралады, табыс табады. Дегенмен ақшасын басқармаса, осылай жалғасып кете береді. Қазақстанда орташа өмір сүру жасы, ҚТА академигі Т. Шармановтың есебі бойынша — 69 жас. 20 жасқа дейін адам сауат ашу кезеңінде болады. Ол уақытта ата-анасының қамқорлығында болған бала табыс таппайды. 20 жастан бастап, көпшілігі жұмысқа тұрады. Табыс таба бастайды. Осы кезде табысының көп бөлігіне «арманын» (зат, үй, көлік, телефон т.б) орындауға асығады. Бірақ осы ретте ескеру керек жайт: зейнетке шыққанша осы қарқынмен тұрақты табыс келе береді деп айта алмаймыз. Мысалы жұмысы сұранысқа ие болмаса, денсаулығы сыр берсе, экономикалық кризиске тап болса немесе осыған ұқсас жағдайларда 25-30 жасыңыздағы энергияңызбен тауып жүрген ақшаңды 40-45 жасыңызда таба алмайсыз. Өйткені күш
жетпейді. Биологиялық қартаю басталады. Көпшілігі осы энергиясы тасып тұрған сәтте табысын бірден көлік алуға, үй алуға жұмсап қояды да, өмірінің қалған жартысын оларды жаңартумен өтеді. Отбасылық бюджетті басқарудағы ең басты принцип — мақсатқа жету, армандарды орындау.

Мысалы біздің отбасындағы мақсат — әуелі қаржылық еркіндікке жетіп алу. Ол үшін «уақытша» армандардан бас тартуға тура келеді. Егер армандарды орындағымыз келсе, жинаған капиталымыздың 20%-нан аспауы керек немесе ол зат сатып алған жағдай табыс әкелуі керек. Келген жалпы кірістің 10%-ы — болашаққа, 10%-ы — қыдыруға. Мысалы 500 000 тг тапсақ, 50 000 теңгеден артық суммаға қыдырмаймыз. Енді қалған 80%-ды (400 000 тг) 100% деп алып, 45 %-ын тұрақты шығынға жібереміз. Қалған 55%-ы (220 000 тг) — компанияның табысы. Оның 20%-ын армандарға жұмсаймыз. Егер ол ақшаға ештеңе алмсақ, конвертке жинала береді. Қалған 80 %-ы (198 000 тг) — пайда.  Оны жинаймыз. Егер 5 ай жиналса, 198 000x5=990 000 тг болады. Ол ақшаға айына кемі 50 000-100 000 тг әкелетін бір қаржы көзін, яғни бизнес ашуға болады. Не үшін? Себебі ақша адам сияқты емес. Адам ауырып қалуы мүмкін, 24 сағат жұмыс істей алмайды. Көңіл-күйіне қарай істейді. Ал ақша ауырмайды, сылтау айтпайды. 

Мысалы мен уақытша армандарымнан бас тартып, қазіргі энергиямды
пайдаланып, кірісімді дұрыс басқарып, одан бірнеше табыс көзін көбірек ұйымдастырсам, маған бірнеше жерден табыс келіп тұрады. Осылай мен сол табыстан ең жақсы көлігімді, ең жақсы үйімді аламын. Өмірімнің жартысын кедейлікпен емес, байлықпен өткіземін. Егер өзімді құтқара алсам, отбасымды, айналамды, мемлекетімді, тіпті планетаны құтқара аламын. Миллиардер Ричард Бренсонда 400 кіріс көзі бар екен. Ол оған бір күнде жеткен жоқ. Бірінен соң бірін асықпай ашты. Кризис кезінде 200 бизнесі тоқтаса да, 200 табыс әкеле береді. Бір қызығы оның да біз секілді 24 сағат уақыты бар. Негізі әрбір қазақ қаржылық сауатты меңгеруі тиіс және өз өміріне өзі жауапкершілік алуы керек деп ойлаймын» деп ойын түйіндеді кәсіпкер.  
 

banner_wsj.gif

Коронавируспен күреске қанша қаржы бөлінді?

ДСМ мәліметі бойынша, бөлінген қаржының жалпы сомасы 114 млрд теңгені құрайды

Фото: Курсив

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елімізде коронавирусқа күреске бөлінген қаражат туралы айтып берді. Ведомство басшысының айтуынша, ауруға қарсы тұруға бөлінген қаржының жалпы сомасы 114 млрд 826 млн теңгені құраған.

«Бұл қаржының 40 млрд 58 миллионы Үкімет қорынан бөлінді. Жеке қорғаныш құралдарын сатып алуға  – 21 млрд 184 млн теңге, дәрі - дәрмек, медициналық бұйымдар сатып алуға – 2 млрд 30 млн теңге, зертханалық жабдықтар мен коронавирусты анықтауға арналған жүйелерді сатып алуға 2,5 млрд теңге қарастырылған», – деді министр  Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар, коронавирусты анықтауға қажетті реагенттерді әзірлеу және шығару қызметін сатып алуға –  100 млн теңге, ПТР әдісімен зертханалық зерттеулерге –13,7 млрд теңге, жедел медициналық көмек автомобильдерін жабдықтауға қажетті өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алуға 310 млн теңге кеткен.

Бұл ретте Алексей Цой Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға 131 млн теңге жұмсалғанын мәлімдеді.

"Республикалық бюджеттен 74 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде 19,5 млрд теңге – инфекциялық, карантиндік және провизорлық стационарлардағы медициналық қызметтерге, 40,4 млрд теңге –карантин шараларына тартылған қызметкерлерді ынталандыруға, 14,8 млрд. теңгесі – Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматы қалаларында жедел салынатын үш инфекциялық ауруха салуға жұмсалды",–  деп түйіндеді министр.

Айта кетейік, наурыз айында АҚШ үкіметі коронавирус инфекциясымен күрес әлеуетін күшейту үшін Қазақстанға $ 890 мың бөлуге дайын екендігі хабарланған. Бұл жөнінде олар Қазақстанда алғашқы вирус жұқтырғандар анықталғанға дейін мәлімдеген болатын. Кейінірек CDC агенттігі (АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы) осы мақсатқа 1,68 млн доллар бөлінгенін хабарлады.

Мамыр айында АҚШ коронавируспен күреске Қазақстанға қосымша 1,5 млн доллар бөлетінің мәлімдеп, нәтижесінде көмектің жалпы сомасы 3,11 млн долларға жетті.
 

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg