Мемлекеттік қызмет сапалы ма? Көш басында қай министрлік, көш соңында кім?

Жарияланды
Қазақстанда 2014 жылдан бастап «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заң жұмыс істейді

Қоғамдық мониторинг нәтижелері бойынша халықтың мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қанағаттану деңгейі – 75,1 пайызды құрапты. Мұндай мәліметті мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұсынып отыр. Сауалнаманы Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының қолдауымен «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығы жүргізген. 

Қоғамдық мониторингтің мақсаты – қызметті алушылардың мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына, қолжетімділігіне және тәртібіне қанағаттану деңгейін айқындау. Сондай-ақ сауалнама аясында барлық мемлекеттік органдар мен «Азаматтарға арналған үкімет» көрсететін қызметтің сапасы мен қолжетімділігі туралы қызмет алушылардың ұсыныстары негізінде оларды көрсету кезіндегі проблемалық мәселелерді анықтау да негізгі міндет саналған. 

Зерттеу сандық (жаппай сауалнама) және сапалық («терең сұхбат», «жасырын сатып алушы», фокус-топтық сұхбат) тәсілдер арқылы жасалған. 

Зерттеу мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бағалаудың мына негізгі өлшемшарттары бойынша жүргізілген:

    Қолжетімділік (қызмет алу барысында ғимаратқа, қызмет алушының сервистеріне, ыңғайлылыққа және жайлылыққа қолжетімділігі);
    Ақпарат (қызметті алу тәртібі туралы толық ақпарат);
    Қызметкерлер (персоналдың және виртуалды кеңесшілердің жұмысы); 
    Рәсім, мерзімдер мен күту уақыты, шығындар және кері байланыс (шағымданудың қолданыстағы тәртібіне және нәтижелеріне). 

Сауалнама елдің барлық өңірлерін, оның ішінде 260-тан астам елді мекендермен өзге елдердің тұрғындарын қоса алғанда 9 мың респондентті қамтыған екен (жеке және заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, сарапшылар). 

Орталық мемлекеттік органдар арасында бірінші орында ұлттық экономика министрлігі, оның қызметтері ең жоғары баллмен бағаланды – 4,87 балл және қанағаттану деңгейі 88,1 пайыз. Екінші және үшінші орында қорғаныс министрлігі (4,86 немесе 88,7 пайыз) мен мемлекеттік қызмет істері агенттігі (4,86 немесе 85 пайыз). Рейтингтің аутсайдерлері қатарында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (4,59 балл немесе 72,1 пайыз), ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (4,53 немесе 72,6 пайыз), индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (4,49 немесе 70,6 пайыз) бар. 

Жергілікті атқарушы органдар арасында бірінші орынды Ақмола облысы (4,73 балла немесе 80,3 пайыз) алыпты. Екінші және үшінші орындарды Павлодар (4,71 немесе 78,4 пайыз) және Шығыс Қазақстан (4,68 немесе 77,2 пайыз) облыстары бөліскен. Ал рейтингте Шымкент (4,56 немесе 73,4 пайыз), Алматы (4,56 немесе 73,3 пайыз), Нұр-Сұлтан (4,56 немесе 72,7 пайыз) қалалары артта қалған. Мониторинг барысында қызмет алушылар – мемлекеттік органдар берілген шағымдарға дер уақытынды әрі нақты жауап қайтармайды, яғни, кері байланысты тым әлсіз деп бағалаған. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтерге қатысты қажетті ақпараттарды іздеудің қиындығын да атап өткен. Міне, осы мәселелерге жиі наразылық білдірген. 

Сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жекелеген процестерін автоматтандыру, ақпараттық жүйелерді «электрондық үкімет» порталымен интеграциялау бойынша ұсыныстар келіп түскен. Азаматтардың шағымдарының көпшілігі 1414 Бірыңғай байланыс орталығының (ББО) қызметіне қатысты туындаған. Яғни, қоңырау шалу мүмкіндігінің жоқтығы, консультациялардың төмен сапасы, ББО қызметкерлерінің біліксіздігін айтқан. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қоғамдық мониторингтің нәтижелері мемлекеттік органдарға жолданған. Осының негізінде ұсынымдарды орындау бойынша шаралар қабылданбақ. Өз кезегінде қоғамдық мониторинг ұсынымдарын орындауды мемлекеттік қызмет істері агенттігі тұрақты бақылауда ұстайды. Еске салайық, Қазақстанда 2014 жылдан бастап «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізіліп келеді.

Қызмет көрсету сапасы бойынша министрліктерге берілген орташа балл (2020 жыл): 

1. Ұлттық экономика министрлігі – 4,87
2. Қорғаныс министрлігі – 4,86
3. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі – 4,81
4. Қаржы министрлігі – 4,81
5. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі – 4,80
6. Денсаулық сақтау министрлігі – 4,80
7. Мәдениет және спорт министрлігі – 4,76
8. Сауда және интеграция министрлігі – 4,75
9. Білім және ғылым министрлігі – 4,71
10. Ішкі істер министрлігі – 4,71
11. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі – 4,69
12. Ауыл шаруашылығы министрлігі – 4,69
13. Энергетика министрлігі – 4,67
14. Әділет министрлігі – 4,59
15. Цифрлық даму, инновация және 
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі – 4,59
16. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі – 4,53
17. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі – 4,49.
 

Ведомстволар жұмысын олардың электронды үкімет порталындағы белсенділігінен де байқауға болатын сияқты. 

Ішкі істер министрлігі «ІІМ әуежайлар мен темір жол вокзалдарында жолаушылардың ковид-мәртебесін тексеруді күшейтті» деген тақырыппен соңғы жазбаны 26 шілдеде салған және ұдайы тиісті ақпараттарды бөлісіп отырады. Сайтты белсенді жүргізу бойынша: 

    Денсаулық сақтау министрлігін; 
    Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігін; 
    Сыртқы істер министрлігін; 
    Ақпарат және қоғамдық даму министрлігін; 
    Қорғаныс министрлігін; 
    Білім және ғылым министрлігін; 
    Ауыл шаруашылығы министрлігін; 
    Сауда және интеграция министрлігін; 
    Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін; 
    Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігін; 
    Әділет министрлігін; 
    Төтенше жағдайлар министрлігін айта аламыз. 

Ал мәдениет және спорт министрлігі сайтты жүргізу бойынша үнемі белсенді жұмыс атқаратын ведомство қатарына жатпайды. Дегенмен олимпиада ойындарына байланысты сайтта жаңалықтар қатары жиілегенін байқаймыз. 

Ал мына ведомстволар: 

    Ұлттық экономика министрлігі; 
    Қаржы министрлігі; 
    Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі; 
    Энергетика министрлігі

өзгелермен салыстырғанда жаңалық пен қажетті ақпаратты жиі жарияламайды.  
 

Сондай-ақ оқыңыз