Төтенше жағдай кезінде банктер қазақстандықтарға қандай жеңілдік жасайды?

Жарияланды
Жұмысы тоқырап қалған кәсіпкерлердің несие төлеу кестесі қайта қарастырылуы мүмкін

Еліміздің банктері төтенше жағдай кезінде тұрғындарға қолдау көрсетуге әзір екенін білдірді. Бұл туралы Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының баспасөз қызметі хабарлайды. 

Қауымдастық таратқан мәліметке сүйенсек, банктер мынандай жеңілдік жасауы мүмкін.

1.    ТЖ кезінде туындаған шектеулердің салдарынан борышкер төлем уақытын кешіктіретін болса, осы  кезеңде оған айыппұл салынбайды, өсімақы (пеня) жүрмейді. Бұл үшін банк  бөлімшесіне барудың қажеті жоқ. 

2.    Қолданыстағы заңнамаға төтенше жағдайға қатысты өзгерістер енгізіліп, ол өз күшіне енген соң, ТЖ уақытында жеке тұлғалардың төлем мерзімі 90 күннен кешіктірілген кепілсіз тұтынушылық несиесі бойынша банктің пайыздық сыйақы есептелмейді. 

3.    Ал төтенше жағдайға байланысты кәсібі тоқырап, қаржылық жағдайы қиындап кеткен жеке кәсіпкерлер мен орта және шағын бизнес өкілдеріне несие төлемін 90 күнге кейінге шегеру және берешекті өтеу кестесін қайта қарау мүмкіндігі қарастырылады. Бұл мәселе әр кәсіпкердің жағдайына байланысты, жеке қарастырылады. 

Айта кетейік, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 16 наурыз –15 сәуір аралығында төтенше жағдай жариялау туралы жарлыққа қол  қойған болатын.

19 наурыздан еліміздің ірі мегаполистері – Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге жабылады. 
 

Сондай-ақ оқыңыз