42500 теңгені кім ала алады?

Жарияланды
Табысынан айырылып қалғандар egov порталы арқылы өзі өтініш бере алады

23 наурыз күні  төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында Президент  төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшерінде, яғни 42500 теңге жәрдемақы төлеуді тапсырған болатын. 

«Карантин енгізілген соң тек Алматының өзінде кәсіпорындардың қызметкерлер саны 266 мың адамға қысқарады. Дәл осындай жағдай жеке кәсіпте де байқалды. Олардың 80 пайызы өз қызметтерін тоқтатты. Осылайша, алдын ала есептеулерге сәйкес, төтенше жағдай шамамен 500 мың азаматтың қаржылық жағдайына кері әсерін тигізді. Сондықтан төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшерінде, 42500 теңге жәрдемақы төлеуді тапсырамын», – деген еді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар мемлекет басшысы төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияға жәрдемақы төлеудің тиімді және ашық тетігін әзірлеуді тағы тапсырған. Бұл ақша қиын кезде бар жыртықты жамамаса да, қалтаның түбі көрігенде талғажау етуге болар. Алайда осы ең төменгі айлық жалақы мөлшеріндегі қаржыны алудың жолын шенеуніктер әсте қиындатып жіберген-тұғын.

Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы 42,5 мың теңгені алудың шарттары біршама жеңілдеп, оны ала алатындардың тізімі кеңейгенін хабарлап отыр. Аталмыш қаржы міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетіндіктен, табысынан айырылып қалған азаматтардың соңғы 12 айда бір рет болсын осы қорға әлеуметтік аударым жасауы талап етіледі.

Соңғы өзгерістерге сәйкес, төлем алушылардың тізімі толықтырылған. Бұған дейін 42,5 мың теңгені алуға орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар (нотаристар), бірыңғай жиынтық төлемді  (ЕСП) төлеушілер өтініш бере алатын. Енді олардың қатарына карантин енгізілген қалалардағы ірі бизнестің қызметкерлері мен  азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс табатындар, өздері үшін салық агенттері міндетті зейнетақы жарналарын аударған жеке тұлғалар қосылған.

Екіншіден, басында табысынан айырылғанын растайтын құжат немесе ақысыз демалысқа кеткені жөніндегі бұйрықтың көшірмесі талап етілетін. Енді бұл талапты алып тастапты. Енді жұмыс беруші өз қызметкерлері үшін немесе  жеке кәсіпкерлер, бірыңғай жиынтық төлем төлейтіндер, келісім-шарт негізінде жұмыс істейтіндер egov порталы арқылы өтініш бере алады.

Сондай-ақ, қызметкер жұмыс берушіні күтпей-ақ өтінішті өзі бере алады. Өтініш «Электрондық үкімет» веб-порталында «Электрондық өтініш» сервисі арқылы, электронды форматта беріледі. Ол үшін электонды-цифрлы қолтаңба қажет. Карантин режимі енгізілуіне байланысты ЭЦП-ны да онлайн алуға болады.  

Үшіншіден, осы ақшаны алудың басты шарты – табысынан айырылған азамат соңғы 12 айда кемінде 1 рет әлеуметтік аударым жасауы тиіс. Бұған дейін әлеуметтік сақтандыру қорына кемі 3 ай ақша аударуы талап етіліп еді, оны 1 айға қысқартыпты. Сонымен қатар, әлеуметтік аударым немесе зейнетақы жарналарының бар-жоғын дәлелдеудің қажеті жоқ, оны  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ автоматты түрде тексереді.

Ең ақыры, өтінішті қарау және әлеуметтік төлемді тағайындау уақыты 7 жұмыс күнінен 3 күнге дейін қысқартылған. 

Сондай-ақ оқыңыз