Гүлшара Әбдіхалықова әйел-әкім болудың артықшылығын айтты

Жарияланды
Қызылорда облысы коронавирус екінші толқынына дайын

23 қараша күні Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз брифингін өткізген Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова жылды қорытындылап, облысқа қатысты өзекті мәселелерді баян етті. 

Сонымен қатар облыс басшылығына барған Қазақстандағы алғашқы әйел азамат ретінде бұл қызметтің әсері туралы да әңгімеледі. 

«Орынбасарларым – ер адамдар. Олардың барлығы тәжірибелі мамандар, өңірлерде, орталық мемлекеттік органдарда жұмыс істеген. Сондықтан бұл жерде кемшіліктерге қарағанда артықшылықтар көп. Бірақ биыл біз алты басқармада меритократия тәртібімен басшы ретінде әйелдерді тағайындадық. Сонымен қатар министрліктерге тікелей бағынатын бес департаментте әйелдер жұмыс істейтінін айта кеткенім жөн. Бұл жерде белгілі бір теңгерім бар. Барлық қиындықтарды бірге еңсереміз деп ойлаймын» деді Әбдіхалықова. 

Одан соң күн тәртібіндегі өзекті проблемаларға көшіп, облыстық коронавирус инфекциясына даярлығы жайлы айтты. Оның айтуынша, қазіргі таңда халыққа бірінші кезектегі қажетті дәрі-дәрімектің екі айлық қоры жасақталған. 

«Қажетілігіне қарай 21 инфекциялық стационарда 3200 төсек орнын дайындауға мүмкіндігіміз бар. Жақын күндері 200 төсек-орындық жаңа модульдік инфекциялық аурухананың құрылысы аяқталады. Облыстық көпбейінді ауруханасында оттегі станциясы іске қосылса, Қазалы ауданында тағы бір станция пайдаланылуға беріледі. Індетпен күресте өкпені жасанды желдету аппаратын 244-ке жеткіздік. 9 ПТР, 60 рентген аппараты, 682 оттегі концентраторы бар. Дәрі-дәрмек мәселесі шешілді. Екі айлық қоры дайындалды. Тұрақтандыру қоры арқылы дәрілік заттарды алуға 488 млн теңгеге қаржы қарастырылған» деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Сонымен қатар, емдеу мекемелерінде маман тапшылығын болдырмау мақсатында 3600 медицина қызметкерінен кадрлық резерв құрылыпты. 138 мобильді медициналық бригада үйде амбулаторлық қызмет көрсетеді. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын 24 мониторингтік топ бақылайды екен. 

Коронавирус дағдарысы қазіргі кезде бизнесті дамытудың, мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы диалогтың қаншалықты маңызды екенін тағы да көрсетті деді әкім брифинг кезінде. 

«Карантиндік шектеу кезеңінде шамамен 54 мың кәсіпкерге салық жеңілдіктері жасалып, 8,5 мыңнан астамы міндетті медициналық сақтандыру жарналарын төлеуден босатылды. Ондаған мыңы жарна, жалға алу, несие төлеу бойынша кейінге қалдырылды. Жергілікті билік қолдау көрсетіп жатыр. Пандемия салдарынан қызмет көрсету саласы – мейрамханалар, қонақ үй бизнесі және т.б. зардап шекті. Бізде мейрамхана бизнесінің 128 нысаны бар. Олардың көпшілігі өз қызметін тоқтатты. 10 мейрамхана өз профилін өндіріс саласына өзгертті. Шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамыту мақсатында облыстың 2023 жылға дейінгі экономикалық даму картасы әзірленді. Оның шеңберінде бизнеске 4,6 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін жалпы құны 271 млрд теңге болатын 265 жобаны іске асыру ұсынылды. Қазірдің өзінде 110 жоба жүзеге асырылуда» деді облыс әкімі. 

Әбдіхалықованың сөзінен ұққанымыз, көпбалалы аналарды бизнеске бейімдеу қарқын алған. Қазір олардың саны 25 мыңнан асып кеткен. 602 әйел бизнес гранттарына ие болыпты. 

«Бүгінде маңызды жобаны ерлер жейделерін тігумен айналысатын «Далатекс» ЖШС жүзеге асыруда. «Еңбек» бағдарламасы аясында қысқа мерзімді тігін шеберлігі курстарында 123 әйел оқиды. Біз оларға тігін машиналары мен басқа да жабдықтарды сатып алуға 555 мың теңгеден гранттар беруді жоспарлап отырмыз. ЖК ашып, «Далатекс» компаниясымен келісімшартқа қол қоя отырып, олар үйде жұмыс істей алады» деді өңір басшысы. 

Тек жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде биылғы жылы 277 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру көзделген. Бұл шамамен 9,5 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. 

Сондай-ақ жақын арада өңірде балық шаруашылығы да жаңа деңгейге көтерілмек. 2030 жылға дейін қабылданған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында осы салаға 28 млрд теңге қаражат құйылмақ. 

«Өңірде 55 тауарлы балық шаруашылығын, 10 тоған және 4 торлы ферманы іске қосу жоспарланған. Бұл тауарлық балық көлемін 34 есеге арттыруға мүмкіндік береді, ал балық өнімдерінің экспорты қазіргі 4,2 мың тоннадан 8,5 мың тоннаға дейін өседі. Сондай-ақ, ішкі нарық үшін өнім өндіретін кәсіпкерлік субъектілерінің саны артып келе жатыр. Макарон өнімдері, бұқтырылған қой еті, сиыр еті мен жылқы етінен консервілер өндірісі іске қосылды. Бұдан басқа, келесі жылы қуаты жылына 1 500 тонна ет өндіретін құс фабрикасын, испан технологиясы бойынша ас тұзын өндіретін үшінші цехты, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін зауытты іске қосу, 1 200 бас ірі қара мал өсіру кешенін және сүт өңдеу зауытын кеңейтуді аяқтау жоспарланып отыр» деді өз баяндамасында. 

Агросекторды белсенді дамытудың арқасында облыстың экспорттық географиясы да кеңейе түспек. 

«Алғаш рет Ресейге мұздатылған көкөністер мен жаңа піскен қызанақтарды жеткізу басталды, Германияға алғашқы 420 тонна қамыс жіберілді. Биыл әлемнің 17 еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 11 түрі экспортталды. Күріш өсірушілер тағы да жоғары нәтижелерге қолжеткізді. Олар гектарына 61,8 центнерден орташа өнімділікпен 550 мың тоннадан астам күріш жинады. Суармалы сумен байланысты проблемаларды ескере отырып, күріш алқаптарын өндірістің тиімділігі есебінен дамыта отырып, тұрақтандыру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, диқандар тұрақты табыс табуы үшін аз ылғал сыйымды дақылдардың егістері кеңейтетін болады» дейді әкім. 

Сонымен қатар суармалы сумен байланысты проблемалық мәселелерді азайту үшін 2,3 млрд. текше метр қысқы тасқын су көлемінде 6 су қоймасын салуды және тұрақты сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу жоспарланған. Қызылорда су торабын, Әйтек су торабын қайта жаңарту, Жиделі су қоймасын жөндеу, Жалағаш ауданындағы ирригациялық дренаж жүйесін жетілдіру де басты назарда тұр. 
 

Сондай-ақ оқыңыз